Биыл әлем халқы Екінші дүниежүзілік ең сұрапыл, ұмытылмас, алапат соғысты бастан өткергенінің 80 жылдығын атап өтті.
Әрине, кеңес өкіметінің құрамында болған соң, біздің елдің азаматтары да одан қалыс қалған жоқ. Қолына қару алып, майдан шебінде етігімен су, толарсақтан қан кешіп, көзсіз ерлік көрсеткен аталарымыз бен әкелеріміздің жанкешті қайсарлығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі неміс басқыншыларының түпкі мақсатының бетін қайтарды. Ер азаматтар майдан даласында жаумен арыстанша арпалысып, жан пида болып жүргенде, елде қалған шиеттей бала-шаға, әжелеріміз бен аналарымыз Жеңіс күнін жақындату үшін аянбай еңбек еткені даусыз. Олар үшін майдандағы сарбаздарды азық-түлік, жылы киімдермен қамтамасыз ету басты міндет болатын.
Ұлы Отан соғысында Жеңіске жеткен кеңес халқының естен кетпес ең ауыр қиыншылықты бастан өткерген азапты жылдары еді бұл. Оның халықтың жадынан ешқашанда өшпейтін тарихи оқиға екені даусыз.
Өкінішке орай, көрші мемлекеттер арасындағы бір-біріне деген өшпенділік пен шовинистік көзқарастан туындаған өзара кикілжің ұлттар арасына жік салып жатқаны айқын байқалады. Тіпті, өткен ғасырда бірге туған бауырдай елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, баса-көктеп еніп кеткен фашистерді талқандап, Жеңіс күнін бірге тойлаған кешегі одақтас республикалар халқының биылғы Ұлы Жеңіс мерекесінің 80 жылдығын да бастары түгел қосылмауы көп жайды аңғартқандай.
Қоғам қайраткері, тарихшы Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабында біздің елімізден Ұлы Отан соғысы жылдары батылдығымен ерекшеленіп, ерлік көрсетсе де еленбей қалған 133 майдангердің тізімі бар. Кейінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, аталарымыз бен әкелеріміздің ерліктерін дәріптеу біздердің азаматтық парызымыз екені түсінікті. Биылғы Ұлы Жеңістің айтулы 80 жылдығында осы тізімдегі батыр аталарымызды «Халық қаһарманы» атағына ұсынса артық емес.
Дәлел керек болса, Ақмола облысы, Жақсы ауданы Алғабас ауылының тумасы, аға сержант Қожамсейіт Шаяхметов атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында асқан батырлығымен және қайсарлығымен көзсіз ерлікке барып, екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі рет «Жауынгерлік Қызыл Ту», 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Ерлігі үшін», тағы басқа да медальдармен марапатталған.
Ғаламтор желісінде батыр атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдары майдан шебінде көрсеткен ерліктері жөнінде айтылып, командирлерінің 1945 жылдың 6 мамыр күні гвардия майоры Шаяхметов Қожамсейітті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғаны туралы мәлімет бар.
Өкінішке орай, теңдессіз ерлігімен Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қаһарман майдангерге неге екені белгісіз, осы жоғары атақ бұйырмаған.
Кеңес Одағы сол жолы болмысы батыр тұлғалы атамызға Алтын Жұлдызды қимаса, тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі заманда еліміздің басшылары Шаяхметов Қожамсейіттің сол ерлігін қолда бар құжаттар негізінде лайықты бағалап, «Халық Қаһарманы» атағын неге бермеске деген де ой келеді.
Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
Алғабас ауылының тумасы.
Жақсы ауданы.
![]()

