Жаңа бағыт
Көпшілік көңілінен шыққан орталықБұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, биыл Қосшы қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған республикадағы тұңғыш көпсалалы комьюнити-орталық – ауқымды мәдени-спорттық кешені ашылып, жұмыс істей бастаған еді. Енді көп уақыт өтпей, осы орталықтың тыныс-тіршілігінің алғашқы жемісін көру де бір ғанибет.
Кешенде балалардың шығармашылық үйірмелері мен әркім өз қалауынша айналыса алатын спорттық секциялар бар.
– Қала мәртебесін алғанына төрт-ақ жыл болғанымен, Қосшыда әлеуметтік нысандар қарқынды түрде салынып, жаңартылуда. Комьюнити-центр Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынды. Орталықта балаларға да, ересектерге де барлық заманауи жағдай жасалған, – дейді директордың орынбасары Айдана Жарғұлбаева.
Орталық спорттық, білім беру және мәдени-демалыс аймақтарын біріктіреді. Мұнда 230 орындық кинотеатр, 300 орындық дәрісхана, көрме және конференц-залдар, студиялар, коворкинг және оқу залына арналған кітапхана бар. Аумақта спорт алаңдары, воркаут аймақтары және серуендеу аллеясы орналасқан.
Балаларға арналған робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, ересектердің жұмыс істеуіне, демалуына және өзара араласуына ыңғайлы орындар қарастырылған. Клуб сабақтары қолжетімді бағамен ұсынылады, олардың көпшілігінде балалар «Art Sport» және «Damu Bala» бағдарламалары бойынша тегін оқиды. «Kinopark» кинотеатрлар желісі мен «Urbo Coffee» кофехана желісі және «Qazbilim» білім беру орталығы өз жұмысын бастады. Үйірмелер мен секцияларға барлығы 1600-ден астам бала тартылған.
Кешеннің үлкен көрме залында белгілі суретші, қоғам қайраткері және галерея иесі Лейла Махаттың «Жусан иісі» атты көрмесі қойылған. Ондағы мақсат – қала тұрғындарын халқымыздың бай мұрасымен, ұлттық қазыналарымен және тарихи жәдігерлерімен таныстыру. Екінші көрме залы жергілікті қолөнершілерді қолдау және олардың өнімдерін танымал ету мақсатында шығармашылық индустрияға арналған. Мұнда белгілі шеберлер Бектас Кәрім, Асхат Бозымбай, Нұржан Ділманов, Гауһар Қанатбаева, Әлия Қалиасқарова, Әбілқайыр Оразақов және Ертай Сәрсеновтің туындылары қойылған. Шығармашылық галереяда сіз шеберлердің өнімдерін көріп қана қоймай, оларды сатып ала аласыз.
– Комьюнити-центр – бұл халықаралық форматтағы заманауи қоғамдық орталық. Оны оқыту, шығармашылық пен белсенді демалыс үшін ашық әрі қолжетімді халықаралық форматтағы заманауи кеңістік десе болады. Мұндай орталықтар жергілікті қауымдастықтың дамуына, әлеуметтік байланыстардың нығаюына септігін тигізеді, – дейді Айдана Жарғұлбаева.
Орталық шығармашылық бағыттарды кең ауқымда қарастырады. Мұнда «Voice» вокалдық студиясы, «Алтын перне» домбыра үйірмесі, «Дәстүрлі ән» үйірмесі, «Есіл Нұра» фольклорлық ансамблі, «Кәусар» және «Ай – Қаракөз» би үйірмесі, «Тарту» ансамблі, «Qosshy band» музыкалық тобы жұмыс істейді. Балалар қобызды, жетіген мен сазсырнайды меңгереді, актерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп, сурет салуды, қыш ыдыстарды жасауды үйренеді.
Мобилографиялық студиядағы сабақта балалар мұғалім Карина Нағышпаеваның жетекшілігімен тақырыптық суретке түсіруді, жарықты дұрыс орнатуды және нақты кадрларды дөп басып, қызықты бейне түсіреді.
– Қазір SMM және мобильді фотосурет бағыты өте танымалдылыққа және қажеттілікке ие. Үйірмеде 30 шақты бала бар, оған жаңадан басқа балалар да үздіксіз келіп тұрады. Мен тек фото және бейне көрсетілім түсірудің қыр-сырын ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік желілерді басқаруды, бұл қызметтерге клиенттерді қайдан іздеуді, келіссөздер жүргізуді үйретеміз. Кейбір балалар осы білімнің арқасында алғашқы ақшасын да тауып үлгерді, – дейді Карина.
IT лицейінің 6-сынып оқушысы Мирас Серіков бірнеше жылдан бері бейнебаян түсіріп жүргендіктен, үйірмеге алғашқы күннен бастап қосылған. Ең бастысы, ол қозғалысты көрсете алатын динамикалық бейне түсіруді ұнатады.
– Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде мені косметика, кеңсе тауарларын жарнамалауға бейнебаян түсіруге шақыратын деңгейге жеттім, дәмхананың жарнамасын жасадым. Үйірмедегі сабақтардың арқасында блог жүргізе бастадым, өзім үшін контент түсіремін, – дейді Мирас.
Алайда, «болашақ мамандығыңды осы саламен байланыстыруды жоспарлайсың ба?» деген сауалға жас мобильді фотограф: «Мен ұшқыш болғым келеді. Ал, фото және бейне түсіру – ол менің жеке хоббиім», – деп жауап берді.
Бұл орталықта қозғалысты ұнататындар үшін баскетбол, волейбол, футбол, үстел теннисі, көркем гимнастика, қазақ күресі, шахмат, каратэ, дзюдодан сабақтар ұйымдастырылады. Қыста балалар жаттығу залында, ал, жазда ашық стадионда жаттығады.
Волейбол секциясын спорт шеберіне үміткер, республикалық біріншіліктердің жүлдегері Аслан Ізбас жүргізеді. Оның екі тобында 50-ден астам ұлдар мен қыз балалар білім алады.
– Секция орталық ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда жағдай жақсы, жоғары сапалы жабдықпен қамтылған. Балаларға бұл жер ұнайды, волейбол танымал спорт түрі, сондықтан, бәрі онымен қуана айналысады. Алғашқы нәтижелер де бар. Біздің команда қалалық жарыста үшінші орын алды. Олардың жетістіктері сайтта жазылған, – дейді Аслан Ізбас.
– Мен мектеп командасында ойнадым, бірақ, жаңадан ашылған орталықты білген соң, осында ауыстым. Волейбол менің сүйікті спорт түрім. Ол шыдамдылыққа, командалық жұмысқа төселдіреді, мұнда нәтиже әр ойыншының дайындығына және өз орнын дұрыс таңдай білуіне байланысты. Ал, бапкер жағынан біздің жолымыз болды, жаттықтырушымыз өзінің шәкірттері үшін барлығына уақыт табады, – дейді екі жылдан бері волейболмен айналысып жүрген Айзере Асқар.
Бірақ, алғашқы күндерден бастап балалардың сүйікті орындарының бірі кітапхана десек болады.
– Мұнда күн сайын 100-150 бала келеді, олар негізінен, жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері, ал, одан кіші балаларды ата-аналары өздері әкеледі. Алғаш келгендердің бәрі ттаңқалғандарын жасыра алмайды. Лондон кітапханасындай орталықтың біздің елде де ашылғанын мақтан тұтады. Өйткені, стандартты кітапханалардан бір айырмашылығы, біздің кітаптар еденнен төбеге дейін сөрелерде жиналып тұр. Дайындалуға, интернетте жұмыс істеуге немесе өзіңізге ұнайтын кітапты оқуға ыңғайлы орындар бар, – дейді кітапхана меңгерушісі Сымбат Қуандықова.
Мұндағы кітапханамен тәжірибе алмасып, үйрену үшін еліміздің түкпір-түкпірінен делегациялар да келіп жатады. Кітапханада 20 мыңнан астам кітап болса, оның алты мыңы балалар әдебиеті. Сондықтан, келушілерді кітаптардың әралуандығы қуантады.
Кітап оқуды ұнататындар қатарында тек жергілікті балалар ғана емес, сонымен қатар, Астанадан келген оқырмандар да бар. Кітапханада тақырыптық іс-шаралар, мәнерлеп кітап оқу байқаулары, кітап көрмелері өткізіліп тұрады, яғни, балалардың назарын кітап оқуға аударып қана қоймай, оны сақтап қалу, кітаппен ұзақ жылдар бойы «дос болу» үшін үздіксіз жұмыстар жүргізілуде.
– Көбінесе олар қиял-ғажайып, шытырман оқиғаларға толы кітаптарды сұрайды. Ғылыми-көпшілік әдебиет, әсіресе, ғарыш туралы кітаптар қызықтырады. Гарри Поттер туралы кітаптар ұнайды, олар мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де оқылады. Балалар кейіпкерлері қызықты, ерекше сюжеттері мен жарқын иллюстрациялары бар кітаптарды қалайды, – дейді кітапхана меңгерушісі.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашылған мұндағы кітапхана балаларға көптеген тосынсыйларды жоспарлауда. Өйткені, орталықтағы жұмыстың да басты мақсаты балаларға шығармашылық, қуаныш, бақыт сыйлау ғой.
Наталья ЯКОВЛЕВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Қосшы қаласы.
Суреттерде: Қосшы қаласының комьюнити-орталығы және орталықта ашылған креативті хаб.