1921-1922 жылдардағы ашаршылық

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін және Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921–1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары – ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе, Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады.

Қазақстанның да көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. ОралОрынборҚостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап калды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді.

Ашаршылықтың аймақтарды қамтуы

Ашаршылық отырықшы аймақтарды да қамтыды. 1921 жылғы ақпан-наурыз айларында Қостанай губерниясындағы Исаев-Дедов аудандық кеңесі атқару комитетінің Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне жолдаған есебінде аудан тұрғындарының аш екендігі, сондай-ақ, жекелеген ауылдардың наразылық білдіріп жатқаны туралы айтылды.

1921 жылғы тамыздан бастап, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары (Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда) және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды.

Жұқпалы аурулардың таралуы

Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді. Жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі аралығында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды. 1922 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанды қысқан ашаршылық мүлде асқынып кетті. Каз ОАК-нің Төрағасы С.Меңдешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде Каз ОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстан бойынша аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған.

Қазақ Республикасында 1922 жылдың наурыз және сәуір айларындағы дерек бойынша, Семей губерниясының тұрғындарын қоспағанда, алты губерния тұрғындарының 68,2 пайызы ашықты. Кейбір губернияларда ашыққандар саны орта көрсеткіштен де асып кетті. Мәселен, Орал губерниясында тұрғындардың 99 пайызы, Орынбор губерниясында 80,3 пайызы, Қостанай губерниясында 74,5 пайызы аштық құрсауында қалды. Бөкей губерниясында осы көрсеткіш 29,5 пайызды, Ақмола губерниясында 40,2 пайызды құрады.

Аштық пен құрғақшылықтан зардап шеккен губернияларда мал саны күрт азайды. Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап өз еріктерімен оңтүстікте Түркістан Республикасына, шығыста  Ақмола және Семей губернияларына қарай босты. Еділ бойының тұрғындары Орынбор және Түркістан губернияларына қарай ығысты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді.

Көршілес республикалардан босып келген аш адамдардың толассыз ағыны астығы жақсы деп есептелетін Ақмола және Семей губернияларының да ашыққан халық санын көбейте түсті. 1922 жылдың наурызында-ақ ашыққандар саны 472 мың адамды құрады, ал бұл губернияның 1921 жылғы барлық тұрғындарының жалпы санынан сәл ғана кем еді. Республиканың ашаршылық өршіген аймақтарының халқы азық-түлік қорындағы болмашы астықты талау әрекетіне кірісті.

1922 жылғы 19-27 ақпанда Орынборда өткен екінші жалпы қазақстандық өңірлік партия конференциясында Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің «Қазақ АКСР-індегі ашаршылық және онымен күрес» деген тақырыпта баяндамасы тыңдалды. Конференция көрсеткеніндей, ашаршылық Семей және Ақмола губернияларын қоспағанда, республиканың барлық аймақтарын қамтыды. «Ашаршылықтың алапат болғаны соншалық, жүрек жалғайтын түк таппаған аш-арықтар өлгендер мәйітін де талғажу етті. …Бүкіл елге тараған зұлмат аштық Қазақ АКСР-інің шаруашылық-экономикалық өмірін дамытуда басты кедергі болды, ол кеңестік құрылыс іргетасын шайқап қана қойған жоқ, сонымен бірге, халықтың басым көпшілігін қайыршылыққа ұшыратты» деп жазылды конференция қарарында. Құжатта ашаршылықпен және оның салдарымен күресуге бағытталған бірқатар нақты шаралар белгіленді. Конференция ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссияның жұмысына партияның белсенді қызметкерлерін тарту қажеттігін атап көрсетті. Конференция делегаттары РКФСР көлік қызметкерлеріне арнап ашаршылықтан зардап шеккен аймақтарға тамақ өнімдері мен астықты үздіксіз жеткізу туралы үндеу қабылдады. «Дала өлкесіндегі қазақ халқына көмек көрсетуге назар аударылсын, – деп айтылды қарарда, – сол үшін аппарат қызметін қайта құру қажет».

Республиканың губерниялық және уездік атқару комитеттерінің жандарынан ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комиссия құрылды.

Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елге жіберілді, 1921 жылдың көктемінде әр селолық Кеңестің жанынан көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін арнаулы комиссиялар құрылды, олар мүмкіндігінше қажетті астықпен қамтамасыз етілді. Аштық жайлаған Торғай уезінің тұрғындарына губерниялық азық-түлік комитеті көмек ретінде 50 000 пұт астық және көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тұқым қорынан 500 пұт астық бөлді.

Ашаршылық 1921 жылы Қостанай уезінің барлық аудандарына дерлік тарады. Көптеген болыстар тұрғындарының 75 пайызына жуығы аштықтан зардап шекті. Болыстық, селолық және ауылдық Кеңестер ашаршылық пен бала өлімін тексеру үшін аянбай күресті.

Жылдың екінші жартысында уездің ауылдары мен селоларында 10 балалар үйі ашылды, онда 1000-ға жуық ашыққан балалар орналастырылды. Балалар үйі азық-түлік салығы есебінен тамақпен қамтамасыз етілді, отындық ағаш дайындау шаруашылық қаражатымен жүзеге асырылды. Осыған қоса, барлық болыс орталықтарында ашыққандарды тегін тамақтандыратын асханалар жұмыс істеді 1921 жылы осындай шаралар Қазақстанның басқа аймақтарында да жүргізілді.

Республика бойынша ашыққандарға көмек көрсету үшін барлығы 7 губерниялық, губерниялыққа теңестірілген 1 уездік (Адай губерниясы), 46 уездік және аудандық, 1127 болыстық, ауылдық және селолық комиссиялар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, 556 жергілікті өзара көмек комитеттері құрылды. Барлық комиссиялардың қызметін Қазақстан ОАК-і жанынан ұйымдастырылған, ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия үйлестіріп отырды.

Комиссияларға ашаршылықпен күресуші губерниялық, уездік, болыстық, ауылдық және селолық төтенше органдардың әкімшілік тетіктерін кедергісіз пайдалану өкілеттігі берілді. Олардың кез келген мекен-жайына жөнелтілетін жүктерді комиссиялар бақылап отырды. 1920 жылдың 1 тамызынан бастап ашыққан губерниялардың атқарушы комитеттеріне аштықпен күресті күшейту үшін арнаулы салық жинау, ауқатты адамдар тарапынан ашыққандарға көмек ұйымдастыру, өз қаражаттары есебінен губерния аумағынан тыс жерлерде азық-түлік дайындау құқығы берілді. Комиссиялар жұмысының арқасында 1921 жылдың күзінен бастап көптеген аштыққа ұрынған елді мекендерде тегін тамақтандыратын асханалар ашылды, қараусыз балаларға арналып, балалар үйлері ұйымдастырылды. Мысалы, Қостанай уезінің болыстарында 1921 жылы алты балалар үйі жұмыс істеді, мыңнан астам бала жатын жаймен және тамақпен қамтамасыз етілді. Бөкей губерниясында 15 мың аш адамдар мардымсыз болса да, азық-түлік паегімен қамтамасыз етілді.

1922 жылдан бастап аштық Бөкей губерниясында, әсіресе, Тарғын, Талов және Жаңа қала аудандарында өрши түсті. Жергілікті өкімет органдарының аштықпен күрес жөніндегі қызметін және республика үкіметінің ашыққан аудандарға көмек көрсету мәселесін шешу үшін Жәнібекке Каз ОАК-нің төрағасы С.Меңдешов келді.

Аранын ашқан ашаршылықпен күрес

1922 жылы КазАКСР-інің партия ұйымдары мен кеңес органдарының барлық күш-жігері ашаршылықпен күреске бағытталды. Ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссия мен жергілікті кеңес органдары жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 1922 жылдың ортасына қарай 777 192 адамды тегін тамақтандыру мүмкіндігі туды.

Елдің орталық аудандарындағы ауыр жағдайларға қарамастан, РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақстандағы ашаршылық құрбандарына дәрі-дәрмек, азық-түлік, астық түрінде айтарлықтай көмек көрсетті.

1922 жылдың көктемгі тұқым себу жұмыстары қарсаңында Қазақстанның аудандары тегін көмек ретінде 907 501 пұт тұқымдық астық алды. Олардың тұқым сепкен алқабы 957 224 десятинаға жетті. Тұтас алғанда, барлық тұқымдық астық 1922 жылдың өзінде-ақ Қазақстанда себіліп болды.

Қаңғып қалған балаларға ерекше назар аударылды. Балалардың тұрмысы мен өмірін жақсарту жөніндегі комиссия Ашыққандарға көмек көрсететін республикалық Орталық комиссияның балалар арасындағы аштықпен күрес жөніндегі арнаулы бөлімі болып қайта құрылды. Республиканың аштық жайлаған барлық губернияларында бөлімнің жергілікті органдары ұйымдастырылды. Осы ұйымдардың жұмысы нәтижесінде 1922 жылдың бірінші жартысында республиканың 5 губерниясында аш және қараусыз балаларды тамақпен және киіммен тегін қамтамасыз ететін 575 балалар үйі мен 9 станция пайда болды. Ресей Федерациясының жағдайы қанағаттанарлық деп есептелген кейбір губернияларына 18 496 қаңғып қалған балалар мен жетім балаларды тиеген 16 әскери-санитарлық поезд жөнелтілді.

Қазақстанның аштық жайлаған губернияларына Семей губерниясы айтарлықтай көмек көрсетіп, өз губерниясында дайындаған азық-түлікке қоса, республиканың және Еділ бойының ашыққан тұрғындары үшін көршілес Моңғолиядан 1922 жылы 77 000 қой және 5 000 ірі қара сатып алды.

Кейбір халықаралық ұйымдар (Қызыл Крест, балаларға көмек көрсету жөніндегі Халықаралық Одақ және басқалары) мен жекелеген белгілі тұлғалар да көмек көрсетті. Мәселен, Норвегияның әлемге танымал ғалымы және қоғам қайраткері Ф.Нансен КазОАК жанындағы Орталық балалар комиссиясына 4 052 жәшік консерві, 20 жәшік кептірілген нан, 30 пұт медикаменттері бар екі жылжымалы амбулатория берді.

Ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі РСФСР Орталық Комиссиясы 1923 жылы Қазақстандағы көктемгі eгic жұмыстарының қажетіне 215 мың пұт тұқымдық астық пен жұмыс көлігін сатып алу үшін 1 441 429 сом бөлді, мемлекеттік банк арқылы жекелеген аймақтарға 690 мың сом көлемінде тиімді жеңілдікпен несие берді. Тұтынушылардың Орталық одағы арнаулы қорынан Ақтөбе, Қостанай, Орынбор және Орал губернияларының кооперативтік ұйымдарына көмек ретінде 585 мың сом бөлінді.

Сондай-ақ, республиканың тек мал өсірумен шұғылданатын және ашаршылықтан зардап шеккен аудандарына да айтарлықтай көмек көрсетілді. Мысалы, Қызыл Крест тарапынан 11 дәрігерлік-тамақтандыру отряды ұйымдастырылып, жұмыс істеді, олар ашыққан көшпелі қазақ ауылдарына қызмет көрсетті.

1922 жылдың соңына қарай босқындар туған өлкелеріне орала бастады. Оларды қарсы алу мен орналастыру жұмыстары жергілікті кеңестерге жүктелді. Мұндай жұмыстың ауырлығы мен қиындығы ашаршылықпен күресу жөніндегі жұмыстан кем түскен жоқ. Босқындарды қарсы алатын, оларды ауылдарға, кенттерге, қалаларға және басқа елді мекендерге орналастыру жұмысын ұйымдастыратын арнаулы комиссиялар құрылды.

Сөйтіп, Қазақстан халқының басым бөлігін жалмаған 1921-1922 жылдардағы жаппай ашаршылық тарихта өзінің осындай ауыр зардаптарын қалдырып, қазақ ұлтының күні бүгінге дейін орны толмайтындай орасан зор әлеуметтік-экономикалық, демографиялық соққыға ұшырауымен елді есеңгіретіп кетті.

Интернет материалдарынан ықшамдалып дайындалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар