Еліміздің астықты аймақтарының бірі саналатын Ақмола облысы көктемгі дала жұмыстарын толық көлемде аяқтады. Өткен жылы дәл осы кезеңде егіс жұмыстарының шамамен 60 пайызы ғана атқарылған болса, биыл шаруалар 19 жұмыс күні ішінде науқанды толық тәмамдады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, биыл егіс алқабының жалпы көлемі 5,5 миллион гектарды құрап, былтырғыдан 63 мың гектарға артты. Егіс жұмыстары жоғары агротехникалық деңгейде, қолайлы мерзімде және барлық ресурстарды жұмылдыра отырып ұйымдастырылды.
Бұл жауапты науқанға дайындық қыста басталды. Атап айтқанда, алқаптарда қар тоқтату жұмыстары жүргізілді, көктемде 2 миллион гектардан астам жерде ылғал жабу мен топырақ өңдеу шаралары атқарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Дала жұмыстарына 37 мыңнан астам техника, соның ішінде заманауи егіс кешендері тартылып, науқан кідіріссіз әрі үйлесімді өтті. Облыста тәулік бойы жұмыс істейтін өңірлік аграрлық кеңес құрылып, шаруаларға тұрақты түрде көмек беріп отырды.
Зеренді ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов ауыл еңбеккерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.
– Биыл біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ерте қаржыландырумен, арзандатылған жанар-жағармай мен және барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз еттік. Бұл оң нәтижесін беріп, егіс жұмыстары сәтті өтті, – деді бұл ретте өңір басшысы.
Көктемгі егіс барысында мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарды. 778 шаруашылыққа 100 миллиард теңгеден астам сомаға несие берілді, 76 мың тоннадан астам дизель отыны жеңілдетілген бағамен үлестірілді.
Егіс құрылымында стратегиялық маңызы бар дақылдардың үлесі артты. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,6 миллион гектарға себілсе, майлы дақылдар көлемі рекордтық 430 мың гектарды құрап, былтырғыдан 161 мың гектарға көбейтілді. Мал азығы, көкөніс және картоп егілген алқаптар көлемі де ұлғайды.
Көктемгі жаңбырдың мөлшері қалыпты деңгейден сәл артық болып, өңір бойынша егін негізінен, біркелкі көктеп жатыр. Бұл – мол өнімнің басты кепілі.
Егісті алғаш аяқтаған шаруашылықтар қатарында «Родина» Агрофирмасы» ЖШС, «Ақтық», «Заречный», «Новоприречный», «Белгородск», «Хлебороб», «Жер-1» және басқа да ірі агроқұрылымдар бар.
– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына шынайы қолдау көрсетіліп жатқаны байқалады. Ендігі міндетіміз – осы қарқынды төмендетпей, егісті зиянкестерден уақытылы қорғау шараларын жүргізу, – дейді «Викторовка» ЖШС директоры Виталий Гончаров.
Келесі кезең – күзгі өнімді жинауға дайындық. Сондықтан, аграршылар егін алқаптарын өңдеу жұмыстарына кірісіп, техниканы ретке келтіреді және астық қабылдау нысандарын алдағы ораққа дайындауға кіріседі. Бұл орайда, көктемгі егіс науқанының табысты өтуі болашақ өнімге берік негіз қаламақшы.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.