Өнер мерейі
Халқымызда би өнері бұрыннан жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін айшықтайтыны және көпшіліктің эстетикалық болмысын әспеттейтіндігі үшін ерекше қошеметке ие. Сонау ерте дүниеден адамзат баласы аң мен құстың қимылына, тау суының сылдырына елітіп, қозғалыстың мәдени үлгісін жасап шығарды. Сол арқылы би дейтін құдіретті өнер туды. Ал, енді бүгінгі күнге келетін болсақ, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан би өнері біздің Ақмола облысында да кенже қалып отырған жоқ.
Қайта тұтастай шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнерпаздарымыздың күшімен ел көңілінен шығарлықтай жаңа белеске көтерілді десек, артық емес. Міне, осы жолда жан-тәнімен өнер сүйер қауымға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқандар қатарында облыс орталығы Көкшетау қаласының «Он алты қыз» халықтық би ансамблі де бар. Біз бүгін осы белгілі өнер ұжымының негізі қаланғанына 25 жыл толуына байланысты тілшіміздің аталмыш ансамбльдің қол жеткізген жетістіктері мен би өнері туралы мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Иә, биыл «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінде жүзден астам биші қыздарды тәрбиелеп келе жатқан өнер ұжымы осы уақыт аралығында түрлі тарихи белестерден өтіп, руханият әлемінде өз қолтаңбасы қалыптасқан ансамбльге айналып отыр. «Он алты қыз» би ансамблі 2000 жылы Ақмола облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Нұрикамал Сейітжанованың бастамасымен құрылып, 2003 жылдан бастап «халықтық» атағына ие болды. Ұжыммен жұмыс істеу үшін қостанайлық хореограф Буршат Бушаева шақырылып, осы істің барлық қолдаушысы ретінде облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Светлана Жалмағамбетованың өзі би ансамблінің жан-жақты жұмыс істеуіне қолдан келген көмегін аямады. Алғашында облыстық халық шығармашылығы орталығы жанында өз жұмысын бастаған ұжым кейін 2009 жылдан бастап «Көкшетау» мәдениет сарайының құрамында жұмыс істей бастады. Аталмыш ансамбльге 2014 жылдан бері талантты хореограф Мадина Досмағамбетова жетекшілік етіп келеді. Жуырда Көкшетау қаласында осы мерейтойға байланысты би ансамблінің «Өнер жолындағы күміс белес» атты ауқымды есеп беру концерті өтті. Бұл күні сахна төрінде би мен музыка әлемі салтанат құрып, концертке жиналған талғампаз өнер сүйер қауымға мың бұралған талапты бишілеріміз ерекше эстетикалық сезім сыйлады. Концерттік бағдарлама үздік қойылымдар мен жаңа хореографиялық нөмірлерден жасақталып, кеш қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды. Би қойылымдарын қою үшін еліміздің белгілі балетмейстерлері шақырылып, осынау ауқымды шарада кәсіби мамандардың да ақыл-кеңесі ескерілді. Соның арқасында «Орамал биі», «Ақ дидар», «Қуаныш», «Қоштасу», «Қыз думаны», «Былқылдақ», «Сүйінші», «Бүлдірген» сияқты тағы басқа да белді қойылымдар қойылып, ансамбльдің репертуары толыға түсті. Бұл қойылымдарды сахна төріне алып шығуға Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Тойған Ізім, Гүлнәр Саитова, Қаз ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Меңтай Тілеубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрғалиев, Зәуре Әжібекова, Алмат Шамшиев, Мадина Тілеулина, Данияр Оразымбетов және әлемдік деңгейдегі қолтаңбасы бар балетмейстер Анвара Сыдықов атсалысты. Осындай кәсіби мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде, би ансамблінің тарихында тағы бір ұжымдық көрнекті бірлескен жобалар пайда болып, бишілеріміз көкшелік бисүйер қауымды тағы бір тамаша өнерімен тәнті етті.
Осы мерейтойлық өнер шарасынан кейін біз де Мәдина Темірболатқызымен жолығып, Көкшенің мәдени өміріне өзіндік шырай қосып келе жатқан ансамбль мүшелерін 25 жылдық белесімен құттықтап қайтқан едік.
–Бұл би ансамблінің негізгі бағыты қазақтың ұлттық биі болып табылады. Біз қолданылатын пластика мен ритм арқылы қазақ халқының бай мәдениетін, оның таусылмас қазыналары мен мұраларын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын айшықтауға тырысамыз, – дейді бұл орайда кейіпкеріміз би өнерінің тылсымына бойлата түсе.
Қазақ халқының салт-дәстүрлеріне негізделген билер ансамбльдің негізгі бағыттарының бірі екенін жоғарыда айтып өттік. Мәселен, осы ретте, жетекшісі Мадина Досмағамбетованың өзі қойған «Білезік» биінің мән-мағынасы зор. Осы би арқылы қоюшы хореограф ұлттық мұраны ұлықтай отырып, қазақ қызының көркем бейнесін, өнер мен дәстүрдің жарасымын жеткізуге тырысқанын айтады.
Ал, ансамбль өзінің 25 жылдық еңбек жолында халықтық сипат алып үлгерген би ұжымы ретінде қазақ хореографиясын дамытып қана қоймай, оны әлемдік деңгейде насихаттауға үлкен үлесін қосып келе жатыр. Сонымен қатар, бүгінде ансамбль репертуарында әлем халықтарының би үлгілері де бар. Ол би қойылымдарын ұжым бишілері асқан шеберлікпен орындап, жарқын мерекелер мен түрлі байқауларда көпшіліктің зор ықыласына бөленіп жүр. Жыл сайын ансамбль қоржыны жаңа қойылымдармен толыға түсіп, аталмыш өнер ұжымы жаңа белестерді бағындыруда. Мәселен, ансамбль республикалық, халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, жүлделі бірінші, екінші орындардан көрініп және бас жүлде иегерлері атанып келеді. Малайзия, Франция, Әзербайжан, Ресей, Түркия, Чехия, Кипр мен Испанияның үлкен сахналарында өз өнерлерін көрсетіп, шетелдік көрермен қауымды да халқымыздың бай мәдениетімен таныстырудан жалыққан емес. Сонымен қатар, биші қыздарымыз осындай айтулы додалар мен байқауларға қатысу барысында әлемнің жетекші-балетмейстерлерінің шеберлік сабақтарына қатысып, небір ұлттық билерді үйреніп, өздерінің кәсіби білімдерін шыңдай түсуде.
–«Он алты қыз» халықтық би ансамблі үлкен жетістіктерге жетуге, өнер саласында шыңдарды бағындыруға әрқашан дайын. Ансамбль мүшелерінің әрқайсысы мен үшін өте қымбат жандар. Олардың осы би өнеріне деген сүйіспеншілігі мен зор ынтасы мені әрдайым қуантады. Қыздарымыз алғыр әрі батыл. Соның арқасында әр дайындықта олар менің сын-ескертпелерімді ескеріп, ақыл-кеңесімді бойларына тез сіңіріп алуға тырысады. Біздің ұжым жай ғана би ансамблі ғана емес, үлкен шығармашылық отбасы дер едім, –дейді ұжым жетекшісі әңгіме арасында.
2024 жылы ансамбль мүшелері «Ақмола жастары» облыстық форумы аясында өнер көрсетіп, «Jas Aqmola» дәстүрлі жастар сыйлықақысын иеленіп, «Жылдың үздік хореографиялық ұжымы» аталымының жеңімпазы атанды. Сөйтіп, бұл өнерпаздар өңірдің жетекші би ұжымдарының бірі екенін айғақтай түсті. Сондай-ақ, ансамбль құрамында осы би өнерін жан тәнімен сүйіп, оны өз өмірлерінің болашағына балап, сала бойынша кәсіби білім алып жатқан қыздар да бар. Атап айтар болсақ, Адина Аман Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында өз білімін жалғастырып жатса, Меруерт Қализатова, Әсел Кенжебаева, Айым Бакалбаевалар Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын ойдағыдай аяқтап, бүгінде олар да би өнеріне шәкірт тәрбиелеумен айналысуда.
Біз Мадина Досмағамбетовамен сұхбаттасу барысында би өнерінің сиқырлы тылсымына тереңдей түскендей әсер алдық. Расында да, бекзат өнер саналатын бидің денсаулыққа да тигізер пайдасы мол екен.
–Көрерменге жеткізер ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт, – дейді хореограф би өнері турасындағы әңгімені сабақтай келе. – Музыка ырғағын пайдалана отырып, дене қимылы мен қозғалыстары арқылы сан түрлі образдарды бейнелеу ертеден келе жатқан үрдіс. Бұл да бір кішігірім спектакль іспетті. Тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Би құдіреті деген осы. Одан бөлек, адамның арқа, іш, қол-аяқ бұлшық еттерін нығайтып, дене бітімінің сымбатты болуына септігін тигізеді. Ең қызығы буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартады, – дейді кәсіби маман өз кезегінде.
Расында да би өнерінің адам баласына тигізер пайдасы мол. Себебі, онда спорт жаттығуларының элементтері көптеп кездеседі. Ал, шетелдік мамандар бишілік өнер адамға зор қуат пен мол энергия береді деп есептейді. Олай болса, біз «Он алты қыз» ансамблінің құрамындағы қыздарымызды да, Мадина Темірболатқызын да қазақтың би өнерін серік етіп, сол арқылы халықтың сүйіктісіне айналған кешегі Шара Жиенқұлова, Қадиша Ағымбаева, Шұғыла Сапарғалиқызы сынды жоғары санатты бишілеріміздің заңды жалғасы деп білеміз. Біз танымал би ұжымын мерейтойымен құттықтай отырып, жарқын жеңістер мен асқаралы белестер тілейміз!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.
![]()

