Жарқыра, жайна жағалау!

Көркейе бер, туған жер

Халықаралық балаларды қорғау күні Көкшетауда ақ түйенің қарны жарылған әдемі оқиға болды. Қала іргесіндегі Қопа көлінің жағалауы абаттандырылып, көпшіліктің демалуы мен серуендеуіне арналған «Жағалау» пайдалануға берілді.

Көл жағасының салтанатты ашылуына өңір басшысы Марат Ахметжанов пен «Қазцинк» акционерлік қоғамының бас директоры Жанат Жанботин, «BI-Holding» жауапкершілігі серіктестігі директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев және бірқатар қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Құрылыс жұмысы сегіз айға созылды. Нысан үш бөлікке бөлінген. Орталық серуен аймағында велосипед жолы, көлеңкелі орындар, демалыс алаңдары қарастырылған, шығыс бөлігінде памп-трек, спорт алаңдары салынса, батыс жақ жағалауда амфитеатр, сахна мен дәмхана бар. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазцинк» АҚ-ның қаржысы есебінде жүзеге асырылды. Жағалаудың жалпы ұзындығы 6,3 шақырымды құрайды.

– Президенттің бастамасына сәйкес, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Өңірімізде балалардың қарым-қабілетін шыңдай түсуге бағытталған көптеген игі бастамалар мен әртүрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған жағалау спорттық және балаларға арналған жаңа алаңдармен толығып отыр. Мұның барлығы мемлекетіміздің жас ұрпақтың өсіп жетілуіне және дамуына жіті назар аударатындығының айқын дәлелі, – деді Марат Ахметжанов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Өңір басшысы жобаны іске асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз атанған жас спортшылар мен өнерлі оқушыларға сый-сияпаттар тапсырды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бірқатар азаматтар да лайықты марапаттарға ие болды.

Көл жағасында жәрмеңке ұйымдастырылды. Тәжікстан мен Түркістан облысынан келген ауыл шаруашылығы ұжымдары 330 тоннадан астам өнім ұсынды. Дәл осы уақытта жаңадан салынған 12 шақырымдық велосипед жолымен шеру басталды. Велошеруге облыс әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.

Қуанышқа бөленген балаларға тегін 1,5 тонна балмұздақ таратылды. Бұл оқиға Қазақстан рекордтар кітабына енген ұлттық рекорд ретінде тіркелді.

Шара соңында еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен қызғылықты концерт ұйымдастырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар