Сот іс қарады
Жарқайың аудандық соты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Е. және шаруа қожалығының басшысы М.-ға қатысты алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген айыппен қылмыстық істі қарады. Бұл іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.
Сот өз отырысы барысында келесі жағдайды анықтады. 2022 жылғы қаңтар мен 2024 жылғы шілденің аралығында Е. және М. ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдегені және май, ірімшік түріндегі сүт өнімдерін өндіргені үшін негізсіз субсидиялар алу жолымен аса ірі мөлшерде алаяқтыққа барған.
М. шаруа қожалығының басшысы ретінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне сүтті өткізу туралы шот-фактураларға сүт көлемін асыра отырып, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізді. Ал, кооператив басшысы Е. шаруа қожалығына сүт сатып алу көлемі мен өндірілген өнімді асырып, жалған шот-фактураларды ұсынды.
Осының негізінде сатып алынған шикізат пен сатылған өнім туралы жалған мәліметтерді көрсете отырып, субсидиялар алуға өтінімдер берілді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, мемлекет кооператив шотына субсидиялар төлеуді жүргізген. Аудиторлық есеп пен жүргізілген сараптамаларға сәйкес, осылай барлығы 247 миллион теңге субсидия негізсіз төленді. Осылайша, Е. және М. мемлекетті алдап, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады.
Сонымен қатар, қылмыстық кірісті жасыру мақсатында, Е. басқа адамның банктік шоттарына қаражат аударған, қаражаттың бір бөлігіне ол мүлік сатып алып, оны жалға беріп, табыс тауып отырған. Осылайша, Е. мүлікті сатып алу және жалға беру түрінде мәмілелер жасау арқылы кірістер алу мен материалдық баю мақсатында, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып, заңды айналымға тартқан. Сотта Е. және М.-ның кінәсі аудиторлық есеппен, шаруа қожалығы және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмысшыларының, куәгерлердің айғақтарымен, салық мәліметтерімен, Е. және М. арасындағы хат алмасулар және келіссөздермен, сарапшылардың қорытындыларымен, банк шоттарының мәліметтерімен, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен, жасырын тергеу әрекеттерімен және істің басқа да материалдарымен расталды.
Жаза тағайындауда сот кінәлілерде жас балалардың болуын жеңілдететін жағдай деп ескерді. Сөйтіп, сот үкімімен Е. және М.-ның әрқайсысы 6 жыл 4 ай бас бостандығынан айырылды, қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленіп, екеуі де материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Мемлекет пайдасына сотталғандардан 232,4 миллион теңге келтірілген зиян өндірілді. Е. сатып алған жылжымалы мүлік, яғни, контейнер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Жарқайың аудандық сотының баспасөз қызметі.
![]()

