Эколог күніне арналған акция

Эколог күніне орай, Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға 500-ден астам адам – мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері, оқушылар, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты. Көгалдандыру жұмыстары барысында 200-ден астам ағаш көшеті – терек, шырша және қарағай отырғызылып, бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға сүбелі үлес болып қосылды.

Сенбілік аясында Есіл өзенінің жағалауын тазартуға ерекше көңіл бөлінді. Өзен бойында орналасқан барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер аудан орталығы Державинск қаласындағы жағалау сызығын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты.

– Таза табиғат әрбіреуіміздің жауапкершілігімізде. Мұндай игі істер табиғатқа деген құрметті қалыптастырып, өмір сүруге қолайлы орта құруға мүмкіндік береді. Акцияға қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын, – деді шара барысында Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков.

Акция аясында барлық елді мекендерде Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Таза ойындар» экологиялық сайысы өтті. Бұл – қатысушылар қоқысты жинап, сұрыптап, экологиялық тапсырмаларды орындай отырып, ұпай жинайтын командалық жарыс.

Сонымен қатар, осы орталықтың бастамасымен Державинск қаласында «Экологиялық граффити» арт-жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында қатысушылар табиғатты қорғауға шақыратын ұрандар мен эко-суреттер арқылы қабырғаны безендірді.

– Таза ойындар» және арт-граффити секілді форматтар арқылы біз жастарды экологиялық бастамаларға белсенді түрде тартуға тырысамыз. Бұл қоршаған ортаны қорғау идеясын заманауи әрі қызықты түрде жеткізудің тиімді жолы болып табылады, – деді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Молдабай.

«Таза Қазақстан» акциясы ауданда әлі де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық ағарту бағытында қосымша шаралар жүзеге асырылатын болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар