Министр сапары
Бурабай ауданында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайдағы өңір туризмін дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес дөңгелек үстел өтті. Оған облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды.
Бурабай – қазақ даласының інжу маржаны. Ғасырлар бойы өзінің таңғажайып сұлулығымен, көз тартар көркімен талайды таң қалдырып, ата-бабамызға қоныс болған бұл жердің жіпке тізіп айтатын ерекшелігі жетерлік. Бүгінде жанға шипа ауасымен, мөлдір көлдерімен, қылқан жапырақты орманымен баурайтын Бурабайдың байлығын сақтап, ел игілігіне пайдалану кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, туристік инфрақұрылымды, көлік логистикасын, қауіпсіздік жүйелерін дамыта отырып, инвестиция тарту ел үкіметінің де бас жоспарларының бірі екендігі сөзсіз. Жуырда Қазақстан Үкіметі Щуче-Бурабай курорттық аймағын 2025-2029 жылдары дамытуға арналған кешенді жоспарын бекітіп, оған Премьер министр Олжас Бектенов қол қойған болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 6 наурыздағы ресми құжатына сәйкес, курорттық аймақты дамытуға жалпы құны 137,2 миллиард теңге болатын 118-ден астам іс-шара ұйымдастыру көзделген. Оның 64 миллиард теңгесі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады деп жоспарлануда. Аймақты одан әрі дамыта түсу үшін жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салуға, экологиялық және спорттық туризмді өркендетуге назар аударылып отыр. Мәселен, Қатаркөл көлінің маңына балалар орталықтары, спорттық-сауықтыру кешендері мен аквапарк бой көтермек. Сонымен қатар, қысқы туризмді дамыту мақсатында Бурабайда ауқымды шаңғы базасы салынып, туристерге спорттық жабдықтарды жалға беру қызметі жақсара түседі. Келушілердің демалыс аймағына жетуі үшін көлік инфрақұрылымына да мән беріліп, визит-орталықтары бар көпдеңгейлі тұрақтар мен қоғамдық тамақтану пункттері салынады. Үкімет бұл жоба сәтті жүзеге асса, мұнда келетін туристер саны көбейеді деп болжап отыр. Ал, туризм саласындағы жұмыс орындарының саны 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін ұлғаймақ. Сонымен қатар, жеке инвистиция көлемі 22,7 миллиард теңгеге жетіп, өңір экономикасындағы туризмнің үлесі 1,4 пайыздан 3,5 пайызға дейін өседі деп күтілуде.
Бурабай аймағындағы туризмді дамытуға бағытталған жоспарларды іске асыруда жауапкершілік жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты Ақмола облысы туризм басқармасы мен облыс әкімдігі бірлесіп, алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспарын бекітіп, іске кірісуде. Дөңгелек үстел жұмысында сөз алған өңір басшысы Марат Ахметжановтың сөзінше, бұл жоспарларға сәйкес, әсіресе, Бурабай өңірінің мәдени мұрасын зерделеуге көңіл бөлінеді. Келушілер тек қана таза ауамен тыныстап, жанға жайлы көңіл-күйді сезініп қана кетпей, Бурабай тарихына да тереңірек үңілгені абзал. Облыс әкімі жақында аймақта көпсалалы Бурабай ауданы мәдениет үйінің бой көтергенін атап өтті. Бұл да болса, туристік аймақтың мәдени әлеуетін көтеруге, келушілермен рухани байланысты одан әрі нығайта түсуге өз әсерін берері сөзсіз.
– Щучье-Бурабай курорттық аймағын кешенді дамыту зор әлеуетке ие. Барлық қабылданып жатқан жоспарлар инфрақұрылымды жақсартудың, инвестиция тарту мен туристік қызмет сапасын арттырудың нақты құралына айналуы қажет. Бүгінгі кездесу барлық мүдделі тараптар арасында тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Ақмола облысы туризмді дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар бойынша алғашқылардың бірі болып бекітілген өңір. Бұл мемлекет басшысының аймаққа айрықша көңіл бөліп отырғанының және Бурабайды дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі екенінің дәлелі, – деді Марат Ахметжанов дөңгелек үстелдегі сөйлеген сөзінде.
Содан соң сөз алған Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та, курорттық аймақты одан әрі дамыта түсуге ел үкіметінің айрықша назар аударып отырғанын айта келіп, бұл іске жауаптылардың қай-қайсысы болмасын, асқан жауапкершілік таныту қажет екенін еске салды.
–Бурабай табиғи және мәдени ресурстарының бірегейлігімен еліміздегі ең тартымды әрі болашағы зор туристік аймақтардың бірі. Мемлекет тарапынан өңірді дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл кешенді жоспарлардың жүзеге асырылуы нәтижесінде шетелдік туристер саны көбейіп, туризм саласындағы жұмыс орындары өсіп, аймақтың экономикалық әлеуеті арта түседі деп күтілуде. Біз барлығымыз осы шаруаға бір кісідей ат салысуға тиіспіз, сондықтан, сіздерді осы іске жұмыла кірісуге шақырамын,– деді министр жиын барысында.
Сонымен қатар, шарада Щучье-Бурабай курорттық аймағы атауын ресми түрде «Бурабай куроттық аймағы» деп атау мәселесі көтерілді. Жиынға қатысушылар тарапынан айтылған бұл мәселеге облыс әкімі өзі салмақты жауабын беріп, бұл талап бойынша алдағы уақытта облыс әкімдігі Үкімет отырысына арнайы сұрау салатынын жеткізді. Өңір басшысы өзінің заңгер екенін айта келіп, отырғандарға бұл мәселе жуық арада іске аса қоймайтынын ескертіп өтті. Десе де, мұндай маңызды ахуал өзінің де ойында жүргенін, алдағы уақытта мүмкіндікке орай, кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтып, қуантып қойды.
Байқап отырсақ, Еуразия кіндігінде орналасқан Бурабай курорттық аймағы жылдар өткен сайын туристер арасында да танымал болып келе жатыр. Мәселен, өткен жылы мұнда келген туристер саны бір миллионға жуықтаған. Оның ішінде шамамен 350 мың адам тұрақты сервиз қызметтерін пайдаланған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық екенін көрсетіп отыр.
Шара барысында арнайы баяндама жасаған Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский қабылданған кешенді жоспардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол, атап айтқанда, «Ақбура» демалыс аймағын дамыту, көпшілікке қолжетімді аймақтар құру және Қатаркөл мен Жүкей көлдеріндегі ашылатын жаңа туристік орындар туралы баяндады.
–Осы бес жылдың ішінде қабылданған жоспарларға сәйкес, 64 миллиард теңге жеке инвесторлардың есебінен игерілетінін ерекше атап өткім келеді. «Ақбура» шипажайының аумағында емдеу-сауықтыру кешенін салу және ойын-сауық қызметін дамыту қарастырылған. Бұл үлкен Шабақты көлі жағалауының солтүстік-батыс бөлігін және Текекөл көлінің 233 гектар аумағын құрайды. Жылына бес мың адамға дейін қабылдай алатын «Ақбура Парк» демалыс аймағын кеңейте отырып, «Ақбура Плаза» сити орталығын іске қосуға мүмкіндік беретін инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешілуде. Кешен детокс бағытында санаторлық-курорттық емдеуді ұйымдастыруды, сондай-ақ, спорттық жарақат алған спортшыларға оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін 120 бөлмелі қосымша ғимарат салу жоспарлануда, –деді Андрей Подгурский.
Басқарма басшысының айтуынша, жалпы ойын-сауық бизнесін кеңейту туризм саласын дамыта түсуге оң нәтижесін береді. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бүгінде бұл сала бойынша 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері 7-8 миллиард теңгені құраған.
Ал, Щучье көлі мен Бурабай ауылындағы туристік орындар ойын-сауық және отбасылық демалысқа қолайлы аймақтар болып табылады. Сол үшін де бұл орындар инвесторлар арасында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан бұл жердегі «тіршілік көзін» одан әрі нығайта отырып, туризм саласын дамытуға жаңа серпін беруге болады.
–Бурабай ауылындағы көпсалалы конгрес орталығы маңызды туристік нысанға айналып, нағыз демалыс орнының визит картасына айналуға тиіс. Мұнда жыл бойына әр санаттағы тұлғалар үшін қолжетімді халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды шараларды өткізуге болады,– деді басқарма басшысы өз баяндамасында.
Оның айтуынша, өңірдегі балалар туризмін де жақсарта түсудің маңыздылығы жоғары. Осы бағытты іске асыру үшін Қатаркөл көлінің маңына балалар санаторлық-куроттық кешенін салу және 10 миллиард теңгеге жыл бойы жұмыс істей беретін аквапарк ашу саланы дамыта түсуге оң серпінін бермек.
Сонымен қатар, шарада жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне инфрақұрылымды жаңарту және көлік логистикасын жетілдіру жұмыстарын жетілдіруге байланысты міндеттер жүктелді. Алдағы жылдары курорттық аймақта жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау және жылу желілерін қайта жаңғырту, сапалы ұялы байланыс пен интернетпен қамтамасыз ету мақсатында антенна-діңгек құрылымдарын орнату жоспарланып отыр. Бұл шаралар курорттық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, дөңгелек үстел жұмысы қорытындысында, жақын уақытта жүзеге асуы тиіс басым бағыттар мен Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық міндеттер айқындалды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

