Асыл мұра
Осынау боз даланың төсінде, жырмен бірге сыр шертіп, ел жүрегіне нұр ұялатқан дара тұлғалар аз болмаған. Солардың ішінде дауылды сөзімен, сырнаймен тербеткен сазды үнімен, ақындық қуатымен халқының махаббатына бөленген өнер иесі, біздің жерлесіміз Қарсақ Қопабайұлы еді.
Қарсақ – XX ғасырдың басында жарқ етіп көрініп, саналы ғұмырын өнермен өрген жырау. 1882 жылы кедей шаруа жанұясында дүниеге келіп, бала күнінен-ақ өлең мен жырға құмар болып өседі. Сырнаймен ән салып, өз толғауларын төгілте орындауға машықтанған ол, көп ұзамай-ақ ел аузына ілінеді. Өзінің:
Атандым ақын Қарсақ бала жастан,
Құрбым жоқ қатарымда менен асқан.
Жиылып қанша халық келсе дағы,
Өлеңді заулатамын тоқтамастан,–
деп төккен жыр жолдары ақындық жолының алыс көкжиегін айғақтайды. Шабыты шалқыған сәтте ел мен жер тарихы мен тағдыры ақын тіліне көшіп, жырға айналатын.
Қарсақ – ел ардақтаған Баубек батырдың аталасы, Қарауылдың бір тармағы – Орақ әулетінен. Бұл да тегінің тектілігін, қаннан берілген қасиетті айғақтайды.
Ауық-ауық көшіп-қонып, аялдай жүріп Сыр бойына да жеткен Қарсақ сол маңдағы елдің жыр дүлдүлі, сырнаймен жыр төккен Нартай Бекежанұлымен жолығады. Екі өнерпаз бір-бірін шын бағалап, сырнай мен домбыраны қатар тербеп, бірге жыр шертеді. Ел оларды құрметпен «Қос жырау» атап кеткен. Алайда, Сырдағы сән-салтанатқа бөленген сәттердің өзінде де Қарсақтың жүрегі туған Есіліне, өзі өскен өңірге қарай алаңдап тұратын. Сол сағыныштан туған жыр шамамен 1914 жылы өмірге келген:
Ел қайда, Есіл қайда – атамекен,
Көңілім елімді ойлап қапада екен.
Елің мен туған жерің еске түссе,
Қайысып қабырғаңа батады екен…
Бұл – алыста жүріп, елін аңсаған жүректен шыққан, сағынышпен өрілген шынайы жыр.
Ақынның шығармашылығының негізгі бір көрінген шағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде туған «Қызылқұмнан хат», «Амангелді жиынында» атты толғаулары Қарсақтың ел басына күн туған шақта үнсіз қалмағанын, жырмен күреске үн қосқанын көрсетеді. Әсіресе, «Амангелді жиынында» атты шығармасы 1944 жылы Амангелді Имановтың қаза болғанына 25 жыл толуына арналған жиында:
Батырдың батырлығы жұрттан асқан,
Жолына социализм қадам басқан.
Жасынан еңбекшіге қорған болған,
Азулымен сонда-ақ қарсыласқан, –
деп жырлағаны тек халық батыры Амангелді Имановты еске алу ғана емес, сонымен бірге, Ұлы Отан соғысының ауыр күндерін бастарынан кешіп, бірі жаумен алысып, бірі қажырлы еңбек етіп жатқан адамдарды да жігерлендіруі еді.
Қарсақтың «Қайран ел», «Шырқа әнім», «Желдірме» сияқты әндері халық арасында кеңінен тарап, әлі күнге дейін шырқалып келеді. Бұл әндер – оның сазгерлік қырын да айқын көрсететін мұра.
Қарсақ Қопабайұлы – жырдың дауылындай есіп, елдің еңсесін көтерген, сөздің киесін түсінген, жүрекпен жырлаған ақын. Оның артында қалған асыл мұрасы бүгінгі ұрпаққа жол көрсететін шырақ іспетті.
Жыршының шығармаларынан тек Шағырай ақынмен айтысы ғана Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет және өнер институты шығарған «Айтыстардың» 3 томына енген, ал, ақынның басқа шығармалары жарық көрмеді. Ақынның шығармашылығын саралай отырсақ, қазақ ауыз әдебиетін өркендетуде өзіндік орны барына көзіміз жетеді. Қарсақ атамыз өмірін жырға арнап, 1974 жылдың қыркүйек айында өзінің жақсы көріп, шетте жүргенде сағынышпен жыр арнаған туған өлкесінде дүние салады.
Өлкеміздің жарық жұлдызына айналған Қарсақ Қопабайұлы – жыр мен рухтың мәңгілік шырақшысы. Оның есімі ел жадында, өнері ұрпақтың жүрегінде жаңғыра бермекші.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы ақынымыздың өмір жолына, өлеңдері мен толғаныс-тебіреністеріне үңілгіміз келгенде, 1992 жылы Арқалық қаласында шыққан «Ақын арманы» атты кітабы көмектесті. Жерлесіміздің бұл жинағына ат салысқан сол кездегі Торғай облыстық «Қазақ тілі» қоғамы, облыстық жастар істері жөніндегі комитетінің төрайымы Нұрикамал Сейітжанқызы, ақынның ұлы Сағынбек Қарсақұлы, белгілі сатирик жазушы, облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының бірінші орынбасары Сейіт Кенжеахметов еді.
Бәкір НЕСІБЕЛДІ,
Жарқайың аудандық орталықтандырылған кітапханасының библиографы.
![]()

