Ынтымақтастық
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Орталық Азия – Қытай» II индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қытайдың бірқатар мемлекеттік компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында өзара серіктестік пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Ақмола облысы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Бүгінде өңір жыл сайын 524 мВт көлемінде жасыл энергия өндіреді.
Атап айтқанда, өңір басшысы жел генераторларын өндіру және жел электр станцияларын салу саласына маманданған Windey Energy Technology Ltd. Co компаниясының басшылығымен келіссөз жүргізді. Тараптар облыс аумағында жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. Қытайлық тарап Аршалы ауданында турбиналар орнатылғанын және жобаны кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Қазіргі уақытта өндірісті жергіліктендіру, желіге қосылу және техникалық тораптарды анықтау мәселелері пысықталуда. Жақын арада тараптар Аршалы және Ерейментау аудандарындағы әлеуетті алаңдарды егжей-тегжейлі зерделемекші.
Марат Ахметжанов Ақмола облысы жобаны іске асыруға қажетті барлық жағдайды жасауға, соның ішінде инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, сүйемелдеу және жүйелік операторлармен өзара іс-қимыл орнатуға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі Қытайдың дәстүрлі және баламалы энергетика саласындағы ірі өндірушілердің бірі – State Power Investment Corporation компаниясының басшылығымен кездесті. Делегацияны Shanghai Electric Power Co., Ltd. компаниясының бас директоры және SPIC-тің халықаралық жобалар жөніндегі директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Чэнь бастап келді.
Келіссөз барысында тараптар республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы аумағында өндірістік қуаттар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жергіліктендіру бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Аталған аймақ елордаға іргелес орналасқан және қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Өңір басшысы Ақмола облысында тұрақты электр энергиясы бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі күні облыста жалпы құны 284 миллиард теңгені құрайтын жаңартылатын энергия көздері бойынша 17 жоба жүзеге асырылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы электр энергиясы өндірісінде жаңартылатын көздердің үлесі 78,5 пайызды құрады. Ал, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың республика бойынша «жасыл» экономиканы дамытуға қосқан үлесі 30 пайызға жетті.
Айта кетейік, жүргізілген зерттеулерге сәйкес өңірдегі желдің орташа жылдамдығы секундына 7–12 метрді құрайды, бұл жел электр станциялары үшін оңтайлы көрсеткіш болып саналады.
Қытай делегациясы SPIC компаниясының қатысуымен Ақмола облысында көзделген жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіріп, өңірдегі осыған қарастырылған қолайлы инвестициялық ахуалды және ұзақмерзімді серіктестікке әзірлікті оң тұрғыдан атап өтті.
Shanghai Electric Power Co., Ltd. компаниясының бас директоры Хуан Чэнь Қытай тарапы үшін Қазақстан энергетика саласындағы сыртқы ынтымақтастықтың басым бағыты болып саналатынына ерекше тоқтала кетті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен жұмыс топтарын құру және инвестицияларды қорғау туралы келісім жобасын дайындау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Облыс әкімі өз тарапынан мұндай жобаларды жүзеге асыру мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және облыстың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

