Бурабайда жазғы туристік маусым ашылды

Жер шоқтығы шақырады

Ақмола облысында жазғы туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Биыл Шучинск-Бурабай курорттық аймағында шет елдерден және еліміздің әр түкпірінен бір миллионнан астам туристі қабылдау жоспарлануда.

Жазғы маусымға Шучинск-Бурабай курорттық аймағы жан-жақты дайындалды. Демалушылар үшін ойын-сауық және отбасылық демалыс аймақтары, су спорт түрлері мен балаларға арналған кешендер,  сауықтыру-курорттық демалыс орындары жұмыс істейді. Жөкей көлінің маңында экоглэмпингтер орын тепкен. Ірі туристік нысандарда барлық қонақ үйлер өз жұмысын бастап, олардың аумағында бассейндер мен ойын-сауық алаңдары жабдықталған. Сонымен қатар, туристер үшін арнайы жағажайлар мен көрініс алаңдары қарастырылған.

– Биыл наурыз айында Шучинск-Бурабай курорттық аймағын 2029 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Ол туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 118 іс-шараны қамтиды. Бұл өз кезегінде курорттық аймақты жаңа деңгейге көтеріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.

Сонымен қатар, биыл этнотуризм мен агротуризм бағыттарын дамытуға баса назар аударылмақшы. Бурабай ауданында бұл бағытта бірнеше жоба табысты іске асырылуда. Олардың қатарында марал   өсіру шаруашылығы және  ара шаруашылығы музейі, ірімшік зауыты, қымыз бен шұбат өндіретін кәсіпорындар бар.

Жазғы туристік маусымның ашылуына орай, Бурабайда «SUMMER BURAVIBE-2025» фестивалі өтті. Аталған іс-шараға жергілікті тұрғындармен қатар, шетелдік және отандық туристерден 1500-ден астам адам қатысты. Фестиваль аясында қонақтар үшін тегін фотосессиялар, қолөнер алаңдары, ойын-сауық аймақтары, бейнероликтер түсіруге арналған интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Сонымен бірге, жергілікті өндірушілердің ұлттық және экзотикалық тағамдары ұсынылды. Фестивальдің аясында танымал музыкалық топтар  мен орындаушылар өнер көрсетті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар