Қоршаған ортаға ірі кәсіпорындар залал келтіреді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте қоршаған ортаның жай-күйіне барынша әсер ететін ірі кәсіпорындардың қызметі баяндалды. Ақмола облысы бойынша ндағы экология департаменті басшысының орынбасары Тұрар Қартамұлы ауаға кері әсер ететін кәсіпорындарға тексерістер тек шағым түскенде ғана ұйымдастырылатынын айтты.  

Бүгінгі таңда Ақмола облысының аумағында қоршаған ортаның жай-күйіне елеулі әсер ететін бірінші санаттағы 8 ірі кәсіпорын бар екен. Олар – «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты», «Қазақалтын», «Аltyntau Kokshetau», «Семизбай-U», «Көкшетау Жылу» «Өркен» «SSAP», «Степногорск жылу электр орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

–Бұл 8 кәсіпорын Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес I санаттағы объектілерге жатқызылған, өйткені, олардың өндірістік қызметі қоршаған ортаға ластаушы заттардың үлкен шығарындыларымен, қалдықтардың пайда болуымен және кешенді экологиялық рұқсатты міндетті түрде алуды талап ететін өзге де техногендік әсермен ұштасады. 2024 жылы Ақмола облысы бойынша атмосфераны ластаушы заттардың жалпы шығарындылары 110,6 мың тоннаны құрады. Десе де, бұл жағы алдыңғы жылдарға қарағанда, 4,9 мың тоннаға төмендеген. Мәселен, «Көкшетау-Жылу» мекемесі 2023 жылмен салыстырғанда шығарындыларды 3643 тоннаға, «AltyntauKokshetau» акционерлік қоғамы 380,3 тоннаға, ал, «Қазақалтын» серіктестігі 429 тоннаға төмендетті, –деді департамент басшысының орынбасары.

Баяндамашының мәлімдеуінше, эмиссиялардың азаюына бірінші кезекте, табиғатты пайдаланушылардан табиғатты қорғау іс-шараларын, табиғатты пайдалану бойынша белгіленген шарттарды, сондай-ақ, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде берілген нұсқамаларды орындау талаптарын талап етуге байланысты қол жеткізілген. 2024 жылы кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды төмендетуге 541 780 440 теңге бағыттапты.

–Табиғатты қорғау іс-шараларын енгізу шеңберінде департамент кәсіпорындардың аумақтарын және олардың санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізуде, – деген департамент басшысының орынбасары кәсіпорындардың табиғатты пайдалану бойынша рұқсат етілген құжаттарының жарамдылық мерзіміне тоқталды. Сонымен бірге, ол облыс аумағында жұмыс істеп тұрған бірінші санаттағы осы сегіз ірі объектінің ішіндегі екеуі мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне (МАЖ) міндетті түрде енгізілуі тиіс екендігін, оның ішінде бұл жүйеге «Степногорск ЖЭО» серіктестігі ғана қосылғанын мәлімдеді. Ал, «Көкшетау Жылу» мекемесін қосу үшін МАЖ құрылысының жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліпті. Бүгінде құрылыс бөлімі мердігерлік ұйымды анықтауға конкурс та өткізген. Қазір жобаны қаржыландыру және іске асыру мәселесі шешілуде. Көкшетау қалалық әкімдігінің Жол картасына сәйкес МАЖ-ды орнату мерзімі 2025 жылдың 30 қарашасы деп белгіленген.

Облыс аумағындағы қатты қалдықтардың негізгі көлемін өнеркәсіптік қалдықтар құрап отыр, олардың негізгі бөлігі аршылған жыныстарды, байыту қалдықтарын, сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметінен шыққан күл-қож қалдықтарын қоса алғанда, техногендік-минералдық түзілімдерден тұрады. Аталған қалдықтардың пайда болуына минералдық шикізатты өндіруді және қайта өңдеуді жүзеге асыратын I санаттағы ірі объектілердің, сондай-ақ, жылу энергетикалық кәсіпорындардың қызметі көп салдарын тигізуде. Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 50 110 231 тонна осындай түзілім орын алып, оның 1 100 210 тоннасы қайта өңделген, бұл 20,5 пайызды құрайды. Сонымен бірге, брифинг барасында департаменттің жүргізген тексерістері туралы да сөз болды.

–Жоспардан  тыс тексерістер арыз-шағымдардың негізінде жүргізіледі. Соңғы 3 жыл ішінде «Степногорск ЖЭО» қоспағанда, жоғарыда аталған ірі кәсіпорындарға қатысты тексерістер жүргізілген жоқ. 2024 жылы Степногорск қаласы тұрғынының өтініші бойынша «Степногорск ЖЭО» қазандығын жағу кезінде көмір шаңының қалыптасу мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесінде серіктестікке 553800 теңге сомасында айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, –деді департамент басшысының орынбасары.

Жалпы, брифингтен ұққанымыз, айналаңызда қоршаған ортаға кері әсер ететін жағдайларды байқаған болсаңыздар, аталмыш департаментке өтініш-шағым түсіру қажет, әйтпесе, олар атмосфераны ластап жатқан кәсіпорындарды білсе де, шағымсыз тексеріс жүргізе алмайды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар