Көкшетау қалалық электр желілері кәсіпорнының шұғыл қызмет көрсету бригадасының электр монтері Виктор Шапкин Зеренді ауданының Пухальск селосында дүниеге келген. Еңбек жолын 1989 жылы Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандандырылған автобазасының жүкшісі болып бастады. Кейін ағаш шебері жұмысына ауыстырылды.
1990 жылы ол үшінші разърядты ағаш шебері мамандығымен Көкшетау қалалық электр желілері кәсіпорнына жұмысқа келді. 1990 жылдың қарашасынан әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерден кейін аталған кәсіпорынға электр сымдары желісі қызметінің электрмонтері болып қайтадан жұмысқа кірді. 2001 жылы шұғыл диспетчерлік қызмет саласының шақыруларға шығып тұратын бригадасының электрмонтері қызметіне ауыстырылды.
Содан бері әріптестері оның тек тындырымдылығы мен адал еңбегіне ғана куә болып келеді. Өндірістегі жоғары көрсеткіштері үшін өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, биылғы жылдың наурызында компанияның «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды.
Көкшетау қалалық электр желілері кәсіпорнының кадрлар қызметінде Виктор Николаевичті тек жақсы жағынан атайды. Ол өз ісінің шебері, адал әрі жауапкершілігі мол қызметкер. Әріптестеріне қол ұшын беруді, қысылтаяң сәттерде жан жылуын аянбауды өзінің парызы деп біледі. Ұдайы электр желілері саласында болып тұратын апатты жағдайлардың алдын алуға, өзіне тапсырылған кез-келген жұмысты мерзімінде және сапалы атқаруға бар күшін салады. Бұған қоса, жанындағы жас мамандарға да өзінің бай тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Оның қол астында көптеген электрмонтерлер тәжірибеден өткен. Олардың ішінде бұл күндері «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің белді қызметкерлері болып табылатын мамандық иелері көп.
Виктор Шапкин бір кәсіпорында 35 жылдан астам уақыт тапжылмай еңбек етіп келеді. Осы жұмыс орнынан зейнет демалысына шығуды армандайды. Өйткені, бір орында еңбек етудің қадірін білетін Виктор Николаевич басы артыққа қызықпайды. Қарапайым еңбегімен кәсіпорын, ел дамуына үлес қосу оның басты өмірлік қағидасы.
–Маған өз жұмысым ұнайды. Денсаулығым жетіп, осы сүйген ісіммен айналыса берсем деп ойлаймын, – деген жүрекжарды лебізінде де озат электрмонтердің өз ісіне жоғары жауапкершілігі жатыр. Жалпы, Виктор Шапкин еңбек ететін сала қауіпсіздік техникасын дұрыс сақтамаса, асығыстыққа немесе ұқыпсыздыққа салынып, сәл қиыс кетсе, адам денсаулығына, тіпті өміріне де қауіпті сала. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Электр қуаты деген ұғым бір жағынан тұрмыс қолайлылығын білдірсе, екінші жағынан қауіп-қатерден сақтандырып тұрады. Сондықтан, Виктор Николаевич өз шәкірттерін, жас мамандарды қол астында тәжірибеден өткенде осы жағына да мұқият болуға үндеп, үнемі адам үшін өмір қымбат екендігін естен шығармауларын қатты қадағалайды. Ал, тәртіп пен жанашырлық бар жерде жұмыс та алға басатыны анық.
Қиындықтан қаймықпау, ұдайы өз мамандығыңды жетілдірумен айналысу да біздің кейіпкеріміздің басты мұраты. Осы кәсіпорында Виктор Шапкин да талай өткелектерден өтті. Өйткені, кешегі тоқсаныншы жылдардың аяғы, екі мыңыншы жылдардың басы бүкіл тәуелсіз еліміз үшін үлкен сын болса, соны кез-келген ұжым да өз бастарынан өткізді. Көкшетау электр желілері кәсіпорнында да сол тұста өндіріс кенжелеп, жабдықтар мен өзге де керек-жарақтың тапшы соғуы бірталай қиындықтар туғызды. Соның салдарынан күндіз де, түнде де оқыс жағдайлар, жарықтың өшуі жиі орын алып, сала мамандары ана жердегі, мына жердегі ақауларды түзейміз деп дамыл таппады.
Бүгінде сол тұйықтан шыққанымызды, бәрі орнына келіп, өмір өз ретімен алға басып жатқанын кейіпкеріміз жақсылыққа балайды. Өз жұмыстарында да көп игі өзгерістер орын алуда. Жаңа басшылық келген соңғы бес-алты жылдың ішінде «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек жағдайы анағұрлым жақсарған. Жалақы өсіп, техника ұдайы жаңара түсуде. Бұрынғы қарабайыр жабдықтар осы заманғы автоматтандырылған қондырғыларға ауыстырылып, арнайы жұмыс киімдеріне дейін көңілге қуаныш ұялатуда. Бір сөзбен айтқанда, компания қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеулері үшін барлық мүмкіндік бар.
Соны сезінген Виктор Шапкин да бойындағы бар білімі мен білігін, қажыр-қайратын ортақ іске молынан бағыттағысы келеді. Осы мақалада айтылғанындай, еңбек озаты тарапынан солай болып та жүр.
Қарлыға МҰҚАТАЕВА,
«Көкшетау Энерго» ЖШС бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі.
![]()

