Жүректерді тербейді алғыс сезімі

Антына адал абзал жандар

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып жүрген ақ халатты абзал жандар мен осы сала ардагерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Кей мамандықты кәсіп десек, кейбірін тағдырға балап жатамыз. Осындай адам өмірі үшін күн сайын күресетін өте жауапты әрі абыройлы миссияны арқалаған медицина саласының майталмандары қашан да зор құрмет пен қошеметке лайық. Облыс әкімі Марат Мұратұлы өзінің құттықтау сөзінде қызметіне адал, елге жанашыр жандарға тәулікпен санаспай еңбек етіп жүргендері үшін алғысын жеткізді.

– Ұлт саулығы – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей. Олардың қайсарлығы мақтан тұтарлық» деп атап өткен болатын. Бүгінде денсаулық саласының басты міндеті – медициналық қызметтердің сапасын арттыру ғана емес, медицинаны барлығына қолжетімді ету. Бүгінде аймақтың денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер орын алуда. Жаңа ғимараттар салынып, емдеу мекемелері жөнделуде, заманауи автокөліктер сатып алынуда. Медицина саласына заман талабына сай технологиялар енгізілуде. Осының бәрі халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатындағы оң нәтижелер, –деп, өңір басшысы облыста «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Қазіргі уақытқа дейін облыста 28 медициналық көмек көрсету нысандары салынып, тағы 10 нысанның құрылысы жалғасуда.

Сонымен бірге, облыс әкімі Көкшетауда 630 орындық халықаралық деңгейдегі өңіраралық аурухана кешенінің,  Қосшыда 1 мың орынға арналған аурухана  ғимаратының құрылыстары жүргізіліп жатқанын атап өтіп, медицина мамандарына жасалып жатқан әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше назар аударды. Биылдан бастап өңірдің ауылдық аймақтарына келген мамандарға 5 миллионнан бастап 8 миллион теңгеге дейін көтермеақы қарастырылмақшы. Жалпы, біздің облыста халыққа медициналық көмекті 560 медициналық ұйым көрсетеді. Оларда 12 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың 2 мыңнан астамы дәрігер, 6 мыңға жуығы орта медициналық қызметкер және 4 мыңдайы кіші персоналдағы ақ халаттылар.

Марапаттау салтанатында өңірдің денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері мен медицина қызметкерлері  «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»  төс белгілерімен және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде адам өмірі үшін 14 сағат бойы күрескен және реанимациялық іс-шаралар кезінде жүрегі 4 рет тоқтаған әйелді аман алып қалған Аршалы аудандық және №2 көпсалалы облыстық ауруханасының 6 дәрігерін ерекше атап өтуге болады. Олар – № 2 көпсалалы облыстық ауруханасы директорының босандыру және нәрестелер мәселелері жөніндегі орынбасары Айгүл Қожағапарова, аталмыш аурухананың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Асығат Құдайқылов, анестезиолог-реаниматологы Жанболат Тоқсан және Аршалы аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Фатмана Афанасьева, хирург дәрігері Геннадий Зеленый, анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ерік Әбдіқайымов. Осындай адам өмірінің арашашысы болған жандар қашан да құрметке лайықты.

Салтанатты шара соңы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы ұжымының концертіне ұласты.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар