Ауданда 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ауданның ағымдағы жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, іске асырылатын жаңа жобалармен таныстырды.  

Аудан әкімі өз баяндамасында бұл аймақта ауыл шаруашылығы саласы экономиканың дамуына тікелей әсер ететін маңызды буын екеніне тоқталды. Аудандағы егіс алқаптары 476 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы бұл көлем 15,1 мың гектарға ұлғайған. Сонымен бірге, баяндама барысында 2025 жылы аудан бойынша ірі қара мал саны азайып, қазіргі уақытта 18,4 мың басты немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 97,6 пайызды құрағанын жеткізді. Сол сияқты, 1 маусымдағы есеп бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 784,7 миллион теңгеге жетсе де, бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 75,5 пайызға төмендепті.

– Ауданда экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кәсіпорын жоқ. Сондықтан, қазіргі біздің негізгі жұмыс бағытымыз – осы олқылықты толтыру. Сол үшін Максимовка ауылдық округінде қиыршық тас өндіру бойынша құжаттарды ресімдеп жатырмыз. Сонымен қатар, осы айда өңірлік үйлестіру кеңесі жасымықты қайта өңдеу жөніндегі жобаны мақұлдады, енді біз оған цех пен дайын өнімге арналған қойма салу үшін 6,3 гектар жер учаскесін бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «Apollo Resources» серіктестігі Спасск ауылында мыс кенін игеруге лицензия алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта салалық министрлікке тиісті құжаттар тапсырылды. Бұл бастамалар толық іске асырылса, біздің ауданда да өндіріс орындары ашылады, –деді аудан әкімі.

Брифингте өңірде 949 шағын орта бизнес субъектілерінің жұмыс істейтіні, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде бизнесті ашу және кеңейту үшін 104,5 миллион теңге сомасына 12 өтінім берілгені және бүгінге дейін олардың алтауы қабылданғаны да қамтылды. Сондай-ақ, қаңтар-мамыр айларында ауданға құйылған инвестиция көлемі 4,8 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 131,6 пайызға дейін ұлғайғаны белгілі болды.

– Ауданда 2,2 миллиард теңге сомасына 14 жоба қарастырылған. Бұл жобалар толық іске асырылса, шамамен 33 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың барлығы жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер есебінен іске асырылуда. Сырттан тартылған инвестиция жоқ, –деді аудан басшысы.

Табиғаты көрікті, сандық-сандық таулары мен мөлдіреген көлдері бар Сандықтау ауданында туризм саласын дамытудың әлеуеті зор. Сондықтан, мұнда туристер үшін тартымдылықты арттыру үшін демалыс және туризм инфрақұрылымын дамыту маңызды. Мұнда жалпы туристерді бір мезгілде орналасу орындарымен қамту үшін 1200-ден астам жайлы орын қарастырылған. Сонымен бірге, аудан аумағында «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді, ол Ақмола облысының түкпір-түкпірінен келген балалар арасында өте танымал. Аталған лагерь этноауыл орнату үшін 10 киіз үй және туристерді тасымалдау үшін елу орындық автобус сатып алыпты. Жалпы, бүгінде ауданда туристер тарту мақсатында түрлі маршруттық бағыттар да қарастырылып жатқан көрінеді.

Бұдан әрі аудан әкімі халықты таза ауыз сумен, жылумен қамту, жолдарды жөндеу,  спортты дамыту және әлеуметтік салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

  • Ағымдағы жылы жылыту маусымы апатсыз аяқталды. Аяқтағаннан кейін 131,9 миллион теңге сомасына қазандық жабдықтарын жөндеу және келесі жылыту маусымына дайындық бойынша сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен бұған 60 миллион теңге бөлініп отыр, барлық жоспарлы жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталады. Сондай-ақ, жаңадан орталық қазандық салынуда. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Жобаның құны 1,8 миллиард теңге, бүгінде жұмыстың 80 пайызы орындалды, –деді Серік Кенесарыұлы.

Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде өңірді су басу қаупі жоғары болатын. Биыл су тасқынын алдын алу бойынша жүргізілген кешенді жұмыстың арқасында аудан тұрғындары қызыл судан аман қалды. Балкашино ауылының бойымен өтетін Жабай өзенінің түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. «Демеу Қазақстан қоры» қоғамдық қорынан бұл жобаға 4 миллиард теңге бөлінген.

Брифингте журналистер қауымы ауданның орманды алқаптарын өрттен қорғау, лагерьдегі балалардың қауіпсіздігі, жолдарды жөндеу, дәрігер мамандарына сұраныс тәрізді бірқатар сұрақтар қойып, оларға тұщымды жауаптар алды.

Еске сала кетсек, аудан әкімі Серік Кенесарыұлының бұл лауазымға тағайындалғанына 5 айдан сәл ғана асыпты. Ал, атқарылған жұмыстар бар екені байқалып тұр.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар