Жергілікті жерлердегі жақсылық жаршылары енді он жыл, сосын бір ғасыр!

Аудандық газеттер  – әр өңірдің саяси-қоғамдық, мәдени өмірінен сыр шертетін, әрі елімізде ең көп таралған мерзімдік басылымдар болып саналады. Олар аудандардың тыныс-тіршілігі мен айтулы оқиғаларын, елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысын, кейбір көкейтесті проблемаларды аудан халқына жеткізіп тұратын көпір тәрізді.

Тарихқа көз салсақ, аудандық газеттерді шығару жүйесі Қазақстанда Кеңес өкіметінің кезінде, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап жаппай қолға алынған көрінеді. Ақмола облысының аумағында да осы бастама шеңберінде бірқатар аудандық газеттер ашылып, қалың оқырманға жол тартқан. Солардың қатарында, биыл алғаш жарық көргеніне 90 жыл толып отырған Аршалы ауданының «Вперед», Сандықтау ауданының «Сандыктауский край» және Бұланды ауданының «Бұланды ақпарат» газеттері бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, осы көнеден келе жатқан басылымдардың редакторларымен әңгімелесіп, аталмыш баспасөз құралдары туралы газетімізде азды-көпті сөз қозғауды жөн санап отырмыз. Газеттер әуелде орыс тілінде ашылғанымен, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары екі тілде де шығарылатынын еске саламыз.  

Александра ЦЫГАНОВ,
Аршалы аудандық «Вперед» газетінің редакторы:

– Аршалы ауданының «Вперед» газеті – аймағымыздағы ең көне газеттердің бірі. Осыдан тоқсан жыл бұрын, 1935 жылдың наурыз айының алғашқы күндерінің бірінде «Колхозное знамя» атауымен бірінші нөмірі жарыққа шықты. Дәл осы күннен бастап газет қызметкерлері сол дәуірдің тыныс-тіршілігін жарыса жазып, аудан жұмысшыларымен, олардың проблемаларымен танысып, тығыз байланыс орнатыпты. Газет ұжымы сол кездегі алғашқы бесжылдықтың құрылысшылары мен еңбек адамдарын, Ұлы Отан соғысына аттанған жерлес жауынгерлердің ерлігін, тылдағы әйелдердің, қарттар мен балалардың теңдесі жоқ еңбегін жазды. Сонымен бірге, газет аудандық партия ұйымына соғыстан кейінгі жылдары бұқараны еселі еңбекке жұмылдыруға көмектесті. Ол тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында ұжымдық үгіт-насихатшы және ұйымдастырушы рөлін абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде газет ұжымы оқырмандарды толғандырған өткір сұрақтарға жауап іздеп, аудан тынысы жайында ақпарат таратып тұрды. Түрлі тарихи кезеңдерге байланысты атауы да бірнеше өзгерген басылым бүгінде «Вперед» деп аталады. Тәуелсіздік алғаннан бергі мемлекеттік тілдегі нұсқасы – «Аршалы айнасы» да халық арасында үлкен сұранысқа ие болды.

Соңғы жылдары газеттердің тынысы заман талабына сай өзгерді. Бұрынғы линотиптік машинкалар келмеске кетіп, компьютерлермен алмастырылды. Қазір газет елімізде, облыс пен ауданда экономика мен әлеуметтік салаларда қолға алынған реформаларды насихаттап, республикамыздағы ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға ықпал етуде.

Мерейтойлық жылда біз аудандағы баспасөздің қалыптасуына өз үлестерін қосқан бұрынғы ардагерлерді де айтпай кете алмаймыз. Оның бастауында В.Мадлеев, М.Потеряев, А.Мищенко, Н.Сереветниктер тұрса, газетіміздің бұрынғы редакторлары К.Масный, Д.Литвинов, Д.Смирнов, И.Киршпок, М.Розенберг, Д.Озеров, К.Кононов, И.Купин, А.Плукистің сіңірген еңбектері де зор.  Сонымен бірге, «Вперед» газетінің дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосқан ардагерлерге В.Захарова, Л.Франкевич, Н.Кетцле, В.Шперлинг, А.Пузевич, А.Слободянюк, Н.Бабенко, Н.Золотухина, В.Медведеваларға да шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз.

Олардың бастап кеткен сара жолын бүгінде біздер жалғастырып келеміз. Біздің ауданда 13 ауылдық округ бар және олардың әрқайсысында редакциямен үнемі байланыс жасап отыратын әрі бізге ондағы жаңалықтарды жеткізуші 2-3 белсенді оқырмандарымыз тұрады. Аудан үлкен болмаса да, оқырмандарымыз өте белсенді. Редакцияға олардан түсетін хаттарда кейбір мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп беру сұраныстары болса, енді біреулері өз отбасыларының немесе ауылдарының тарихымен, жақсы жаңалықтарымен немесе қызықты фактілерімен бөлісіп отырады. Көптеген жылдар бойы үзбей жазып жүрген тұрақты авторларымыз да бар.

Аудандық газеттер қашан болсын, халыққа жақын газеттер және сол дәстүр әлі де сақталып келеді. Басылым ретінде біз қоғамдағы келелі мәселелерді көтеріп,  жазып қана қоймай, оларды шешуге көмектесеміз. Мысалы, өңірде жұмыс қолының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, аудан тұрғындарының жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Тілшілеріміз газет бетінде өңірде қолға алынған бастамалардың табысты тұстарын насихаттап, ардагерлердің өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі етуде.

Ал, газетіміздің проблемалық мәселесіне тоқталсам, кадрлар жетіспейді. Сонымен бірге, қазір көпшілік электронды БАҚ-қа көп көңіл бөлінеді. Десе де, халық дәлелденген, объективті, шынайы ақпаратты газеттерден іздейді. Газет тігінділерінің  арқасында көптеген тарихи оқиғалар туралы ақпарат жинап, сол дәуірдің рухын, көңіл-күйін сезінуге болады. Менің ойымша, бұл бүгінгі интернет ғасырында өте маңызды. Күн сайын біз оқырмандарымыздан бірнеше хат аламыз. Осыдан-ақ, бұқара халыққа газеттердің қажеттігін, олардың бізді қолдайтынын көруімізге болады.

Күні кеше облыс орталығында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада біздің газетіміз үздік басылымдар қатарынан көрініп, облыс әкімі Марат Ахметжановтың сыйлығына ие болды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, барша әріптестерімізді осы кәсіби мереке күнімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін.

Айгүл АМАНЖОЛОВА,
«BULANDY AQPARAT» газетінің редакторы:

Біздің аудандық газеттің тарихы 1935 жылдың наурыз айынан бастау алады. Дәл осы уақыттан бастап сол кездегі Макинск, қазіргі Бұланды, ауданының ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын алып, «Колхозный набат» деген атпен шыға бастайды. Содан бері, міне, бір ғасырға жуық уақыт зымырап өтіп кеткен екен. Тоқсан жыл тарихы бар басылым қаншама өзгерістерге ұшырап, талай кезеңдерден өтті. Осы жылдар ішінде газеттің атауы заман ыңғайына қарай бірнеше рет өзгеріп, «Ленинский путь», «Согласие», «Вести Буланды – Бұланды жаршысы» деген атаулармен жарыққа шықты. Ал, қазір «BULANDY AQPARAT» деген атаумен әр аптаның жұма күнінде оқырмандарға жол табады.

Иә, 90 жылдық тарихы бар басылым әрдайым ауданымызда атқарылып жатқан игілікті істердің, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып келеді. Шын мәнінде, тарихтың тағдырлы белесінен өткен газет үшін бұл мерзім аралығында талай сынақтың, өркендеу, самғау, төмен түсу кезеңдерінің де болғаны сөзсіз. Ауданның ақпараттық кеңістігіндегі ресми түрдегі жалғыз басылым болып саналатын бұқаралық ақпарат құралы тұрғындардың күтіп оқитын басылымына айналды.

Аудандық газеттің түрлі кезеңдердегі даму жолында тер төккен газет майталмандарының еңбегін бағалап, есімдерін атап өткеніміз жөн болар. Олар Тамара Барышникова, Күлсім Жарқынова, Лидия Зеленская, Любовь Курбатова, Ганна Гражда, Амантай Бейсекеев, Болат Күлайхан, Талғат Құсайынов, Азамат Құсайынов, бертіндері бірге қызмет етіп келе жатқан Жайнарбек Зандыбай, Қанат Ысқақов пен Ботагөз Ысқақовалар.

Мекеме ұжымы шағын болғанымен, үлкен жұмыс атқарып отыр. Олар өздеріне тапсырылған жұмысты тыңғылықты атқарып, газеттің сапалы шығуына мән береді. Цифрлық технологиялардың аса қарқынмен дамуы газет өміріне, нақты айтқанда, таралымының күрт түсуіне себеп болғаны жасырын емес. Телефонға телміріп, тірлік кешіп жүргендердің саны артқан сайын, дәстүрлі баспа өніміне сұраныс, керісінше, түсіп кетті. Алайда, газеттің халықтың алдындағы жылдар бойы жинақтаған абыройы мен беделі, одан қалды, жауапкершілігі қалыпты жағдайда. Өйткені, оқырман саны азайып қалса да, аудандық басылымды апта сайын күтіп отыратын жерлестеріміз аз емес.

Заман өзгеріп, ақпаратты ұсыну әдістері де өзгеріске ұшырағанмен, дәстүрлі қағазға басып шығарылатын газеттің ешқашан құны жойылмайды. Ақ қағаз бен қара сияны серік қылып, оқырманның жүрегіне жол тапқан авторлық туындыларымыздың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы өз орны бар. Ендеше, ақпарат кеңістігінде атқарып жатқан жұмысымыз абыройлы болсын.

Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Осы уақытқа дейін аудандық басылыммен бірге болып, тұрақты оқырманы атанған жерлестерімізге зор алғысымызды білдіреміз. Газеттің болашағы жарқын, жазары тек жағымды жаңалықтар мен сүйінші хабарлар болсын. Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты, ауданымыздың болашағы жарқын болғай!

Мәдина ҚАСЫМОВА,
Сандықтау аудандық «Сандыктауский край» газетінің редакторы:

Биыл біздің ауданда да алғашқы төл газетіміздің шыға бастағанына 90 жыл толып отыр. Бүгінде бұл «Сандыктауский край» газетін аудан халқы жақсы көріп оқиды десе болады. Туған өлкенің тамаша табиғатынан бастап, аудан халқын толғандыратын өзекті мәселелер қамтылатын, кез келген тақырыпты шынайы әрі дәлдікпен дұрыс ұсына алатын адамдар жасайтын басылымды қалай жақсы көрмеуге болады?!

90 жыл! Бұл толықтай бір адамның жүріп өткен ғұмыры. Осы уақыт ішінде газеттің қандай ауыртпалықтар мен сәтті кезеңдерді бастан өткергенін газеттің бастауында тұрған жандар жақсы біледі. Сандықтау өлкесі табиғаты көркем, керемет тұлғаларға мекен болған құтты аймақ. Сондықтан, газеттің алғашқы нөмірлерінде де орын алған шығар, бірақ, өкінішке орай, ол нөмірлер мұрағатта сақталмапты. Газет бастапқыда «Сталинский путь», кейін «За коммунизм», «Балкинские вести», «Сандыктауские вести» деген атаулармен шығып, соңғы жылдары «Сандыктауский край» атауын алған. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, 2011 жылдың қазан айынан бастап, мемлекеттік тілдегі қосымшасы ретінде «Сандықтау өңірі» газеті шығарыла бастады.

Бүгінде басылымның ескі тігінділерін парақтай отырып, ауданның өмірі қаншалықты жан-жақты және алуан түрлі болғанына, газет беттерінде талантты редакторлар, ардагер журналистер И.Олейник, В.Хомяков, М.Пинаев, Г.Сапожникова, А.Сергиенко, А.Козлова, А.Мұқановалардың жетекшілігімен қандай қызықты айдарлар өмірге келгеніне көз жеткізуге болады.

Үлкен басылымдардан республикалық немесе облыстық баспасөзден айырмашылығымыз, біздің тиражымыз аз болса да, шағын редакцияда жұмыс істесек те, оқырмандарымыз үшін әр материалға өз жанымызды саламыз. Өйткені, біз өз жерлестеріміз, ондаған жылдар бойы таныс, жүздес болған жандар туралы мақалаларды осы аудандық газеттен басқа жерде оқи алмаймыз, ешкім біздің өлкеміздің тарихын, ауданымыздың бүгіні мен ертеңін, оның нақты проблемаларын, кемшіліктері мен артықшылықтарын дәл біздей нақты, толық айтып бере алмайды.

Біздің газетіміздің беттерін парақтай отырып, оқырмандар жарияланымдарымыздың кейіпкерлері – кәсіпкерлер, еңбек адамдары, қарттар, ауыл мұғалімдері мен мәдениет қызметкерлері, дәрігерлер мен дала еңбеккерлері, тұтастай отбасылар мен еңбек ұжымдары туралы әдемі естеліктер мен суреттемелер оқи алады.

Редакция қызметкерлерімен бірге газетті қызықты етіп шығаруға біздің қоғамдық көмекшілеріміз зор үлес қосуда. Олардың ішінде В.Пономарева, Т.Плотникова сияқты штаттан тыс тілшілеріміз, аудандық мұрағат, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы және музыка мектебі, аудандық білім бөлімі, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің жаттықтырушылар құрамы және тағы басқалар бар.

Газетте жұмыс істеу – бұл құрметті де жанкешті қызмет. Бүгінде редакциямызда өз ісіне адал берілген Светлана Ионина, Марина Рупакова секілді қызметкерлер жұмыс істеуде. Біздің осы шағын ұжым газетті оқырлық және қызықты етіп шығаруға тырысып бағуда.

Бүгін мен ұзақ жылдар бойы осы газетте еңбек етіп, оның даму жолына өз үлестерін қосқан, өкінішке орай, бұл күнде арамызда жоқ әріптестерімізді З.Секисова, Р.Асламбекова, В.Харченко, В.Орлова, Н.Мирошниченконы еске алғым келеді.

Сонымен қатар, бүгін арамызда жүрген құрметті ардагерлерімізге де жылы лебізімізді білдіріп, олардың көп жылғы еңбектеріне ризашылығымды жеткізгім келеді. Олар – Н.Шабурова, Н.Васина, В.Резникова, Л.Шаврина, Г.Неволько.

Осы сәтті пайдалана отырып, барша сандықтаулық, оқырмандарымызды газетіміздің 90 жылдығымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған міндеттер ауданымызда берекелі істерге ұласып, газет беттерінде жағымды жаңалықтар болып жарыққа шықсын. Барша әріптестеріме кәсіби мереке құтты болсын деймін.

Жазып алған Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар