Қорғалжын ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Өзінің тұмса табиғатымен, табиғи қорығымен, қызғылт қоқиқазымен танымал ажарлы өңірдің биыл 100 жылдығы аталып өтілмекші.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімі Алмас Алин аталған мерейтойды өткізуге қатысты алдағы жоспарлармен бөлісті. Аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы екендігі сөзсіз. Өткен жылы бұл саладағы өндірілген өнімдердің жалпы көлемі 21,2 миллиард теңгені құраған. Өңірде әсіресе, егін шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Аудан басшысының баяндамасына сәйкес, өсім екі еседен асып, орташа гектар түсімі 13 центнерге жетіп, өткен жылғы жалпы жиналған өнім 198 мың тоннаға жеткен. Бұл дегеніміз алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден 79 пайызға артық дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, байқауымызша, ауданның мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. Ағымдағы жылдың бес айлық нәтижелеріне сәйкес, салада өндіріс көлемі 28 пайызға артып, сүт өндіру 5,8 мың тоннадан асқан.
–Біз бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын белсенді түрде жаңартудамыз. Мәселен, бір жыл ішінде 1 миллиард теңгеге 42 шаруашылық техникалары сатып алынды. Аудандағы құрылыс саласы да жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұл жұмыстардың жалпы көлемі 5,6 миллиард теңгеге жетіп, ауданда 2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, –деді әкім брифинг кезінде.
Ауданның шағын және орта бизнесін қолдауға және дамытуға да қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Соның нәтижесінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5,2 миллиард теңгені құрап, ол екі есеге ұлғайды. Сауда саласы да дамып келеді. Бұл өңірде жаңа сауда нысандарының ашылуымен тікелей байланысты. Аудан бойынша бүгінде 730-дан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Сондай-ақ, Қорғалжында инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және ауыз сумен қамту жобалары іске асырылуда. Мәселен, өткен 2024 жылы Нұра топтық су құбырының қайта жаңғыртылуы аясында ауданда 184 бақылау құдығы орнатылып, 98 шақырым болатын құбыр тартылыпты. Соның арқасында бүгінде тұрғындардың 94 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған.
Жергілікті халық үшін үлкен маңызға ие жобалардың бірі – Қорғалжын ауылындағы салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл спорт нысаны пайдалануға берілетін болса, аудан жастары үшін салауатты өмір салтына жаңа өзгерістерге елеулі бетбұрыс болар еді.
–Алайда, биылғы жылдың басты бір мәселесі ауданның 100 жылдық мерейтойын өткізу болып отыр. Осыған орай, мереке қарсаңында бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтар болсам, аудан энциклопедиясын шығару, қоғамдық музей ашу, көшелерді абаттандыру, ұлттық нақышта кіре берісте аркалар орнату, 3200 түп ағаш отырғызу, естелік саябақ салу және Кеңбидайық ауылында құс шаруашылығын іске қосу жұмыстарын жүзеге асыру қолға алынуда, – деді спикер өз сөзінде.
Қорғалжын ауданы ерекше табиғатқа бай өлке болғандықтан, сол арқылы туризм әлеуетін арттыруға қолайлы өңірлердің бірі саналады. Сондықтан, жыл санап тұрғындар үшін сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру да жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі бағытына айналып келеді. Ал, мерейтойды өткізу тек тарихи салтанат қана емес, бір жағынан ауданның дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болуға тиіс.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

