Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының əкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына кезекті жұмыс сапары барысында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.
Зеренді ауданында ауыл өмірінің сапасын арттыруға жəне өңірді дамытуға бағытталған жаңа əлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Аудан орталығында орналасқан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жаз айының ортасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, жыл соңына дейін тарихи-өлкетану мұражайы мен көппəтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
Аудан орталығында салынып жатқан тарихи-өлкетану мұражайы жергілікті тұрғындар үшін бірегей мəдени орталыққа айналмақ. Қазіргі уақытта нысанның іргетасын құю жəне гидрооқшаулау жұмыстары аяқталып су құбыры мен кəріз желісін тарту жұмыстары жалғасуда.
Келесі нысан – Ильясов көшесі, 55-үй мекенжайында орналасқан көппəтерлі тұрғын үй. Жалпы ауданы 3840 шаршы метр болатын 75 пəтерлі үйдің құрылысын «УК – Строй» ЖШС жүргізуде. Құрылыс барысы туралы компания директоры Манат Мусин баяндады.
Жаңа спорт мектебінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылып жатқан еліміздегі алғашқы жобалардың бірі. Учаске бастығы Алмас Сəлімнің айтуынша, құрылысқа 60 жұмысшы мен 11 арнайы техника жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта ғимараттың кірпішпен қаланған қабырғалары мен арақабырғалары толықтай тұрғызылып, шатыр монтаждалып, терезелер орнатылған. Ішкі əрлеу жұмыстары, еден төсеу жəне керамикалық плитка орнату жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы биыл 16 қаңтарда басталған болатын. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Онда күрес, бокс, екі жаттығу залы жəне басқа да бөлмелер орналасады.
Облыс əкімі нысанды биылғы шілде айында толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, «УК – Строй» ЖШС əлеуметтік жауапкершілік аясында ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жарықтандырылған шаңғы-роллер жолын, жаз мезгілінде волейбол, футбол алаңы ретінде пайдаланылатын хоккей кортын жəне теннис кортын салу міндеттемесін өз мойнына алды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жұмыс сапары аудан орталығындағы реновация бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізіліп жатқан №1 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында болып, осы жұмыстың барысымен танысты.
1970 жылы салынған бұл мектеп реновация бағдарламасына енгізілген алғашқы оқу орны.
– Реновация – бұл жай ғана күрделі жөндеу емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектеп заманауи жабдықтармен, жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Яғни, ол жайлы мектеп стандарттарына барынша жақындатылатын болады. Біздің мақсатымыз – қалалық және ауылдық мектептер арасында білім берудегі алшақтықты жойып, олардың барлығын тең дәрежеде жайлы әрі толық жабдықталған оқу ордасына айналдыру, – деді бұл орайда, өңір басшысы.
Жөндеу жұмыстарын көкшетаулық «Сарыарка ЛТД» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгеден асады.
– Мектепте бүгінде 700-ден астам бала білім алуда. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 30 пайызы аяқталды. Тамыз айында мектеп жаңа оқу жылына толық дайын болады, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын, сондай-ақ, мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударылуын тапсырды.
***
Реновация бағдарламасын бурабайлықтар бастады
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көрікті Бурабай өңіріне жұмыс сапарыбарысындааудан орталығы Щучинск қаласында басталып жатқанжаңа тұрғын үй құрылысымен, теміржол вокзалының қайта жаңғыртылуымен және бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Ауданда тұрғын үй қорын жаңғырту мен қалалық инфрақұрылымды модернизациялау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Айта кету керек, Щучинск – облыс бойынша апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы алғаш қолға алынған қала. Бұл бастама ауданның әлеуметтік және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта Циолковский көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл нысан бұрын апатты деп танылған үйдің орнына салынып жатыр. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратының орнына төрт кіреберісті, 96 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы көзделген.
Облыс әкімі мұндай жобалар тек тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қалалық ортаның жаңғыруына да серпін беретінін атап өтті.
–Щучинск теміржол вокзалы курорттық аймақтың қақпасы іспетті. Сондықтан, оның қазіргі заман талаптарына сай болуы өте маңызды. Біз жаңарған вокзал барлық азаматтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болады деп сенеміз, – деді бұл ретте, Марат Ахметжанов.
Осы айдан бастап теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жобада инженерлік желілерді толық жаңарту, ғимараттың қасбеті мен ішкі әрлеуін жаңғырту, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта қалыптастыру көзделген.
Облыс әкіміне жұмыс сапары аясында жекеменшік инвестициялық жоба да таныстырылды. Қалада жаңа сауда орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Жергілікті биліктің пікірінше, бұл нысан қалалық инфрақұрылымды дамытуға өзіндік үлесін қосады.
***
Щучинск педагогикалық колледжі – үлгілі оқу орны
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапары аясында аудан орталығы Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледжде болды.
Өңір басшысы колледж аумағын аралап, ұжыммен кездесіп, оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен абаттандыру жұмыстарына жоғары баға берді. Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі колледж басшысына Алғыс хат пен ақшалай сертификат табыстап, ұжымның білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі мен «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясына белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
– Колледж аумағы таза, ұқыпты, ғимараттың іші де жан-жақты ойластырылып безендірілген. Бұл жерден шынайы қамқорлық, студенттерге ыңғайлы әрі шабыттандыратын орта құруға деген талпыныс айқын сезіледі. Колледж осы жағынан басқа оқу орындарына үлгі бола алады. Сіздердің «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысып, көгалдандыруға қосқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Осы жұмыстардан сіздердің биік межені белгілеп отырғандарыңыз барынша көрініп тұр, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Щучинск педагогикалық колледжі алты мамандық және тоғыз біліктілік санаты бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда мұнда 746 студент білім алуда. Колледж заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған, болашақ педагогтардың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.