Дубайды бағындырған жас жұлдыздар

ҮКІЛІ ҮМІТ

«Әртіс болу міндет емес, адам болу парыз» деген аталы сөзді «Жұлдыздар» студиясына келетін өзімнің шәкірттеріме айта беруден еш жалыққан емеспін.

Педагог ретінде балалар маған ән айтуды, музыка тыңдауды және естуді, сахнада өзін дұрыс ұстауды үйренуге келгенімен, мен оларды бірден эстрада жұлдызы боласың деп тәрбиелеуден аулақпын. Бірақ, мен олардың санасына үлкен сахналарға шығып, беделді жарыстарға қатысуды, биік белестерді бағындыруға ұмтылуды сіңіріп,  айналасындағыларды өз өнерімен қуанту керектігіне баулып келемін.

«Жұлдыздар» вокалдық студиясы 1995 жылы Көкшетау қаласындағы балалар шығармашылығы үйінің базасында құрылды. 2013 жылы Мәдениет министрлігі «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясы» атағын берді. 2021 жылдан бастап біздің студия «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер сарайында жұмыс істеп келеді.

Менің тәрбиеші ретіндегі міндетім – алдыма келген баланың таланты бар ма, жоқ па, соны анықтап, оның музыкалық сауатын ашып, шығармашылық жұмысқа деген талғамын, музыкалық және есту қабілеттерін қалыптастыру, әнді дұрыс және әдемі айтуды үйрету. Сонымен қатар, жас балаларды ұжыммен жұмыс істеуге, еңбекқорлыққа баулып, өнер арқылы туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімін оятамын, әрқайсысының шығармашылық ізденісі мен бастамасын дамытуға атсалысамын.

Көптеген жылдар бойы бұл тәжірибем өзінің белгілі бір технологиясы мен әдістеріне ие болып, өз нәтижесін беріп келеді. Әр мұғалімнің өзіндік педагогикалық қыр-сыры осылай қалыптасады ғой. Бірақ, ең бастысы, әр баланы жақсы көру керек, оны жеке тұлға ретінде қабылдап, олардан жылы сөзді, сүйіспеншілікті аянбауымыз қажет.  Сөйтіп, шығармашылықта белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген балалар республикалық және халықаралық конкурстарға қатысудан еш қорықпай, өздерінің өнерлерін көрсетуге ұмтылады, алға қарай қадамдарын молайтады.

Мамыр айында менің шәкірттерім Дубайда өткен халықаралық байқауға қатысып, еліміздің абыройын асқақтатып оралды. Бізбен бірге, «Күншуақ» студиясының 2 домбырашысы бірге барып, олар да төл өнеріміздің қасиетін дүйім жұртқа паш етті. Менің алты вокалист оқушыларым бес Бас жүлде мен бір бірінші орынды жеңіп алды. Атап айтар болсам, Әлихан Жанатұлы, Алиф Табылды, Мансұр Әлібек, Раушан Ерғали, Айдос Жаналы есімді шәкірттерім Бас жүлде иегерлері атанып, Айлана Әбенова бірінші орынға лайықты деп танылды.

Бұл біздің өнерпаздардың үлкен жеңісі. Оларға Париж қаласында өтетін байқауға 50 пайыздық жеңілдікпен қатысуға сертификаттар берілді. Ал, бізбен бірге барған домбырашы Рауана Қайыржан Бас жүлдені, ал Аяжан Уәлиева бірінші орынды қанжығаларына байлап оралды. Бұл домбырашылардың жетістіктері олардың жетекшісі Фатима Рахметуллинаның еңбегі.

Жалпы, өзімнің шәкірттерім халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жатқан кезде мен де олармен бірге қуанып, шаттанамын, осы мамандықты таңдап алғаным үшін өзіме қатты риза боламын. Менің мамандығымның – қосымша білім беру мұғалімінің сүйкімділігі де осында, яғни, баланы бақытты етуде, оның бойында жатқан шығармашылық ұшқынын оятуда, ән айтудың қуанышын сезіндіруде болар.

Сонымен қатар, бұл жерде бізге қолдау білдірген облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева мен «Болашақ» сарайын басқаратын Самал Қабдушеваның еңбегін де атап өткім келіп отыр. Олардың балалардың өнеріне деген сенімі ақталды.

Біз оқушыларымызбен мұндай жеңістерден кейін тоқтап қалмаймыз. Мен шәкірттерімнің одан әрі жетіле түсуіне, олардың өздерімен жұмыс істеулеріне жағдай жасай беремін.

Әр маусым сайын мен жаңа сабақтың басталуын асыға күтемін. Себебі, біз қайтадан әдемі музыка әлеміне сүңгіп, сүйікті әндер әуенімен шалқимыз, мәңгілік өнер әлеміне сапарға шығамыз.

Әридаш ХАМЗИНА,
«Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының жетекшісі.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар