Үлкен мақсатты көздейді

Ынтымақтастық

Ерейментау ауданында «BIG FARM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауқымды инвестициялық жобаларының бірі мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қолға алынды.

Жалпы көлемі 32 мың гектардан астам аумақты қамтитын бұл агроөнеркәсіптік жоба тауарлы-сүт фермасын, бордақылау алаңын, ет және сүт өңдеу зауытын, сондай-ақ, заманауи суару жүйесін іске қосуды көздейді.

Бірінші кезеңде екі мың бас сиырға арналған ферма салынып, кейіннен оның қуаттылығы бес мың сиырға дейін ұлғайтылмақ. Бұған қоса, он мың басқа арналған бордақылау кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар іске қосылады. Осы жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Бұл жобаны шетелдік инвесторлар қолдап отыр. Өңірге шетелдік серіктестер делегациясының сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды көздейді.

– Мұндай жобалар ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, жұмыспен қамтуды арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және облыстың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз шетелдік серіктестермен тығыз әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді бұл ретте, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Өз кезегінде Swarco USA директорлар кеңесінің президенті Кристиан Барриос Марчант өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.

– Біздің мақсатымыз тек бизнес-жобаны іске асыру ғана емес, сонымен қатар, озық технологияларды енгізу, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту. Біздің өңірмен орнатылған серіктестік өзара тиімді болатынына сенімдіміз, – деді Кристиан Барриос Марчант.

Жалпы, «BIG FARM» серіктестігінің бұл жобасы өңірдің агроөнеркәсіптік саласын жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Ақмола облысының елдегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайта түсетініне сенім мол.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар