Салық дауларын әкімшілік сотта қарау тәртібі

Заң және заман

Салық даулары – салық салудың нақты мәселелері бойынша дауласушы тараптар арасында туындайтын даулардың бір түрі ол соттан тыс тәртіппен жоғары тұрған салық және уәкілетті органдарда немесе сот тәртібімен соттарда реттелуге жататын жария-құқықтық маңызға ие.

Салық даулары бойынша әкімшілік істерді даулау нысаны салық органдарының әкімшілік актілерді, сондай-ақ, лауазымды адамдардың өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде жасаған әрекеттері не әрекетсіздігі болып табылады.

Әкімшілік іс жүргізудің міндеті – әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру, сондай-ақ, қоғамдық-құқықтық қатынастарда бұзылған немесе дау тудырған құқықтарды ӘРПК-нің 5-бабының 2-тармағы бойынша қорғау.

Әкімшілік істерде салық даулары бойынша дауланатын нысана – салық органдарының әкімшілік актілері, сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың атқарушы өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында жасаған әрекеттері не әрекетсіздігі.

Мысалы, сотта салық төлеуші салық органының тексеруді тағайындау туралы, салық берешегін өтеу туралы шешімдеріне, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, көлденең мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға, сондай-ақ, салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы.

Тану туралы талап бойынша салық төлеуші (салық агенті) салық органының заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін заңсыз деп тануды талап ете алады. Мұндай жағдайда сот талап қоюшының талабы бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні, егер ол бұрын жойылған болса немесе оның күші өзге тәсілмен (оның орындалуын қоса алғанда), оның ішінде оның қандай да бір бөлігінде күші жойылған болса, заңсыз деп тануға құқылы.

Салық кодексінде дауды сотқа дейінгі міндетті реттеу белгіленбеген, бірақ, салық төлеушінің өз қалауы бойынша салық органдарының шешімдері мен әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағымданудың балама тәртібі белгіленген.

Салық кодексінің 96-бабының 4-1-тармағына сәйкес, салық төлеушінің камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешімге шағымдануы оны жоғары тұрған салық органына және уәкілетті органға немесе сотқа тапсырған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Салық органының әкімшілік актісіне дау айту туралы талап-арыз әкімшілік акт ісі тапсырылған күннен бастап бір ай ішінде, ал, шешімге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалған жағдайда шағымды қарайтын органның шешімі тапсырылған күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Салық кодексі салық органдарының әкімшілік актілерінің жекелеген түрлеріне шағымдану үшін арнайы мерзімдерді белгілейді. Мәселен, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдану үшін оны тапсырған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішіндегі мерзім көзделген. Жоғары тұрған салық органына немесе сотқа камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешімге шағым беру оны тапсырған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға уәкілетті органға шағымдану мерзімі хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнін құрайды. Сотта салық органдарының шешімдеріне қарсы шағымдардың көпшілігі салықтық тексеруді тағайындау туралы; салықтық тексеру нәтижелері туралы; камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы; салық берешегін өтеу туралы болады.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2025 жылғы 31 мамырға дейінгі кезеңде Ақмола облысының ЖБТЖ салық органдарына 291 әкімшілік талап қою ісі келіп түскен, оның 188-і шешім шығарумен аяқталған, қанағаттандырылған талап қоюлардың үлесі 72 немесе 38 пайызды құрайды, 17 іс бойынша жеке ұйғарымдар шығарылды.

Дәлелдеу ауыртпалығы салық органына іс бойынша жауапкер ретінде жүктелген. Салық органы жауапкер ретінде даулы әкімшілік актіде айтылған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Салық органдары өз актілерін негіздеу кезінде салықтық әкімшілендіру шеңберінде алынған жазбаша дәлелдемелерді ұсынуға тиіс. Талап қою келесі негіздер бойынша қанағаттандырылған: салықтық тексеру жүргізу немесе оны тіркеу туралы нұсқаманың құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының болмауы мұндай тексерудің және оның нәтижелері туралы актінің жарамсыздығына әкеп соғады; тексеру нысанасы, оның кезеңі, жіберілген бұзушылықтар, оларды жою жолдары, кезеңді көрсете отырып, салық есептілігін ұсыну және салықтар мен бюджетке төлемдер төлеу жолымен, тыңдауға дейін алдын ала шешіммен таныстырылуы тиіс; салық органының заң шығарушының әкімшілік рәсімдерге қойылатын талаптарын бұзуы, әкімшілік рәсім ӘРПК-нің 10-тарауында баяндалған ӘРПК нормаларына сәйкес келуі, өтініш берушінің дәлелдерін зерттеудің толық болмауы, тыңдау хаттамасы кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіріле отырып, ӘРПК-нің 74-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс; ресімдеудің электрондық тәсілі кезінде әкімшілік актілерде лауазымды адамның ЭЦҚ болмауы; әкімшілік актіде қолдың болмауы (құжатты ресімдеудің және тапсырудың электрондық тәсілі кезінде ЭЦҚ) не актіні қабылдаған сәтте оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адамның қолының болуы, бұл әкімшілік актіні қабылдау тәртібін елеулі түрде бұзу болып табылады. Мұның өзі мұндай актіні заңсыз деп тануға және оның сөзсіз күшін жоюға әкеп соғады; салық органының әкімшілік актіні шығарған оның әкімшілік актіге жоғары тұрған салық органына және сотқа шағымдану құқығын түсіндірмеуі және іске асырмауы салық төлеушінің құқықтарын өрескел бұзу болып табылады және әкімшілік актінің күшін жоюға әкеп соғады.

Сот тәжірибесінен байқалғанындай, кәсіпкерлік субъектісі серіктестік ұйғарымның күшін жою туралы салық органына талап қоюмен сотқа жүгінген. Талап қоюшының дәлелдері салық органы әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібінің, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғуына негізделген.

Жоғары тұрған салық органы серіктестікке қатысты жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеруді тағайындау туралы бұйрық шығарғаны және 2020 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде серіктестіктің КТС және ҚҚС бойынша салық міндеттемелерін орындау мәселелері бойынша облыстың салық органына тексеру жүргізу тапсырылғаны іс материалдарынан  анықталды. Облыстың салық органы ұйғарым шығарды, ол прокуратураның Құқықтық статистика органдарында тіркелді. Жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге ұйғарым шығару туралы алдын ала шешімге тыңдау рәсімі жүргізілді, нәтижелері бойынша тыңдау хаттамасы жасалды. Тыңдау хаттамасында серіктестік өкілі айтылған бұзушылықтармен келіспейтіні көрсетілген. Әрі қарай нұсқама мен тексеру парағы табысталған. Комитет серіктестіктің шағымын қарау қорытындысы бойынша шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы алдын ала шешім шығарған.

ӘРПК-не сәйкес, әкімшілік рәсім деп әкімшілік органның, мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адамның азаматтар мен ұйымдарға қатысты билік өкілеттіктерін іске асыру жөніндегі қызметін жүзеге асырудың заңмен қатаң регламенттелген тәртібі түсініледі. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, бақылау және қадағалау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде бұл жағдайда нұсқамаға шағымдануға құқылы.

Хабарламада серіктестіктің атына тыңдау күні мен уақыты туралы хабарланды, жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама түрінде қабылданған алдын ала шешім туралы көрсетілді, бұл ретте алдын ала шешімнің өзі серіктестік өкіліне тапсырылмады. ӘРПК-нің 74-бабы 2-бөлігінің 4), 5) тармақшаларына сәйкес, тыңдау хаттамасында қаралатын мәселенің мазмұны, түсіндірмелердің, сұрақтар мен жауаптардың, қатысушы адамдардың сөйлеген сөздерінің мазмұны көрсетіледі.

Сот тыңдау хаттамасының мазмұнын зерделеген кезде қаралатын мәселенің нақты мазмұнын анықтау мүмкін емес. Тексерудің нақты нысанасын, тексерілетін тексеру кезеңін көрсетпей, серіктестікке қатысты уәкілетті органның шешімі негізінде жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы ғана көрсетілген. Бұдан басқа, тыңдау хаттамасында көрсетілген бұзушылық фактілерімен келіскен жағдайда серіктестіктің салық есептілігін ұсыну және бюджетке салықтар мен төлемдер төлеу жолымен бұзушылықтарды өз бетінше жоюға құқығы бар екендігі расталады. Келіспеген жағдайда комитеттің бұйрығына сәйкес жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындалады.

Сонымен қатар, салық органы серіктестікке салықтық тексерудің нысанасын, тексерілетін тексеру кезеңін, оның ішінде салық органы белгілеген бұзушылықтар фактілерін, сондай-ақ, оған қандай кезең үшін қандай есептілікті ұсыну қажет екенін, яғни, өзін-өзі жою жолдарын жеткізген жоқ. Тыңдау хаттамасында жоғарыда көрсетілген қарастырылатын мәселелердің мазмұны, сондай-ақ, түсініктемелердің, сұрақтар мен жауаптардың, сөз сөйлеулердің мазмұны жоқ. Серіктестік өкілі бұл ережені бұзушылықтармен келіспейтінін әрі бұл хаттамада жазылғанын айтқан.

ӘРПК-нің 74-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ӘРПК қатысушысы рәсімдер және әкімшілік рәсімге қатысатын өзге де адамдарды тыңдау хаттамасына олар әкімшілік істерді қарау  үшін маңызды деп санайтын нақты мән-жайлар туралы мәліметтерді енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы. Соттың тыңдау хаттамасын зерделеуі тыңдау рәсімі ресми түрде жүргізілді деген қорытындыға келді, бұл рәсім әкімшілік рәсімде тараптардың жариялылығы қағидатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және серіктестіктің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын алдын ала шешім қабылдауға әсер етеді.

Серіктестік тексеру нысанасын білу, алдын ала шешімді тыңдағанға дейін танысу, бұзушылықтарды өз бетінше жою, өтініш хаттарды мәлімдеу, әкімшілік акт қабылданғанға дейін өз ұстанымын білдіру құқықтарынан айырылды, бұл нұсқама нысанында салық органының даулы шешіміне тікелей әсер етеді.

Салық даулары бойынша татуласуға 16 іс бойынша қол жеткізілген, сот медиация туралы келісімдерді бекіту кезінде салық органы әкімшілік қараудың шегінен аспағанын және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарға сәйкес келетіндігін анықтады. Өйткені, салық төлеуші даулайтын салық органының әрекеттері салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген сомаларын даулауға байланысты емес деген қорытынды туады.

Ләззат ВАЗИРОВА,
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы.

сурет: encrypted-tbn0.gstatic.com

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар