Егіндікөз ауданында 30 жылға жуық орталықтандырылған жылу жүйесі болмаған көрінеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Юрий Курушин осы мәселенің шешіле бастағанын хабарлады. Аудан әкімінің брифингі ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында өңірде атқарылған жұмыстар мен даму перспективалары тақырыбында өтті.
Баяндамашы өз ақпаратында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен даму көрсеткіштерін қорытындылап, биылға жоспарланған жобалардың іске асырылу барысын таныстырды. Төрт айдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өнеркәсіптік өндіріс өнімдерін өндіруді қоспағанда, оң қарқын байқалады.
–Ауданның ең өзекті мәселелерінің бірі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бүгінгі күні Сабынды ауылынан бастау алатын Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту жұмысы толығымен аяқталып, халықты таза ауыз сумен қамту жайы оңынан шешілді. Десе де, осы бағытта әлі де тиісті шаралар қабылданып, жұмыс жалғасуда, –деді Юрий Викторович.
Сонымен бірге, ол көптеген жылдар бойы ауданда орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан, аймақ тұрғындары қысқы маусымда қатты қиналатындарын алға тартты. Әкімшілік ғимараттарында ғана болмаса, қарапайым халық үшін қысқы жылыту маусымы елең-алаңмен өтетіндігін жеткізді.
–Халыққа жағдай жасау мақсатында орталықтандырылған жылуға арналған қазандық салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, облыстық және аудандық бюджеттерден қаржы қарастыруды өтіндік. Нәтижесінде 95 миллион теңге бөлініп, оған шағын аудан мен көп пәтерлі үйлерді жылытатын жаңа жылу қазандығы салынды. Облыстық әкімдіктің қолдауымен салынған жеке қазандық биылғы жылыту маусымында іске қосылып, 200-ге жуық отбасы жылумен қамтылады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға жылу беріп тұрған орталық қазандық жүйесі де жаңғыртылды. Алдағы уақытта одан Жамбыл мен Жеңіс көшелеріне де жылу тартатын боламыз. Бұл жұмыстарға 50,5 миллион теңге бөлінді, ал, Егіндікөл ауылының оң жағындағы үй-жайларды қосу үшін жылу трассасын өткізуге тағы 32 миллион теңге ақша бағыттаймыз, –деді Ю.Курушин.
Аудан әкімінің айтуынша, жоба толық іске асырылғанда 700-ге жуық адам, оның ішінде 71 отбасы шағын ауданда және осыншамасы ауыл орталығында жылумен қамтылады. Жоба сәтті іске қосылса, егіндікөлдіктер пеш жағу мәселесін ұмыта бастайды.
Брифингте орталық саябақты көркейту, алғашқы тың игеру техникалары музейі мен бұрынғы сауда орталығының орнына спорттық алаң ұйымдастыру бойынша да жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқаны, елді мекендердің көше жолдары жөнделіп, аулалар мен тұрғын үйлердің маңы абаттандырыла бастағаны, Жеңіс саябағының қайта жаңғыртылып, маңайы көркейтілетіні туралы да айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

