Қайран, асыл ағам-ай

Еске алу

Алла салды басымызға сынақты,

Жиі еске алсын деп те жылатты.

Қызығы мен қайғысы көп дүние-ай,

Бір көтеріп, бірде жығып құлатты.

Қатыгез тағдыр ағам Қайырбек  Сәківалұлы Бриншиновты арамыздан алып кеткелі 20 жылға таяп қалды. Нағыз қызық көретін кездер еді, бірақ, Алланың жазуы солай болды. Уақытта тоқтау жоқ, зуылдап күндер, жылжып жылдар өтіп жатыр. Адам бойындағы асыл қасиеттері, ақыл-парасаттары көз тірісінде емес, өмірден өтіп кеткен соң бағалана ма деп те ойлаймын.

Аяушылықты білмейтін сұм ажал алды-артымызға қаратпай, көкірегімізді қайғы мен шерге толтырып асыл ағамызбен аяулы інімізді де арамыздан алып кеткен жоқ па?!

Текті атаның текті ұлдарының орны бөлек еді, амал жоқ, орындары ойсырап-ақ тұр ғой! Ағам мен інімнің бойларынан көріп өскен сабырлық пен тұйық мінез, көп сөйлемесе де турасын кесіп айтар нақтылықтары, ақыл таразысынан өткізіп айтар асыл қасиеттерінің орны ойсырап, әрине, көрініп-ақ тұр.

Өмір өтіп жатыр… Балаларың, немерелерің де, бар туған-туыстарың басы қосылған жерде аузымыздан түсіп, атың аталмаған кез болған емес. Өзің жайлы жақсы естеліктерді естіп, марқайып отырамыз.

Бүгін міне, үрім-бұтақ ұрпақтарың, өзінді еске алып, құран бағыштап жатқанына да шүкіршілік жасап отырмын, осындай үлгі тұтар ұрпақтары бар, ағаның қарындасы болғанымды, өзімді, мақтан етемін. Сәківал әкеміздің шаңырағының ауыр жүгін ерте арқалап, артынан ерген мен, апам Ырысты, сіңлілерім Бақыт, Жамал, інім Қылышбекті алға жетелеп, жол көрсетіп, бәріміздің атқарған еңбектеріміз бен тіршіліктерімізге ағалық қамқорлық көрсетіп отырдыңыз. Анда-санда үйімізге келгенде, барлығын көз қырыңызбен болжап қарайтын қырағы едіңіз. Қайсымызға не керек екенін, үнсіз шешіп, орнына келтіретінсіз. Ешқайсымызға мынаны істе, ананы істеме деп шектеу қойған емессіз, сөзге сараң мінезіңізбен-ақ, ағалық үлгіңізбен бағыт-бағдар көрсеттіңіз. Дұрысын қолдап, бұрысын түзеп, жіберетін қасиет иесі болғанызды мақтан тұтамын.

Отбасымызда, әке қара шаңырағында қалыптасқан мейірімділік пен жанашырлықты сізден көріп өстік. Бәрімізге қол үшін бергеннен, аянған емессіз. Бойында ешкім туралы жаман ой болмайтын, туысты да, досты да, бірге қызмет атқарған әріптестеріңді де бірдей көруші едің.

Сіздің қолдауыңызбен қазір бәріміздің қал-жағдайымыз жаман емес, ешкімнен кем қалған жоқпыз. Ұрпақтарымызда, Аллаға шүкір, өз өмірдегі орындарында қызмет атқарып, бақытты ғұмыр кешуде. Өкініштісі, тек арамызда өзіңіз жоқсыз…

Балам бауыр етім, – деп тәрбиелеп өсірген ұлың Руслан үмітінді ақтап, бастаған ісіңді жалғастырып жатыр. Немереңнің құрметіне атын берген «Алмаз» шипажайы бүгін халқының қажеттігін өтеп отыр. Адам үшін ең қымбат – денсаулық. Сондықтан, ем саласында қызмет етіп, ел алғысына бөленіп отыр. Немересін ізгілік пен ерлікті бейнелейтін, адам бойына күш пен қуат беретін Алмаз тастың атымен атауы тегін емес екен. Атасының ерке немересі Алмаз Назарбаев университетін бітіріп, Англияда оқуын жалғастырып, қазір елге оралып атасының сара жолымен келе жатыр. Ағамнан қалған асыл тұяғы Руслан бүгінде әке жолын жалғастырып, Бурабай төріндегі «Алмаз» шипажайын күннен-күнге дамытып, ауқымын кеңейтті. Әлпештеп, аялап өсірген ұлы халқына қызмет көрсетіп, зейнеткер мен мүгедек жандардың денсаулығын жақсартуға ұмытылып олардың ризашылығына бөленіп отыр.

Туған жер – тұғырың,

Туған ел – қыдырың, – деп

сәби кезінен құлағына сіңіріп өсірген ұлы үмітін ақтап, тірлікті күннен-күнге өрбітіп, бізді қуанышқа бөлеп келеді. Сіздің игілікті ісіңізді көрген сайын әруағыңызға бас иеміз.

Қайран, асыл ағам, өзіңді еске алған сайын өте сымбатты, келбетті, жігерлі, киім киісің де өзіңе жарасымды, сөйлеген сөзің, тіпті, жымиып ақырын күлетін күлкің де бәрі-бәрі көз алдымда. Өзіңнің туған-туыстарың, құдаларың, жолдастарың, жекжаттарың бәрі  де сіздің қамқор жан екеніңізді растайды. Бауырларыңыз да, жерлестеріңіз де есіміңізді ешқашан ұмытпайды. Өмірдің заңдылығына қанша мойынсұнсаң да, жүректі мұздатқан мұң, көңілдегі сағыныш, әрине, өзегімді өртейді. Білемін, бәрі кеш, осының бәрін көзіңнің тірі кезінде айтуым керек еді…

Топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын!

Неткен ауыр! Амалсыздан «қош» дейсің,

Мәңгі біздің санамыздан өшпейсің!

                        Еске алушы қарындасы Тота БРЕНШИНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар