Жарқайың ауданына қарасты Гастелло ауылының тұрғыны, тыл ардагері Қадиша Бимағамбетова 100 жасқа толды.
Қадиша Бимагамбетова 1925 жылы 27 мамырда Украина жерінде дүниеге келген. 1930 жылғы ашаршылықта анасы оны туған-туыстарына апарып, кейін әкесіне қайтарады. 1937 жылы елде саяси қуғын-сүргін басталып, атасының бауырларын және өгей шешесін, кейін анасын қамауға алады. Сөйтіп, Қадиша әжесімен ғана қалады. 1941 жылы Еділ бойындағы немістермен бірге Қадиша мен әжесі Қазақстанға жер аударылды. Аш-жалаңаш, бір ай бойы жүк вагонында жол жүріп, Ақмола облысына жетеді. Осылайша Қадиша Бимағамбетова қазіргі Есіл ауданына қарасты Сурган ауылы маңындағы «Смычка» колхозына қоныстандырылады. Аштық пен жоқшылықта күн кешіп, жалғыз тұрады, күніне екі рет қана тамақ ішіп, қорегі су болған. Басына түскен осы жағдаймен қазақ тілін тез үйреніп, қой-ешкі бағып, жүн иіріп, қолдан келген барлық шаруаны атқарған.
«Сізді 100 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз тылда аянбай еңбек еткен ұлы буынның өкілісіз. Сіздің өмір жолыңыз ерлік пен төзімділіктің, аналық махаббаттың үлгісі. Еңбегіңізбен, мейіріміңізбен ауыл өмірінде өшпес із қалдырдыңыз», – деп атап өтті аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков өзінің мерейтой иесіне құттықтауында.
1955 жылы Қадиша Бимағамбетова қазақ азаматына тұрмысқа шығып, Жарқайың ауданының Гастелло ауылына көшіп келеді. Жолдасы шаруашылықта еңбек етсе, Қадиша апа оған қолғабысын тигізіп, үй шаруасымен айналысты, бала тәрбиеледі. 1976 жылы жары өмірден өтіп, бар ауыртпалық Қадиша апаның иығына түсті.
Қадиша Бимағамбетова бес баланың анасы, 13 немере мен 28 шөберенің аяулы әжесі. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемесе де, өз жанұясы, елі үшін жасаған еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, тоқыма тоқуға құмар болған. Қолынан шыққан әр бұйымнан мейірім мен жылылық сезіледі.
–Анамыз бір ғасыр өмір сүрді және осы жылдарды үлкен абыроймен өткізді. Бүгін біз бір-бір азамат болсақ, соның бәрі анамыздың тәрбиесінің арқасы. Біз одан сабырлылық пен еңбекқорлықты үйрендік. Анамызды мақтан етеміз, әр күніне алғысымыз шексіз, – дейді қызы Орынтай Байгенжина.
Бүгінде ол жақындарының қамқорлығын сезініп, бақытты өмір кешуде. Әрі осы асқан болмыс-бітімімен ауылдастарының жүрегінде төзімділік пен еңбекқорлықтың, кісілік пен мейірімділіктің үлгісі болып қала береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.