Еске алу
Қайран, жалған өмір! Бір әулеттің, дүйім елдің тірегі, қорғаушысы әрі қолдаушысы, отбасымыздың кенжесі, Көкшетау қаласының тұрғыны Кенжеболат Қажығалиұлы Айтқожинның ауыр науқастан дүние салғанына төрт айдан асты. Ол әулетіміздің кенже ұлы болса да көшбасшымыз еді. Әкеміз Қажығали мен анамыз Қазыкеннің өнегелі тәрбиесін алған Кенжеболат жастайынан еңбекқор, алғыр болып, елгезектігімен көзге түсті. Қандай да бір мәселенің шешімін тез тауып, тығырықтан шығып кететін.
Зеренді ауданының Троицк ауылында жер алып, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастағанымызда, бізді жігерлендіріп, қолдай түскен де осы бауырым. Көп оқып-тоқып, басшылық жолда да жүрді. Жұмыс басты болып жатса да әрқашан бауырларына ерекше көңіл бөліп, өзінен кейінгілерді еңбекке баулып, шыңдаған да осы Кенжеболатымыз еді.
Бала кезінен білімге құмар, алғыр болып, заман өзгерісін дұрыс түсініп, суырылып алда жүретін. Мектеп табалдырығын Үлгілі ауылында аттап, одан Троицк орта мектебін үздік бітіріп, Көкшетау қаласында жоғары білімге қол жеткізген, облыс прокуратурасында жемісті қызмет атқарып, өзінің іскерлік қасиеттерімен «Қазмұнайгаз» өндірістік бөлімшесін он жылдай басқарған таудай талабы бәрімізді де сүйсіндіретін.
Осы еселі еңбегі Министрлік тарапынан лайықты бағаланып, облыстық ұлттық «Ақ арман» шаруашылығы бөліміне жетекшілік етіп, одан әрі де абырой биігінен көріне түсті. Өзі бар жан жылуын беретін отбасында да аяулы жар, бала-шағасының қамқоры бола білді. Кішкентайынан перзенттерін еңбекке, ақ адал маңдай тер мен жақсылыққа баулуы текке кетпей, үлкен қызы бұл күндері Балтық жағалауында АҚШ-тың ірі бір компаниясында жемісті қызмет атқарып жүр. Ұлдарының үлкені заңгер мамандығын алып, өзі сияқты облыстық прокуратурада жақсы қырынан көрінуде. Кіші ұлы әлі мектепте оқығанымен, күні ертең әкесіндей елеулі бір азамат боларына сенім мол. Зайыбы да осы балаларға бас-көз болып, ошағының отын өшірмесі анық.
Тәңірдің жазуымен бір отбасынан он бір ағайынды, төрт ұл, жеті қыз едік. Енді міне, анасы Қазыкеннің алдында Кенжеболатымыздың осылай қабырғамызды қайыстырып, өмірден өте шығуы жанымызды қатты ауыртады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, бауырымыз, сен біздің мәңгі есіміздесің. Ешқашан ұмытпаймыз да, атыңды сан қайталап, жүрегімізде сақтаудан жалықпаймыз да. О дүниенің бар жақсылығын, иман байлығын берсін деп тілейміз өзіңе!
Сағынышпен еске алушы ағасы Нұрпейіс.
![]()

