Ата көрген оқ жонар

Жылдар. Адамдар. Тағдырлар.

Елдің ежелгі тарихын қайта тірілту, уақыт шымылдығы көлегейлеген көне дүниені ұрпақтың есіне салу кейінгіге міндет. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ аға буынның ел болашағын екшеген қыруар шаруасынан тәлім-тәрбие алып, болашақтың көкжиегіне қол созған ізгі мұратын ұштаса, ғанибет емес пе?!

Бүгінгі биіктен өткен күннің сорабына көз салсақ, сонау 1928 жылы Көкшетау ауданы құрылып, орталығы Көкшетау қаласында болған екен. 1944 жылы Көкшетау қаласы облыс орталығы болғандықтан, аудан орталығы іргедегі Краснояр селосына көшіріліпті. Октябрь болысына қарасты №7 ауылдарға іргелес жатқан басқа ауылдар қосылып, Кіндік ауылдық кеңесі құрылып, оның әкімшілік орталығы Сайынбөлек ауылы болып белгіленді. Бұл округтің құрамына Сайынбөлек (қазіргі Қызылсая), Сүтемген (қазіргі Қызылағаш), Суат (қазіргі Биіктесін), Үшқамыс (қазіргі Талап), Найзабек (қазіргі Мәдениет) ауылдары кірген. 1928 жылы кеңес өкіметі жеке шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдық шаруашылықтарға көшірген кезде алғашқы қоғамдық артельдер ұйымдастырыла бастады. Бұл туралы дерек облыстық архивте бар. Оқырманға түсінікті болу үшін таратып айта кетуге болады, ел тарихын екшеп жазсақ, оқырман уақытын алғанымызға кешірім жасар деп ойлаймыз. Бірінші артельдің аты Жаңадәуір деп аталды. Бұл артельді Қасым Шүйкенов басқарды, екінші Кедей артелі, бұл ұжымның басшысы Есләм Қапаров, Қызыл-Әскер-Көрпе артелін Зәлел Бекішев басқарды. Шырақ-Еспен артеліне Қабдолла Шәйкенов басшылық жасады. №10-шы ауыл – Өлеңдіні Қайып Төлепбергенов алға сүйреді. Шағырлы-Есен артелін Қатрен Кәкімов басқарды.

1929 жылдың екінші жартысынан бастап кеңес өкіметінің қаулысымен ұжымшарлар құрылысы жедел, қайта құрылды. Қалай болған күнде де мемлекет халқын етпен, сүтпен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қапысыз қамтамасыз етіп, күн көру қажеттілігі туындады. Ол үшін ең алдымен құнарлы қазақ даласындағы шаруашылықтардың жұмыс формасын жетілдіру қажет еді. Ауыл еңсесін көтеруге аянбай үлестерін қосқан, есімдері туған елдің тарихында алтын әріптермен жазылатын аяулы ардагерлер қатарында Қасым Шүйкенов, Мұрат Мәліков, Қайыркен Сәдуақасов, Қами Шәйкенов, Қасым Шәйкенов, Шалғынбай Жантілеуов, Қажы Жантілеуов, Сейіт Жапаров, Ақмағамбет Жапаров, Молдағали Әбенов, Есімсейіт, Есмағұл Исиндер, Елберген Мәмбетов, Жәнібек Момышев, Баттал Хамзиндер болды. Биіктесін ауылынан Жұмағұл Әлімбаев, Есентемір Есжанов, Хамитқан Төкенов тәрізді азаматтардың аттарын атай кетуге болады.

Міне, осы алмағайып заманда ел болашағына елеңдеген ауыл адамдары қабырғаларымен кеңесе келе, «Қызылсая» колхозының төрағалығына қолынан іс келетін, зерек көңіл Қасым Шүйкеновты сайлаймыз деп шешеді. Таңдау әбден орынды еді. Бес ауылды бір қолдың бір саусағындай жұмылдыра білген колхоз төрағасы ел жүгін кәтепті қара нардай көтеріп, бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып, алға сүйреді. Табаны тастан таймаған тарланбоздай шаршап-шалдығуды білмей еңбек еткен ел ағасының ұмтылысы зая кеткен жоқ. Аз уақыттың ішінде колхоз экономикасымен бірге, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да жақсарып, көп-көрім түлеп қалды.

Оқырманның көз алдына елестету үшін бір мысал келтіре кетелік. Әуелі колхозшылар жүз гектар егін еккен. Бүгінгі күннің өлшемімен алып қарағанда шөмішке құйған судай мардымсыз дүние. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің арқасында егіс көлемі екі мың гектарға жеткен. Әр ауылда жаңа мал фермалары салынған. Істің нәтижесі қашанда көзге ұрып көрініп тұрады емес пе? 1938 жылы бітік шыққан егін «Қызылсая» колхозының абыройын аспандатқан. Ал, қиындық шаш-етектен еді. игіліктің еңбекпен ғана үйірілетіндігі ақиқат. Ол кезде барлық жұмыс қол күшімен атқарылатын. Сол шаруаның барлығын ойдағыдай жүзеге асыру үшін колхоз мүшелері уақытпен санаспай еңбек ететін. Колхоз төрағасы Қасым ата жемісті жұмысы үшін төрт орденмен, үш медальмен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталса, бұл ақадал еңбегіне берілген баға, құрмет деп ұғуымыз керек. 1956 жылы алапат еңбегіне сай сыйлыққа «Москвич» автокөлігін алуы ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі айта қаларлықтай оқиға болған. Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылсая ауылында 1909 жылы жарық дүние есігін ашып, армандай алыс алғы күндерге ұмтылған Қасым Шүйкенов өз бойындағы табиғат сыйлаған тамаша талантымен ерекшеленген адам. 1930-1942 жылдары колхоз басқармасы ретінде ел-жұртына еңбегін сіңірді. Колхоз өндірісі алға басып, қанат жая бастаған шақта Кіндік ауылдық кеңесінің құрылуы оң сипатқа ие болды. Мәдениет, Талап, Биіктесін, Қызылағаш ауылдарының басын біріктірген жергілікті өкілетті органның орталық кеңсесі Қызылсая ауылында орналасқандықтан, бұл елді мекеннің болашағы баянды бола бастады. Осы бір пікірімізге бұл күнде ұмыт бола бастаған нақты дерек келтіре кетелік. Қысқа мерзім ішінде 25 орындық аурухана салынды. Селолық тұтынушылар одағы мен байланыс бөлімшесі ашылды. 1925 жылы жұмыс істей бастаған жеті жылдық мектеп 1945 жылы орта мектепке айналды. Колхоз төрағасы ретінде Қасым Шүйкенов кейінгі жас толқынның рухани әkемін нұрландыруға айрықша көңіл бөлді. Сол кездегі мектеп директорлары Қ.Бейімбетов, С.Сейітбеков, М.Әбутәліпов, М.Чинтаев, Қ.Мұқанов, Ш.Әбілмәжіновтермен қоян-қолтық жұмыс істеп, мектеп жанындағы интернаттың ашылуына ұйытқы болды.

Ел еңсесін енді көтеріп келе жатқанlf екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Тарихи деректерге қарағанда «Кіндік» ауылдық кеңесінен 200-ге жуық азамат майдан даласына аттаныпты. Колхоз төрағасы Қасым Шүйкенов те 1942 жылы әскер қатарына алынып, Сталинград қаласы маңындағы қиян-кескі шайқастарға қатысып, басқыншы жауға қарсы соғысқан. 1944 жылы ауыр жарақат алып, денсаулығына байланысты туған жердің топырағына оралған. Дәл сол жылы Мәдениет және Талап ауылдары Каганович атындағы колхоздың құрамына енген. От-жалында шыңдалған тәжірибелі басшы Қасым Шүйкенов әлгі колхоздың төрағасы болып сайланған. Каганович атындағы колхоз аудан бойынша озаттар көшін бастаған.

1951 жылы Қызылсая, Биіктесін, Қызылағаш колхоздары біріктіріліп, «Коммунизм» колхозы құрылады. Ел азаматтарының сұрауы бойынша Қасым Шүйкенов аталмыш колхозды 1956 жылға дейін басқарған. Кейін облыстан арнайы жіберілген Бәкен Бапенов колхоздың жаңа төрағасы болып сайланғанда, Қасым Шүйкенов орынбасары қызметін атқарған. Осы уақытта аудан орталығымен байланысатын тас жол салынды. Ауылдың әлеуметтік тұрмысы бұрынғыдан да жақсара түсті.

Әке тәрбиесін көрген, ұлағатты ұяда өсіп-жетілген Жеңіс Қасымұлы да өзінің ақадал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленіп, ел ағасы атанды. Екі жылға жуық механизатор болып, ақық дән аялаған жас жігіт Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын ойдағыдай аяқтап, агроном атанды. Жоғары білімді маман «Симферополь» совхозында үш жылға жуық жұмыс істеген кезінде елеулі еңбегімен танылды. Өз ісіне мейлінше жауапкершілікпен қарайтын, алдынан жұмыс үркіп отыратын, ұйымдастырушылық қабілеті мол, болашағынан үміт күттіретін іскер азамат КПСС ХХІV съезі атындағы совхоздың бас агрономы болып тағайындалды. Бұл кезде совхоз 18 мың гектар жерге дән егетін. Бас агроном Жеңіс Қасымұлы 1980 жылы совхоз директоры болып тағайындалды. Осы жылдары геологиялық барлау жұмыстары жіті жүргізіліп, Васильковка тау-кен байыту комбинатын салу қолға алына бастаған болатын. Совхоз іргесінде қиыршық тас зауыты, сүйек өңдейтін кәсіпорын, ОК/160 аймағы, облыстық деңгейдегі мұнай базасы жұмыс істей бастады. Жауапкершілік жүгі бесбатпан болатын. Жұмысына енді кіріскен жас директор іргедегі өндіріс орындарының көмегімен барлық елді мекендерге асфальт жол салғызды. Бір кезде болашағы жоқ деген Дөңгілағаш ауылында үш отбасына тұрғын үй салып берді. Жеңіс Қасымұлының тікелей бастамасымен Алтыбай ауылынан су құбыры тартылды. Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Қысқа мерзім ішінде жылы машина-трактор станциясы, автогараж бой көтерді. Техника қоятын қосымша аула мен тура қаладағыдай жанар-жағар май станциясын салдырғаны үшін екі мәрте облыстық және республикалық жарыста жеңімпаз атанды, Құрмет грамотасымен марапатталды. Мал азығы цехы мен сүт блогы салынды. Облыс орталығындағы сүт зауытына күн сайын 16 тонна сүт тапсырылып тұрды. Иркутск облысынан құрылысқа қажетті ағаш тасымалданды. Кейін «Сельхозхимия» аудандық бөлімшесінде, облыстық мамандандырылған автобазасында басшылық қызмет атқарды. «Елікті» шаңғы базасын құруға ат салысты.

Әрине, бір шағын мақалада әкелі-балалы абзал азаматтардың ғибратты ғұмырындағы ел игілігі үшін атқарған ерен еңбегін толайым айтып шығу әсте мүмкін емес. Биылғы жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Ойлы оқырманның олжасына айналсын деген ниетпен қос ғұмырдың тәлімді тұсын қалқып айттық. Өнеге болсын деген ниетпен.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар