Шоқан Уәлиханов – 190
Адамның өмірінің ең бір жарқын, бақытты кездері балалық шағы. Туып-өскен туған ауылыңнан, кіндік қаның тамған жерден ыстық, одан қадірлі биік түсінік, құндылық болар ма екен?! Менің туған ауылым қарасаң көзің тоймайтын, сұлулығы көңіліңді шаттыққа толтыратын Айыртау өңірінде орналасқан. Әрине, Сырымбет деп атасаң, қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов алдымен ойыңа оралады. Қазақ халқының маңдайында жарқырап жанған жұлдыз, өкінішке орай, өмірі тым қысқа болып, жарқ етіп ағып өте шықты.
Ауылдастарым қай кезде болсын, Шоқанның еліненбіз, сол елдің жерін басып, суын ішіп, ауасын жұтып өстік деп мақтаныш етеді. Ұлы Шоқан бабамыздың есімі, оның ел үшін істеген істері бізге рух беріп, қашанда арқамызды тік, басымызды биік ұстауға негіз болған.
сурет: silkadv.com
Бұл сезім біздің ата-бабаларымыздың көкірегінде сонау ХІХ ғасырдан қалыптасып келеді. Ресей империясы өз билігін орнатып, үстемдігін жүргізген кезде Сырымбеттегі Айғаным ханшайымының ордасы мемлекеттігіміздің бір нышаны, қара шаңырағы болды.
Сол кездерден бері ауылдастарым, маңайдағы ел адамдары «мен Сырымбеттенмін» деп мақтаныш сезіміне бөленеді. Әрине, ұлы Шоқан жалғыз Сырымбеттің емес, барлық қазақ елінің мақтанышы.
Қазіргі кезде Шоқан бабамыздың Қостанай өңірінде туғанын әртүрлі жолдармен дәлелдеуге тырысып, Шоқанның ұлылығына қосылғысы келіп, тіпті содан пайда да тапқысы келетін адамдар да бар. Бірақ, Шоқан Сырымбеттің топырағынан нәр алып, шуағымен әлдиленіп өскенін, Сырымбетте балалық шағын өткізгенін ешкім де даулай алмайтыны анық.
Қасиетті Айыртау өңірінен шыққан тағы бір әйгілі бабамыз Ақан серінің «Сырымбет» әні қандай?!
сурет: egemen.kz
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?!.
Сырлы Сырымбет, оның хор қызындай нәркес жанарлы бір сұлуы осылай Ақан серіні де өз тылсымына тарта түскен ғой. Міне, ұлыларда адам тереңіне бойлай бермейтін бір байланыс бары анық.
Адамның ең жақсы қасиеттері балалық шақта қалыптасатынын қазіргі ғылым да дәлелдеді ғой. Білімге, ғылымға, жаңашылыққа қызығуын Шоқан бабамыз осы Сырымбеттің суымен, дәмімен сіңірді десек қателеспейміз деп ойлаймын. Халыққа деген жанашырлығын, адамгершілік, отансүйгіштік қасиетін, өз еліне адалдығын, әділеттілікке ұмтылысын осы қоршаған ортасынан, маңындағы халықтың тұрмыс-тіршілігінен, осы жұрттан алған әсерінен көкірегіне ұялатты емес пе. Терең ойы мен биікке самғауы, алдына зор мақсаттар қойып, ауқымды істерге ұмтылуы Айғаным әжесі мен Шыңғыс әкесінің ордасын сыйлап келген халқымыздың ұлықтарының ой-пікірін, арман-мақсаттарын сезініп, ұғып, оны бала кезінен бойына, санасына сіңіруден болды ғой.
Ұлы Шоқанның тағдырына туып-өскен, жақсылық пен жамандықты айыра бастаған Сырымбет жері мол әсер еткені анық. Биыл ұлы бабамыздың 190 жылдығы аталып өткелі отыр. Әлі де алдымызда Шоқан Уәлихановты атымен байланысты талай мерейтойлар, ауқымды іс-шаралар болады. Сол кезде Шоқанның алғашқы қадамдарының ізі қалған, алғашқы еңбектері мен шығармаларына негіз болған сырлы Сырымбет те ұйымдастырушылардың, ел ағаларының есінде болғаны игілік болар еді деген үміттеміз. Әрине, осындай маңызды, мазмұнды істерге Сырымбет ауылының халқы да белсенді қатысып, лайықты үлесін қосуға тартынбайтыны белгілі.
Ғалым Сарбасов.
Айыртау ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.
сурет: encrypted-tbn0.gstatic.com