Әдеби кеш
Қазақ қаламгерлері арасында ересектер мен балалар әдебиетін қатар алып жүрген дарындар баршылық. Солардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтың қаламынан туған тұмса туындылар Көкше өңіріне кеңінен таныс.
Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында өткен жазушының «Бала тілін тапқан қаламгер» атты кешіне арнайы барып қатысып қайттық. Оқырман қауымға айшықты жырларымен, өзіндік қолтаңбасымен етене жақын белгілі қаламгер Серік Жетпісқалиев биыл мерейлі 65 жасқа толып отыр. Біз білетін «Бейуақ естілген ән», «Таразы тағдыр», «Көкшетау кестелері» сияқты жыр жинақтарымен қатар, «Жабал шешен», «Жетпісқалиевтың жетпіс жеті әңгімесі», «Жанат Қасым жайлы сөз», «Көкшелік қаламгерлер құпиялары», «Сейтен тағылымы», «Балық аулай барғанда» сияқты прозалық кітаптары бүгінде қазақ әдебиетінің қоржынын қомпайта түсуде десек, артық айтпаспыз.
–Серік қазақтың нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіті. Оның шығармашылық өрісін бір саламен тұйықтай алмаймыз. Серік – ақын. Серік – драматург. Серік әдебиет зерттеушісі, сыншы, публицист, эссеист, кәсіби журналист, – деді әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек осы кеште сөйлеген сөзінде. Бұл кеште ғалымның пәрменді пікірін қостап, жазушыға тілектестік білдіргендердің қатары аз болмады. Рухани-танымдық жиынға ақынның қаламдас-замандас серіктері, кітапхана басшылары мен студенттер қатысты.
Шара барысында ақынның өмір жолынан сыр шертетін бейнесюжет пен бейнеқұттықтаулар көрсетіліп, көпшілікке қаламгердің шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Алғашқы құттықтау сөзді «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов алып, жазушыны мерейтойымен құттықтап, партияның құттықтау хатын табыстады. Содан соң келесі сөз кезегі Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаеваға беріліп, қарындасы ағасына деген өзінің жүрекжарды тілегін арнап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың арнайы құттықтауын жеткізді. Жазушының қаламдас серігі, белгілі журналист әрі балалар ақыны Қайырбай Төреғожа да осы рухани кеште құттықтау сөз сөйлеп, жазушының мерейлі жасына, бүгінгі авторлық кешіне өзінің әріптестік, бауырлық ізгі тілегін білдірді.
–Біз бүгін алпыстың асқарынан асып, орта белін басып отырған сыйлас замандасымыз Серік бауырымыздың кешінде бас қосып отырмыз. Атырауда туып, киелі Көкшеде жете түскен Секеңнің шығармашылығының әр белесінің куәсі болып келе жатқанымызды мақтаныш етеміз. Өмір жолымызда, журналистік қызметке,балалар әдебиетін жандандыруға бірге үлес қосып келеміз, – дей келе, өзінің кітаптарының біріне енгізілген өзінің әріптесіне арнаған ертеректе жазылған өлеңін оқып берді.
Сонымен қатар, осы кеште Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов әдебиеттің проза, драма, поэзия жанырына көсіле қалам тербеп, Көкшенің руханияты мен баспасөз бен телевизия саласына өшпес із қалдырып келе жатқан Серік Жетпісқалиевтың шығармашылығына ғылыми пікірін білдіріп, жазушының мерейтойына құттықтау тілегін жеткізді. Содан соң кезек әнге беріліп, халық әндерінің зерттеушісі, Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов өзінің ақынмен рухани байланысын сөз ете келіп, кеш иесінің сөзіне жазылған бір әнін орындап берді.
Ұлттық кітап күніне орайластырып өткізілген бұл шараның жалғасы орталық саябақта жалғасып, ашық аспан астындағы кітап көрмесіне ұласты. Бұл күні Күн де шуағын ерекше төге түсіп, кітапханашылар мен оқырмандар арасын жалғайтын ғажайып мүмкіндік туды. Шараға студент жастар ат салысып, ақындар дүркіреп өлең оқыды. Көпшілік назарына түрлі жанрдағы сан алуан кітаптар ұсынылып, рухани құндылықты дәріптеуге бағытталған игі қадам жасалды. Кітапсүйер қауым «Достар» мәдениет сарайының өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалап, бір серпіліп тарқасты.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі,
Суреттерді түсірген, Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

