23 МАУСЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ
Қазіргі мемлекеттік басқару жүйесі үздіксіз жаңаруға, тиімділікке және ашықтыққа негізделіп келеді. Осы реформалардың алдыңғы шебінде жұмыс істейтін негізгі механизмдердің бірі – қатардағы мемлекеттік қызметшілер. Олардың парызы – халыққа бағдарланған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын қамтамасыз етуде адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші үшін халықтың сенімін ақтап, адал қызметімен елдің ризашылығына бөленуден асқан мәртебе жоқ екенін түсіну өте маңызды.
Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Бүгінгі таңда біз ашықтықтың, сервистіліктің, ұтқырлық пен клиентке бағдарланудың жаңа деңгейіне жеттік, цифрлы әрі бюрократиядан алшақ жүйеге көштік. Дегенмен, болашақта еңсеретін ауқымды мақсаттар мен күрделі міндеттер жеткілікті.
Кез келген елдің өркендеуі мен халқының әл-ауқаты көбіне кәсіби шеберлігі жоғары мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты. Осы себепті олардың кәсіби білімін жетілдіру мен жеке дамуына ерекше мән беріледі. Осы орайда, мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға көптеген өзгерістер және толықтырулар енгізіліп, қазіргі уақытта сол реформалардың бастапқы нәтижелері байқалуда.
Мәселен, мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету және осы бағыттағы артық кедергілерді жою мақсатында 2023 жылдың 1 наурызынан бастап Ақмола облысы республика бойынша алғашқы болып, «Ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидалары» шеңберіндегі мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін сынақтан өткізді. Қазіргі уақытта бұл жүйеге 68 мемлекеттік орган қосылған болса, ағымдағы жылдың шілдесінен бастап оған қалған 26 ведомство кіретін болады. Бұл іріктеу жүйесі шеңберінде бос лауазымдарды жалпы конкурс арқылы иелену eqyzmet.gov.kz порталында онлайн режимде іске асырылады. Конкурстық рәсімнің бұл форматы үміткерлерге әлемнің кез келген бұрышынан барлық кезеңдерде конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Бұл мемлекеттік қызметке үміткерлерге құжаттарды жинаудан босатады. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау, мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметке түсуді барынша жеңілдету мақсатында лауазымдарды конкурстан тыс тәртіпте иелену бойынша белгілі нормалар қабылданып, бүгінгі таңда өзінің нәтижелерін көрсетіп келеді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі кейбір мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуы мүмкін. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық өңірлерге оралуын ынталандыруға, сондай-ақ өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын төмендетуге ықпал етіп, мемлекеттік қызметке кіру процесін айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Атап айтқанда, осы норма заңды күшіне енген уақыттан бері 25 түлек Ақмола облысының аудандық және ауылдық деңгейлеріндегі түрлі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалды.
Уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтеді. Осыған орай Ақмола облысының 11 басқармасының бірінші басшылары Агенттікпен келісу арқылы конкурстан тыс тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды. Мұндай тағайындаулар Ақмола облысы Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары, Есіл ауданының әкімі аппаратының басшысы, Есіл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы және Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы лауазымдарына жүргізілді.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде қолданыстағы заңнамаға сəйкес «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады. Мысалы, өкілеттік мерзімі аяқталған 4 ауыл әкімі Ақмола облысының Есіл, Біржан сал және Атбасар аудандарында түрлі лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасты.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету және ынталандыру шараларына барынша көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 2020 жылдың қазан айынан бастап, ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік қызметшілердің тапшылығын жою, жас мамандардың әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы мемлекеттік қызметшілер үшін де қолжетімді. Яғни, ауылдық жерде жұмыс істеп, тұруға келген мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.
Әлеуметтік қолдау шаралары ауыл әкімдіктеріндегі бас мамандарға және жетекші мамандарға беріледі. 2020 жылдың қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін осы бағдарлама шеңберінде бюджеттік несие түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары 81 мемлекеттік қызметшіге көрсетілді, оның ішінде 117 154 000 теңгеге тұрғын үй сатып алуға 21 бюджеттік несие және 24 101 600 теңгеге 69 көтерме жәрдемақы төленді. Бұл шара ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге, жас мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және мемлекеттік қызмет жүйесіне келетін жастардың легін арттыруға ықпал етуде.
Қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге де үй жалдауға төлем енгізілді. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады деген ойдамыз. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидаларына бағалау нәтижесіне сәйкес төрт тоқсан бойы «функционалдық міндеттерін тиімді орындаған» мемлекеттік қызметшілердің келесі жоғары тұрған санаттағы лауазымға ауысу тәртібімен орналасу мүмкіндігі енгізілді. 2024 жылы 8 мемлекеттік қызметші, ал 2025 жылдың І тоқсанында 2 мемлекеттік қызметші бағалау нәтижесіне сәйкес функционалдық міндеттерін тиімді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымға ауысу тәртібімен тағайындалды.
Жастарды, кәсіби мамандарды жеке сектордан кадрларды тарту мақсатында түрлі шаралар қабылданып, тиімді жобалар іске асырылуда. Мысалы, 2018 жылдан бері өңірімізде Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істейді. Оның миссиясы мемлекеттік қызметке талантты, сауатты, білімді, көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту, оларға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларын игеруге мүмкіндік беру. Бүгінгі күнге дейін бұл мектепті 350-ге жуық тыңдаушы аяқтады. Олардың қатарында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, Гуманитарлық-техникалық академияның түлектері бар.
Өткен жылы алғаш рет өңірімізде өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Бұл жоба аймақты дамытуға атсалысатын талантты және белсенді жастар арасынан жаңаша ойлайтын көшбасшылардың, жас басқарушылардың пулын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлік резервке іріктеп алынған кадрлар 2 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдардағы сайланатын лауазымдарды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Жастардың арасынан өңірлік кадр резервіне үміткерлерді іріктеу біздің облыста индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру секілді 6 салалық бағыт бойынша іске асырылды. Іріктеуге барлығы 389 адам қатысты. Барлық кезеңдердің нәтижелері бойынша өңірлік кадр резервіне 25 маман іріктелді. Олардың ішінде 11 резервші Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында түрлі лауазымдарға тағайындалды. Қалған резервшілерді лауазымдарға орналастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерін Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарындағы басшылық лауазымдарға тарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта департамент өкілдері облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметімен бірлесіп, Президенттік жастар кадр резервіне алынған тұлғалармен кездесулер өткізіп, бос лауазымдар туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп отырады. Аталған жұмыстың нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің өкімімен Президенттік жастар кадр резервінің өкілі Мерей Рамазан Бурабай ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Қазіргі уақытта елімізде төртінші рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілуде. Іріктеуге мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгерген, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу 2025 жылдың маусымынан қазанына дейін өтетін бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер қабылданады. Қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден тыс әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
Бұл жолы іріктеу 6 бағыт бойынша іске асырылуда. Осыған орай жас мамандарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырамын.
Қолданыстағы заңнамаға енгізілген тағы бір өзгерістердің бірі әкімдердің сайлауына қатысты. 2021 жылдың маусым айындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен қаулысы негізінде аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдеріне кандидаттардың құжаттарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бойынша тексеру Агенттіктің аумақтық департаментімен іске асырылады. 2021 жылдан бері департаментпен облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдеріне 988 кандидаттың, ал, 2023 жылы аудандар әкімдеріне 29 кандидаттың құжаттары тексерілді. Биыл маусым айында Ақмола облысы бойынша 67 ауылдық округтің әкімі лауазымдарына сайлау жүргізіледі. Қазіргі уақытта Департаментпен кандидаттардың құжаттары тексерілуде.
2024 жылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2015 жылғы 29 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына қол қойып, «Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары» туралы қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ротацияға жататын қызметшілер қатары аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары (Е-1), облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары (D-O-2) және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары (C-O-2) лауазымдарымен толықтырылды. Жалпы, ротацияның басты мақсаты – мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін және басқару тәжірибесін тиімді түрде пайдалану, олардың басқару құзыреттерін жетілдіру. Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында 2025 жылы ротацияға жататын 16 басшы бар, оның ішінде облыстық басқармалардың 4 басшысы, облыстық басқармалар басшыларының 5 орынбасары, аудан (қала) әкімдерінің 7 орынбасары бар. Бұл қызметшілердің ротациясын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздің ардақты мемлекеттік қызмет ардагерлерін ерекше құрметпен атап өту парызымыз. Олардың қатарында Марат Құлмағамбетов, Валентина Козинская, Шынарбек Батырханов, Ермек Нұғыманов, Николай Политкин, Павел Трищ, Галина Ильяшенко, Ғалия Ташкина және тағы басқалары бар. Олар қазіргі уақытта облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды мемлекетімізге адал қызмет етуге баулуда.
Мысалы, мемлекеттік басқарудың сабақтастығын, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмекті, өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен өңірдегі мемлекеттік қызмет ардагерлері қатарынан Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына төрағасы ретінде мемлекеттік қызмет ардагері, Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, мүшелері ретінде мемлекеттік қызмет ардагерлері — Марат Құлмағамбетов, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов, «Қоғамдық даму орталығы» КММ ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Ғалия Ташкина, ҚР Әділет органдарының құрметті қызметкері Павел Трищ кірді. Кеңестің жиындарына мемлекеттік органдардың жаңа тағайындалған басшылары шақырылып, бейіндік саланы дамытуға қатысты өз көзқарастарымен бөлісе отырып, жұмысына қатысты ұсынымдар алады. Бұл диалог алаңдары тәжірибе алмасу және тиімді шешімдер қабылдау тұрғысынан өте тиімді.
Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы күн тәртібінен түспейтін толғамы терең мәселе. Оның сақталуы үшін аға буын өкілдері өзінен кейінгі ұрпақтың сұранысын түсінуі, елеп-ескеруі, ал, қазіргі цифрландыру заманында өзін суда жүзген балықтай сезінетін жас ұрпақ өзіне жүктелген миссияны дұрыс қабылдап, іске асыра алуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандарды одан әрі бейімдеу, кәсібилігін арттыру үшін олардың тәлімгерлерімен және мемлекеттік қызмет ардагерлерімен өзара байланысын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынуы тиіс. Бұл үшін олар жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Осы орайда, өзіміздің жұмысымызды одан әрі іскерлікпен жалғастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін боламыз.
Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақ-береке, еліміздің игілігі жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!
Думан ӘБІЛЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
![]()

