Асыл  азамат, тау тұлғалы ел перзенті

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына – 95 жыл

Еркін Нұржанұлы Әуелбеков тарихта аты аңызға айналған биік тұлға. Қазақта жақсы бір сөз бар ғой, «Ұлылар жүз жылда бір рет туады» деген. Қаншама жылдар өтсе де ұлы адамның есімі  халықтың есінде мәңгі қалады. Қанша уақыт өтсе де халық ел ардақтыларын еш ұмытпайды. Бар ғұмырын халқының игілігіне арнаған, қызметін адал атқарған асыл азаматтардың бірі де бірегейі осы Еркін Нұржанұлы. Ол Отанына қалтқысыз адал қызмет еткен тұлға. Қазақстанның бірнеше облыстарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды, артына өшпес із қалдырды. Көкшетау қаласын көркейтуге, ауылды өркендетуге көп еңбек сіңірді.

Енді Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өмір жолына тоқталсақ, 1930 жылы 22 маусымда Петропавл округінің Рузаев ауданындағы Фрунзе  (Жаңасу) ауылында дүниеге келген. Әкесі Әуелбеков Нұржан – педагог, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген мұғалімі. Анасы Әуелбекова Қалима – үй шаруасындағы әйел. Тоғыз перзентті өмірге әкеліп тәрбиелеген батыр ана. Еркін Нұржанұлы сол балалардың ең үлкені. Жастайынан спортты, музыканы, қазақтың халық әндерін сүйіп, шахмат, теннис, сонымен қатар, пианинода ойнағанды жақсы көрген екен.

1948 жылы Рузаев ауданындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң Тимирязов атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының экономика факультетіне оқуға түскен. 1953 жылы академияны үздік бітірген соң, жолдамамен Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына жұмысқа жіберіледі. Сөйтіп, 1953 жылы сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданындағы Коновалов МТС-іне бас аграном болып тағайындалады. Сол 1953 жылдың қарашасында Преснов ауданының Николаев МТС-іне директорлық қызметке ауыстырылады.

1957 жылғы наурызда Октябрь ауданының «Марьевский» совхозына директор болып тағайындалады. Одан әрі 1961-1963 жылдары еңбекшілер депутаттары Солтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1963-1965 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, 1967 жылы Қазақ ССР Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі, 1968-1978 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы, одан әрі он жылға жуық уақыт бойы Торғай, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1989-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар ісі жөніндегі комиссия төрағасының ұлттық саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары, 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Еркін Әуелбековт3ң басшылығымен кезінде Көкшетау облысы халық шаруашылығын өркендетуде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Отан  қамбасына 1972 жылы 133,6  миллион пұт, ал, келесі жылы 143 миллион пұт астық құйылды. Облыстың өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындаудағы қол жеткен зор жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1973 жылдың 10 желтоқсанында Еркін  Нұржанұлы  Әуелбековке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені  және «Орақ пен балға» алтын медалі қоса тапсырылды. Ол кісі 8-11 шақырылымдарда КСРО Жоғарғы Кеңесіне, 7-8 шақырылымдарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1998 жылы Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағын алды.

Өзінің небір ұлағатқа, өнегеге толы мемлекеттік, партиялық қоғамдық-саяси қызметінде үш мәрте Ленин ордені, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені және Октябрь Революциясы орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер атанып, құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де Еркін Нұржанұлы өзіне тән азаматтық ерекше болмыс-бітімімен қарап отырмай, еліміз өз тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жинақтай бастаған өтпелі кезеңде Алматыдан туған ауылы Жаңасуға келіп, осы ауылын сақтап қаламын, дамытып, ілгері бастырамын деп көп тер төкті. Өкінішке орай, төтеден келген сұм ажал бұл ойына толық жеткізбей, 1999 жылы 29 қаңтарда кенеттен көз жұмды. Сөйтіп, Алматыда жерленбей, өз өсиеті бойынша өзін түлетіп ұшырған туған топырағы Жаңасуында мәңгілік дамыл тапты. Бұл жағынан да бәрімізді тәнті ететін не деген ұлылық десеңізші! Көзі тірісінде осылай ерен еңбегі, теңдессіз қарым-қабілетімен өзіне өшпес ескерткіш соғып кеткен даңқты жерлесіміздің аяулы есімі содан бері ел жадында мәңгі сақтаулы.

Көкшетау қалалық әкімдігі мен қалалық мәслихаттың 1999 жылдың 5 қазанындағы № С-26/16 бірлескен шешіміне сәйкес қаланың орталық көшелерінің бірі Урицкий көшесінің атауы Е.Н.Әуелбеков көшесі болып өзгертілді. Ал, 2021 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында есіл ердің еңселі ескерткіші ашылып, ел тағы бір қуаныш сезіміне бөленді.

Ақмола облысының мемлекеттік архивінде осы уақыт аралығында Көкшетау қаласының көшелеріне есімдері берілген белгілі тұлғалардың өмірбаяны топтастырылған «Көкшенің біртуар тұлғалары» жинағы, Көкшетау және Ақмола облысының  бірінші басшылары туралы «Уақыт және тұлға» құжаттар жинағы, Еңбек Ерлерінің өмірбаяндық деректері, қызмет жолындағы, еңбектегі ерліктері жинақталған «Социалистік Еңбек Ерлері» биографиялық анықтамалығы,  облысымыздың  дамуына зор үлес қосқан азаматтар туралы мәліметтер қамтылған «Ағалардың асу жолдары» биографиялық анықтамалығы  жарыққа  шықты. Аталмыш жинақтарда Еркін Нұржанұлы Әуелбековт3ң есімі мен еліне сіңірген ұшан-теңіз еңбегі ерекше орын алуы ол кісінің біздің өңірдің, еліміздің басқа аймақтарының дамуына қосқан зор үлесін кеңінен айғақтай түседі.

Жақында комсомол, партия және еңбек ардагері Александр Татарскийдің  Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына 95 жыл толуына орай, «Еркін Әуелбеков: Кір шалмаған арымды қалдырамын» атты кітабы да жарыққа шықты. Кітап даңқты жерлесіміздің өнегелі өмір жолына арналған. Бұл кітабына автор Еркін Нұржанұлының көзін көріп, онымен бірге қызметтес болған қазақ зиялыларының, отбасы мүшелері мен жақындарының осы кісі туралы жазған ескірмес естеліктерін енгізген. Кітапта аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарында қызмет атқарған жылдарындағы ұмытылмас кезеңдері қамтылады.

Өз басым аталмыш жинақты оқи отырып, Еркін Нұржанұлы туралы көп мәлімет алғанымды баса атап өткім келеді. Асыл ағамыздың  бойынан табылған адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық, талапшылдық, кішіпейілділік сынды өте керемет қасиеттері тағы бір мәрте алдымнан шығып, тарих көшінде осындай тау тұлғалы адамның болғанына және ол біздің жерлесіміз екеніне қуандым.

Өзінің өнегелі ғұмырында Еркін Нұржанұлының жүріп өткен бұл тағылымды жолы біз үшін қашанда өшпес өнеге, мәңгілік мұра. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің адалдық пен шыншылдықтың айнасы іспеттес көнермес ізі өскелең ұрпаққа Еркін Әуелбеков биігі болып мәңгі қала бермекші.

Әсем ӘЛДІБЕКОВА, Ақмол
а облысының мемлекеттік 
архивінің
ақпараттық-ұйымдастыру 
бөлімінің жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар