Жаздың аптабында орман өртіне жол беріп алмайық

Қаперіңізде болсын!

Елімізде, соның ішінде біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде жаз айларында өрт қаупі өте күшті. Өйткені, күн қазір күйіп тұр.

Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Сондықтан, әрбір азамат табиғат аясына шыққанда міндетті түрде тазалықты сақтай отырып, орманда  қоқыс тастамаған, оны жинап өзімен бірге ала кеткені жөн. Орманға дем алуға барған әрбір жан сондай қоқысты жинап, оны арнайы жерлерге тастаса, өрт қауіпсіздігінің де алдын алар еді. Ал, бізде дем алуға барған адамдардан кейін көбінесе қоқыс шашылып жатады. Сол себепті, орманда өрт шығу себептерін саралағанда, оның көбінесе адамдардың өз кінәсінен болатыны анықталып жатады. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру, орман шаруашылығы қызметкерлері ғана жүргізбей, қоғамдағы барлық адамдар да осыны түсініп, қаперлерінде ұстаулары керек.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болатыны да бекерден-бекер емес.

Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы үнемі айтылып, ескертіліп отырады. Әрине, ормандардағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Рас, кейде ормандардың жануы найзағайдың әсерінен де болуы мүмкін. Бірақ, ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Орман өрті негізінен, адамдардың кінәсінен орын алады. Мәселен, сөндірілмеген темекі не сіреңке, аңға шығу кезінде атылған оқтан тұтанған жалын да өрттің шығуына жетіп жатыр. Орманға тастаған тұтануға бейім майлы материалдар, орман ішінде болған саяхатшылар мен дем алушылардың немесе ауыл шаруашылығы жұмысшыларының кепкен шөп пен кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерде алау жағуы, күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кету, шаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде өрт шығатын заттарды қолдану, тағы басқалары да орман өрттеріне қатты себеп.

Сондықтан, орманды өрттен сақтау баршамыздың алдымыздағы басты міндет болып қала бермек. Мұның әсіресе, жаз айларында маңызы өте зор. Соны әрдайым есімізде ұстап, орман өртіне жол бермегеніміз абзал.

                                        Тетейхан МОЛДАБЕК,
 «Самарбай» орман шаруашылығының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар