Үш бұрышты жауынгер хаты: «Тұрсынбек аман ба?..»

22 маусым – Ұлы Отан соғысының басталғанына 84 жыл 

1941 жылдың дәл осы күні Екінші дүниежүзілік соғыста бір елден бір елді лезде жаулап алумен келе жатқан неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан сол кездегі Кеңестер Одағына басып кірді. Сөйтіп, 1418 күнге созылған Ұлы  Отан соғысы басталды. Ұлы Жеңіс КСРО-ға оңайлықпен келген жоқ. Осы сұрапыл қан төгісте Кеңес Одағы соңғы деректер бойынша 26,6 миллион адамынан айырылды. Сол кезде осынау кең-байтақ елдің құрамдас бір бөлігі болып табылатын Қазақ елі де бұл қанды қасаптан үлкен ауыртпалықтарға тап болды. Соғыстың алғашқы күнінен майданға алына бастаған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың үштен екісіне жуығы ұрыс даласында ерлікпен қаза тауып немесе хабарсыз кетіп, туған жерге оралмады. 90 мың ең таңдаулы ұлы мен қызын қан майданға аттандырған біздің Ақмола өңірінің өзінен 37 мың адам ғана аман қалып, қалғандары, майдан шебінде шейіт болды. Жуырда ғана сол ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өткен тәуелсіз еліміздің үлкен-кішісі енді мұндай қырғын болмаса екен, бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпақ ондай қасіретті көрмесе екен деп тілейді. Лайым әрдайым солай болып, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болып тұруға жазсын!    

 Майданнан хат: «Тұрсынбек аман ба?..»

Мыңдаған, миллиондаған хаттар… Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан шебінен күн сайын, ай сайын туған жерге қаншама амандық хат жолданды. Соғыс аяқталғанда туған ел мен ұрыс даласын байланыстырған осы хаттардың саны 6 миллиардқа жеткен екен. Оқ пен оттың арасынан өткен бұл парақтар әр адам үшін құнды болды. Бір жапырақ қағаз майдангерлерге дем берді, ол тылдағы туған-туыстың да жүрегіндегі үміт отын өшірмеді, әрбір жанға қуаныш сыйлады. Туған-туыстың амандығын, тылдағы жағдай мен сағынышты баян етіп, рух беретін, күш-қуат сыйлайтын бір жапырақ қағаз. Бұның барлығы төрт жыл бойы туған ауыл мен ұрыс даласын байланыстырған жауынгер хаттары яғни, эпистолярлық жазбалар.

Біздің музей қорында Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарында, одан кейінгі уақытта жазған және Мәлік Ғабдуллинге сәлем жолдаған төрт жүзден аса хаттар сақталған. Мәлік Ғабдуллиннің отбасы мен ағайындарына жазған хаттарынан бөлек, мемлекет қайраткерлеріне, өзімен тұстас майдандас, қаламдас тұлғалармен жазысқан хаттары осы күнге дейін маңызын жойған емес. Ел басқарған Дінмұхаммед Қонаев, Жұмабай Шаяхметов, сондай-ақ, қазақтың әйгілі жазушылары мен қоғам қайраткерлері Мұхтар Әуезов, Ілияс Омаров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан Момышұлы, тағы басқа да тұлғаларға жазған хаттарында тарихи маңызы бар мемлекеттік, әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Әсіресе, Мұхтар Әуезовпен, Ғабит Мүсіреповпен жазысқан хаттарында соғыс кезіндегі қазақ әдебиеті төңірегінде болып жатқан келелі мәселелерді қозғағаны көп нәрсені аңғартқандай.

Музейдің ғылыми қызметкерлері бұл хаттардың барлығын саралап, жүйелеп, 2019 жылы «Мен халықтың ұлымын» атты кітап етіп бастырып шығарды.Сонымен қатар, музей қорында Жеңіс сарбаздарының аманаттаған, балалары мен немерелері тапсырған құжаттары сақтаулы. Солардың ішінде   от пен оқтың арасынан жеткізілген қаншама сарғайған үшбұрышты хаттар мен конверттер бар. Ол үшбу хаттардың да өзіндік тарихы бар. Әрбір сарғайған, сағынышқа толы хаттардың ішінде талайдың тағдыры жатыр. Осыдан бірнеше он жылдықтар бұрын бұл хаттар жауынгерлердің амандығы мен ерлігін туғандарына баян еткен болса, қазіргі уақытта бізге артта қалған уақыттың тарихынан сыр шертеді.  Майдан даласынан жазылған хаттар тым асығыс және тым қысқа болды. Соғыс жағдайында хат жазуға қағаз да, қарындаш да, уақыт та тапшы еді.

Оны мына бір хаттың мәтінінен көруге болады: «Сәлем хат, әке, іні-қарындастарым! Майдан алаңынан хат жазып отырмын. Әлі соғысып жатырмыз. Жауын мен дауылға, аштыққа қарамастан, елге жеңіспен оралатынымызға сенеміз. Бар күшімізді салып күресудеміз. Көп ештеңе жазбағаным үшін ренжімеңдер. Бәрімізге ортақ бір қаламсап бар, өзімді ғана ойламай, оны келесі жауынгерге беруім керек. Сау болыңдар!».

Өмір мен өлімнің арасында от кешіп жүрген жауынгерлердің сағынышты сәлемдері жазылған хаттарды ауылда қалған қариялар мен әйелдер, әсіресе, балалар қаншалықты сарғая күтті десеңші. Соғыс кезінде жақын адамдардың бір-біріне жолдаған хат-хабарлары қазіргі таңда енді жеке дүние емес. Бұл – қазір бір дәуірдің тарихы. Мазмұны әртүрлі болғанымен жалпы  ұқсас. Соғыс басталғанда туған бала Тұрсынбектің анасы Нұржамал апамыз майданнан оралмаған бауырына деген сағынышын басатын сондай хаттардың бірін сандықтың түбіне салып сақтаған екен. Бұл 1941 жылы Ақмола облысы Рузаев ауданынан әскерге шақырылған Смағұлов Усаның тұрмыстағы үлкен апасы Нұржамалға жазған хаты.

Майдангер Усаның  хатында есімі сан мәрте қайталанатын бір кездегі кішкентай ойын баласы Тұрсынбек қазір зейнеткер. Сексеннің сеңгірінен асқан қария. Тұрсынбек әкей осы бір хаттың айналасындағы бір әулеттің тағдырын әңгімелеп отыр.

«Менің аты-жөнім Тұрсынбек Тіржанұлы Алагөзов болады. Менің атамның азан шақырып қойған аты Мүбәрәк екен. Жас кезінде Мүбәрәк атамыздың көзі үлкен және алайып қарайтын болғандықтан жеңгелері қазақы салт-дәстүрмен Алагөз деп атап кеткен екен. Уақыт өте келе  құжаттандыру кезінде жеңгелері қойған есім қағаз бетіне түсіп, өз аты болып кетеді. Алагөз әкей мен Бәтима әжемізден алты ұл Әбділмән, Тіржан, Есімшәріп, Жайлаубай, Ешмұхаммед дүниеге келген. Біреуінің есімін ұмыттым. Осы алты ұлдың бесеуі ел мен жерді қорғау үшін соғысқа аттанады. Тек Жайлаубай ғана оқу оқып, тылда атқарылатын жұмыстарға жегіліп, елдегі шаруаны ұйымдастыру қызметінде  қалған.

Жеңгеміз Нұржамал Алагөз әулетіндегі алты ұлдың үлкені Әбділмәннің жесірі. Әбділмән 1941 жылы соғыс басталғанда алғашқылардың қатарында әскерге шақырылып, қан майданда қаза табады. Әулеттің анасы Бәтима әжеміз тұла бойы тұңғышы Әбділманы соғыста қаза тапқан соң жесір қалған келініне рұқсатын берген екен. Бірақ, Нұржамал жеңгеміз ешқайда бармай, сол отбасында мені бауырына басып, менің балаларымды бағып, қамқор әже атанып қала берді. Бұл бір ғана менің тағдырым, бір ғана әулеттің тағдыры емес. Мұндай  тағдырлар мыңдаған адамдардың басында болды. Осылай, қарағым», – деп әңгімесін әрі қарай жалғады.

Хатта есімдері аталатын Тіржан Алагөздің екінші ұлы, ал Нұрыш Тіржанның жұбайы. Алагөз әкей мен Бәтима әжеміздің көз қуанышы болып, осы отбасында 1940 жылы Тіржанның ұлы, алғашқы немере Тұрсынбек дүниеге келеді. Сол жылы жаңа туған жас сәбидің әкесі Тіржан да соғысқа шақырылады. Өкінішке қарай, Тіржанды да қанды соғыстың қызыл өрті жалмап, майдан даласында шейіт болады. Әулет анасы Бәтима әжеміз отбасының берекесі мен бірлігін сақтап, балаларының ошағын сөндірмеу үшін қолынан келгенін істеп, жастайынан жесір қалып, ұрпақ сүйе алмаған Әбділмәннің жары Нұржамалдың бауырына соғыста қаза тапқан Тіржанның баласы, сол әулеттің үлкен немересі Тұрсынбекті салып береді. Ал, Тіржанның жесірі Нұрышты әмеңгерлік салтымен, соғыстан аман оралған қайнысы Есімшәріпке қосады.

Соғыстың от жалынынан аман оралған Есімшәріп пен Нұрыштан  Әнуарбек пен Әнәпия дүниеге келеді. Сонымен жеңгесінің үміт оты, көңіліне демеу, жанына жалау болған Тұрсынбек – Нұржамалдың асырап алған баласы.

Тұрсынбек әкей қысқа ғана жазылған, сарғайып сартап болып сақталған сарғыш хатты ұстап отырып, сұм соғыстың салдарынан қаншама тағдыр тәлкекке ұшырағанын айта отырып, ендігі қалған уақытта ұрпағы сол қиындықты көрмесе екен деп тілейді. Міне, сол Бәтима анамыздың жалғап кеткен жіңішке жібі, Нұржамал апаның құрсағын жарып шықпаса да аналық махаббатын төккен, соғыстың зардабын бір кісідей тартқан, інісі Усаның әрбір хатының басында «Тұрсынбек аман ба?» деп сұралатын кішкентай сәби ер жетіп, өзі де он баланың әкесі атанады. Үзілуге шақ қалған бір әулеттің орнын толтырған, Алакөз бен Бәтиманың арманын жалғаған ұрпақ.

Алмағайып заманда, ұрпағым аман тұрсын деп ата-әжесі ырымдап ат берген Тұрсынбек соғыс біткеннен кейін, қайта қалпына келтіру жылдарында колхоздың, совхоздың қара жұмысына жегіледі. Қырманда бидай бастырады, малға шөп жинайды, трактор айдайды. Совхозда бригадир болады. Адал еңбекпен, маңдай термен ел игілігі үшін қажыр-қайратын жұмсап еңбек етеді. Еткен еңбек, төккен тер еленіп, талай марапаттарға ие болады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Ата мен әженің, әке мен шешенің тәлім-тәрбиесін көрген балалар да сапалы білім алып, саналы боп ержетеді.  Қазіргі таңда әрбіреуі қазақ елінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар.

Хат латын қарпімен жазылған. Арада 80 жыл өтсе де, сарғайған хатты оқып отырып, талайлы тағдыры бар халқымыздың сол бір қиын кезеңде де мойымағанын, даналығы мен даралығын сақтағанын көреміз.

Алапат соғыстың кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, ошағы сөніп жатса да, қазақтың атадан балаға мирас болып қалған  салт-дәстүрін сақтаған, әдет-ғұрпын бұзбаған ақ жаулықты дана аналарымыздың арқасында өшкеніміз жанып, өткеніміз оралды. Барлығының орнын толтыра алмаса да, үзілген жерін жалғады, аз қазақтың көбеюіне әдет-ғұрыпты сақтай отырып,  салты мен дәстүрін сабақтастыра отырып, үлестерін қосты.

Екінші дүниежүзілік соғыс әрбір адамның жүрегінде өшпес із қалдырды. Миллиондаған адам өз өмірін қанды қырғынға ұшыратқан сол бір соғыс дауылының алапат кезеңін  еске алумен келеді. Соғыс даласында болмаса да, сол сұм соғыстың зардабын тартқан, бала болып ойыны қанбаған  Тұрсынбек атамыз қолындағы 80 жылдық тарихы бар хатты музей қорына тапсырды. Енді тек ел басына түскен қиындықты еске салатын, өткеннен сабақ алатын жәдігер болсын.

Жанат ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері.  

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар