Көмек пен қолдау әрқашан зор жауапкершілік жүктейді

15 МАУСЫМ – МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ КҮНІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған өз Жолдауында: «Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» дей келе, ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғамның орнықты дамитынын баса айтып өткен болатын.

Еліміздің әр өңірінде Президент тапсырмасына сәйкес,  денсаулық сақтау жүйесі халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, сапасы мен сабақтастығын реттейтін бірыңғай жобаға айналуы үшін әлеуметтік бағдарламалар шоғыры қалыптасты. Соның нәтижесінде біз салада көптеген жетістікке жеттік. Жыл сайын өңірде медициналық пункттер ашылып, кадр тапшылығы азайып, ауруханалар жаңғыртылып, техникалық база нығайтылып, емдеу мекемелері медициналық көліктермен толығып, денсаулық саласы жаңа белестерге көтеріліп келеді. Расында да, отандық медицина мамандарының алдында үлкен жауапты міндеттер тұр. Еліміздің басты құндылығы адам болса, оның денсаулығын сақтау баршамыздың міндетіміз. Бұл ретте, өңірдің денсаулық сақтау саласының мамандары аянып қалып жатқан жоқ.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асырып, игеру  шеңберінде «Қазақстан жаңа нақты жағдайда әрекет ету уақыты», 2021-2025 жылдарға арналған «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобалары қолға алынды. Міне, осы бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде Ақмола облысында адамның өмір сүру ұзақтығы өткен жылдармен салыстырғанда біршама артып, белсенді өмір сүру 74,2 жасқа дейін өсті. Өңірде өлім-жітім көрсеткіші де азайып, 9,5 пайыздан 8,7 пайызға дейін төмендегені байқалады. Мұның барлығына әрине, ең алдымен сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі әсер еткені сөзсіз. Негізінен, өңірде жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітімді азайту үшін төрт бірдей тері арқылы коронарлық араласу орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда өткен жылы барлығы 753 коронография жасалып, 211 коронорлық тамырларға стенттеу жүргізілді.

Ауыл халқының денсаулығын сақтау да маңызды шаруалардың бірі. Өткен жылдары Степногорск қалалық ауруханасына және Атбасар аудандық ауруханасына жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын 111 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл қаражатқа аталған ауруханаларға ангиографиялық қондырғы, ультрадыбыстық диагностикалық құрылғы, лапароскопиялық және торакоскопиялық операцияларға арналған бейне эндоскопиялық кешендер жеткізілді. Ал биыл алдыңғы ауруханаға 650 миллион теңгеге магнитті-резонансты томографиялық сканер сатып алу жоспарлануда.

Мен өңір медицинасы толыққанды жолға қойылған, салада ешқандай кемшілік жоқ деуден аулақпын. Бізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі жеткіліксіз жұмыс істеуде, бұл әрине, өз кезегінде қан айналымы жүйесі ауруларының айтарлықтай өсуіне әкеліп отыр. Осы бағыттағы скринингтік тексерулердің қорытындысы бойынша, есепті кезеңде бар-жоғы 28 503 адам ғана тексерістен өтіп, сала мамандарының қызметіне жүгінген. Бұл сәйкесінше, жүрек ауруларының артуына әкеліп отыр. Тексерістер бірнеше өңірлерде дұрыс жүргізілмеген скрингтер мен әлсіз жүргізілген медициналық тексерулерді айқындап берді. Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған олқылықтарды жоюға қатысты нақты шешімдер қабылдап, саланы жақсартуға бағытталған маңызды қадамдарға баруда. Мәселен, ауыл халқының денсаулығын нығайту мақсатында Целиноград ауданындағы медицина мамандары тапшылығын жою үшін жекеменшік қор есебінен 40 медбике оқытылып, 9 ЭКГ аппараты, 10 дербес компьютер сатып алынды. Сонымен қатар, шалғайдағы ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін облыста қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, соның ішінде, рентген, УДЗ, ЭКГ және гинекологиялық тексеру аппараттарымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Алайда, бұл барлық аймақтарға жетіп үлгермегендіктен, саладағы оң динамикаға кері әсерін тигізуде. Ағымдағы жылы тағы екі елді мекенге осындай жылжымалы маммография қондырғысын сатып алу жоспарлануда.

Өкінішке орай, өңір халқының денсаулық мәселесінде қатерлі ісік аурулары да айтарлықтай орын алады. Қабылданған шараларға қарамастан, бұл аты жаман аурудың 0-1-ге дейінгі сатысы бойынша көрсеткіш 24,6 пайыздан 25,5 пайызға дейін өскені байқалды.  Ал, аталған аурудың 3-4-ке дейінгі сатысы керісінше, 26,2 пайыздан 25 пайызға төмендегені белгілі болды. Мен өз кезегімде тұрғындар арасында медицина мамандарын жұмылдыра отырып, онкологиялық сағаттар өткізіліп, әрбір науқасқа ерекше көңіл бөлініп, оларға ем тағайындау кезінде, құжаттарын рәсімдеуде әртүрлі жеңілдіктер қарастырылып жатқанына назар аудартқым келеді. Соған қарамастан, тұрғындар арасында онкологиялық аурулар көрсеткіштері жыл санап артып келеді.

Бүгінде облыста барлығы 12 мыңға жуық ақ халатты абзал жан бар. Олардың 2170-і жоғары санатты білікті дәрігерлер болса, 5999-ы орта буын, ал, 4190-ы кіші буын медицина қызметкері болып саналады. Біздің облысымызда да дәрігерлер жетіспейді, оны біз ешқашан жасыра алмаймыз. Өңірде жалпы медицина мамандарының тапшылығы 289,5 штаттық бірлікті құрап, 190 дәрігер жетіспей отыр. Дегенмен, жыл санап кадр тапшылығын түбегейлі жоймасақ та, оны азайтуға бағытталған шараларды жүзеге асырудамыз. Мәселен, 2024 жылы облысқа 174 дәрігер тартылса, оның ішінде 129 дәрігер әлеуметтік қолдауға жүгінді, яғни, ауылға жұмысқа тұрғандар 5 миллион теңгеден алғашқы қосымша көмек алса, қаладағы медициналық мекемелерге орналасқан мамандарға 2,5 миллион теңгеден қаражат қарастырылды.

Өкінішке орай, бұл төлем әлі түспей жатқан жекелеген мысалдар да бар. Мен осы ретте, медицина мамандарының күрт тапшылығын азайтуға бағытталған мына бір жайтты ерекше атап өтейін деп отырмын. Ағымдағы жылдың сәуір айында ауылдық жерлерде кемінде бес жыл мерзімде жұмыс істей алатын акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог және офтальмолог мамандарына төленетін біржолғы төлемді 8,5 миллион теңгеге дейін өсіру туралы қаулы қабылданды. Облыстық Қоғамдық кеңестің шешімімен бекітілген бұл қадам – әрине, медицина мамандарының мәртебесін көтеріп, саладағы кейбір олқылықтарды оңалтуға әсер ететіні сөзсіз.

Тағы бір қуанарлық жағдай, 2025 жылы Ақмола облысының бөлген гранты бойынша медициналық оқу орындарының 83 түлегі оқуын ойдағыдай аяқтап, осы салада жұмыс істеуге құлшыныс білдіріп отыр. Бұдан бөлек, республикалық грантпен оқыған 24 түлекке де облысымызда жұмыс істеуге өтініш берілді. Өңірімізге шақыртылған бұл дәрігерлердің барлығына біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылып, олар жалдау ақысын төлеу бойынша баспанамен қамтылады. Жалпы, өңірдің медициналық ұйымдарын білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын облыстық бюджеттен резидентурада оқуға 35 грант және «Жалпы медицина» мамандығының бакалавриатын оқытуға 50 грант бөлінеді. Қазіргі таңда облысымызда медицина мамандығы бойынша барлығы 423 адам білім алуда. Оның 334-і бакалавриатта, 89-ы резидентурада оқиды. Мен бұл ретте, өңірде дәрігерлер тапшылығын жою мәселесі басқарманың тұрақты бақылауында екенін айтқым келеді.

Енді тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандырудың мемлекеттік қоры аясындағы жұмыстарға келсек, облыс бойынша ауруханалардағы төсек-орындарының саны 4688, яғни, біз бүгінде бір мезетте науқастардың 42,2 пайызын жоспарлы емдеуге жатқызуға қауқарлымыз. Бұл, әрине, орта есеппен алғанда өңірде жоспарлы төсек-орын жүз пайызға жеткілікті дегенді білдірмейді. Десе де, Астрахан, Қорғалжын, Есіл, Атбасар, Жақсы, Бурабай аудандық ауруханалары қажеттілік туындаған жағдайда, науқастарды өздеріне шұғыл жатқызу мүмкіндігіне ие екенін айтқым келеді.

Сонымен қатар, өңірде науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі де өзекті. Бізде тегін дәрі-дәрмек тарату ісімен 105-ке жуық дәріхана пункті айналысады, оның 86-сы ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша, облыстың медициналық ұйымдарында 120 мың адам аурудың 102 сатысы бойынша 6 миллиард теңгенің 487 түрлі тегін дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Ағымдағы жылға жоспарланған дәрі-дәрмектің алғашқы жеткізілімі қаңтар айынан басталды. Биыл жыл аяғына дейін 12 миллиард теңгеден астам қаражатқа дәрі-дәрмек жеткізіледі деп жоспарлануда.

Өңірде медициналық мекемелерді жаңғырту, жаңаларының құрылысын жүргізу жұмыстары да қарқын алуда. Мәселен, алдағы уақытта «Ауыл халқының денсаулығын сақтау» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде  38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын салу жоспарланып отыр. 2024 жылы осындай 28 нысан пайдалануға берілген.

Қазіргі уақытта біз Степногорск және Атбасар қалаларының екі ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отырмыз.

Бүгінгі таңда өңірдегі емдеу  мекемелерін медициналық техникамен қамтамасыз ету деңгейі 83,6 пайызды құрап отыр. Биыл жалпы трансферттер аясында 191 медициналық құрал-жабдық сатып алуға 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Бұдан бөлек, онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын жүзеге асыру үшін 14 медициналық құрал-жабдық сатып алуға 1,9 миллиард теңге қарастырылды.

Міне, жоғарыда келтірілген мысалдардан байқалып отырғанындай, облыс әкімдігінің ерекше көңіл бөлуінің арқасында сала инфрақұрылымында айтарлықтай жаңашылдықтар орын алып, медицина қызметкерлеріне бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары көрсетілгенін атап өткім келеді. Өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің алдында нақты да, ауқымды міндеттер тұр. Оларды сапалы жүзеге асыру барша медицина мамандарының алдындағы жауапкершілікті іс. Осы жолда тынымсыз еңбек етіп келе жатқан барша ақ халатты абзал жандарды алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың әрқайсысына табыс, отбасыларына бірлік пен береке тілеймін!

Серік ОМАРХАНОВ,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар