Біздің әулеттің сара жолы

Орденді әріптес

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсу маған бірден бұйырмады. Әскерге барып келгеннен кейін жұмыс істеп, қайра бағымды сынап көрмек болдым. Әйтеуір, үмітім жанып, студент атанғаным мен үшін зор қуанышқа айналды.

Ерейментау ауданында еңбек жолымды аудандық газеттің тілшісі ретінде бастадым. Біздің әулетке тиесілі сара жол, яғни, мерзімдік баспасөз жұмысының бір кездері репрессия құрбаны болған Сағадат Тәштитоваға және менің әкем Сәлкен Түгелбаевқа тікелей қатысы барын айта кету орынды деп ойлаймын.

Әкемнің апасы Сағадат 1937 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. Жұбайы Қайсар Тәштитов Қазақстан Жастар одағын басқарып тұрғанда «жазалы» болып, жазықсыз жапа шеккендер қатарында кете барды. Сұрапыл күндер көп ұзамай апайымыздың да алдынан шығып, ол кісі Ақмоланың аты шулы «АЛЖИР» лагерінің тұтқыны атанды.

«Туған елімнің маған абақты болғаны жаныма батты» деп қиналушы еді 8 жыл өмірін сол лагерьде өткізген апамыз.

Әкемнің соғыстан оралғаннан кейінгі өмірі Ерейментау аудандық газетімен тікелей байланысты болды. Бірақ, өмірдің құбылмалы кезеңдері ол кісіге бір жерде тұрақты жұмыс істеуге мұрсат бермеді. Соғыс ардагері «Біз партия қайда жұмсаса, сол нұсқауды солдаттай тапжылмай орындадық» деп отыратын. Ауданның әлеуметтік сала қызметіне тілі жүйрік, сөзі жатық кісілер керек болғасын, соған ауыстырылған екен.

Қандай сан-салалы жұмыстарды атқарса да, әкеміз аудан мен облыстың газеттерін үзбей жаздырып алатын. Аязды күндерге қарамай, пошташы келіншектің әкелетін газет-журналдарын сыртта тосып жүретін де кездері көп болушы еді. Сол дағдыға үйренген балалары да газетті жинап отыратын.  Әкейдің оларды қолға алғанда айтқан алғыс сөзіне марқайып қалатынбыз.

Газеттің бағын жандыратын оның оқырмандары екені шындық. Жақсы хат-хабарлар, ұсыныстар көп ой тудырса, басылым да тартымды бола түседі. Баспаханалық үрдіспен шығатын газеттердің форматы, сапасы қазір мүлдем өзгергенімен, бұрынғыдай тілеулес, жанашыр оқырмандары аз дер едім. Мені де шығармашылығы, жұмысы осы газетпен байланысты журналист ретінде бұл мәселе көп қинайды.

Бүгінгі заманның бет-әлпеті көп өзгерді. Жергілікті басшылар газеттің күрделі мәселелеріне жете мойын бұрмайды. Бұл бұрындары болмаған жағдай. Оның үстіне әлеуметтік желі де көп өзгерістер әкелді. Газет күнделікті өз маңызынан тықсырылып барады.

Еркіндікті сезінген «жазушы-блогерлер» қарасы көбейіп, жақсыдан гөрі кесірлі істерге әуес ниеттерін айқын байқатып отыр. Бүркеншек атпен түрлі оғаш, арандатушылық істері басым пысықайлар қазір тіптен көбейіп кеткен сияқты.

Әрине, өткір мақалаларды, өзекті тақырыптарды тілге тиек еткен әріптестеріміз арамызда баршылық. Бірақ, жоғарыдан оларды қолдап жатқандар санаты аздау.

Ақмола өңірінде жарық көріп жатқан бірден-бір көне газет – «Арқа ажары» дер едім. Бұл газеттің ұжымымен біз ертеден таныспыз әрі мүдделеспіз. Бір кездері осы газетті басқарған редакторлар Әнуар Ипмағамбетов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалықов, белді жорналшылар Мәди Хасенов, Амангелді Жұмабеков, Ілияс Қарагөзин, Алдан Смайылов, Жылқыбай Жағыпаров, Бәдуан Имашев, Төлеген Ілдебаев, Мағжан Садыханов сияқты азаматтарды жақсы білетінбіз. Олардың әрқайсысының мен үшін орны бөлек.

Бүгінгі «Арқа ажары» газетінің ұжымы қазіргі қиын шақта өте жауапты қызмет атқарып жатқан жоғары білікті жігіттер мен қыздар дер едім. Басшысы Жабал Ерғалиевтің, бас редакторы Қайырбай Төреғожаның қажырлы еңбектерін атап өту орынды болар.

Астаналық ауданның баспасөз саласында үзбей қызмет атқарғаныма 30 жыл болып қалыпты. Бұл аралықта талай күрделі мәселелер туындағаны шындық. Бірақ, жалтақтап тура жолдан тайынған жеріміз жоқ. Әкімдердің озық ойлылары көп қой, бірақ, басқаша ойлайтындары да аз болған жоқ. Солардың кертартпа істеріне көнбей, реті келгенде тайсақтамай тура сөйледік.

Газеттің қоғам мүддесі үшін атқаратын жұмысы зор. Біздің де өмірдегі мақсат-тілегіміз сол болды. Сондай адал ниетпен жұмыс істедік десем, артық айтқандық емес.

Бүгін төл мерекелерін атап өтіп жатқан әріптестеріме айтарым, қаламдарыңыз мұқалмасын, еңбектеріңіз жана берсін!

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Целиноград аудандық газеттерінің редакторы, баспасөз саласының ардагері,
«Құрмет» орденінің иегері.

P.S. Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін күні кеше мақала авторы Жанат Түгелбаев «Құрмет» орденімен марапатталды. Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің қызметкерлері мен оқырмандары атынан әріптесімізді осы жоғары наградасымен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар