Әр түрлі ақпарат жан-жақтан толассыз ағылған заманда журналистің қоғамның тамыр соғысын дөп басып, билік пен бұқараның арасындағы көпір қызметін қалтқысыз атқарып келе жатқаны ақиқат. Бұл жауапты міндетте қазіргі аймақ журналистикасының беталысы мен облыстық теларнаның бүгінгі келбеті қандай? Біз өз кезегімізде, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында осы мәселе туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпарациясы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы «Көкше» телеранасының директоры Берік Әбділмановты әңгімеге тартқан едік.
– Берік Қайдарұлы, алдымен, бүгінгі отандық журналистиканың хал-ахуалына тоқталсақ, аймақ журналистикасының аяқ-алысын қалай бағалар едіңіз?
– Әлеуметтік желілер мен ғаламтор қоғам өміріне дендеп енген бүгінгі таңда қоғамды шынайы ақпаратпен сусындату аса зор жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Журналистика қоғам айнасы десек, бүгінгі айнамыз сәл тұманданып тұрған сияқты. Себебі, соңғы жылдары ақпараттық алаңда шынайы сараптамадан гөрі ресми мәлімдемелер мен дайын сценарийлерге көбірек орын беріліп жүр. Дегенмен, тәуелсіз ойлы, ел тағдырына алаңдайтын қарымды қаламгерлер де аз емес. Олардың қажырлы еңбегі мен ізденісінің арқасында журналистиканың тамыры әлі де болса, бүлкілдей соғып тұр. Аймақ журналистикасына келсек, қазіргі заман ағымына сай әріптестеріміз бүгінгі елдің күнделікті жағдайын, шымбайына батқан өзекті мәселелерін сараптап, күн сайын халыққа шынайы ақпарат таратып отыр. Бұл орайда, қаламын қару еткен әріптестеріміздің тынымсыз еңбегі мен өз қызметіне адалдығы, кәсіби шеберлігі осы саланың одан әрі де дамуына тың серпін беруде. Қазір түрлі әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы жалған ақпараттар да қаптап жатады. Сондықтан, журналистика осы ақпараттардың бәрін елеп-екшеп, тек ресми әрі шынайы ақпараттарды сараптап жеткізіп келе жатқанын атап өтуіміз қажет.
– Осы ретте, өзіңіз басқарып отырған облыстық телеарнаның қазіргі қоғамдағы рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Аймақтық телеарналар жергілікті халықтың өмірін көрсететін, өзекті мәселелерді көтеретін негізгі алаң. Біз тек жаңалық таратушы емес, халықтың көкейіндегі сауалды билікке жеткізетін дәнекерміз. Әрбір сюжетте қоғамға пайда әкелетін, мәселенің шешілуіне жол ашатын ұстаным болуы керек. Халық бәрін көзімен көріп, құлағымен естіп отырғандықтан, телевидение арқылы таратылатын әрбір ақпараттың еш бұрмаланбай жеткізілуі аса маңызды. Бұл тұрғыда, «Көкше» телеарнасының ұжымы өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін тиісінше атқарып отыр деп сеніммен айта аламын. Аталмыш телеарна 1999 жылдың 21 қыркүйегінде Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына ауысқаннан кейін қайта құрылғанын көпшілік қауым жақсы біледі. Сол жылдың 4 қазанында алғашқы эфир жарқ етіп, жарыққа шыққаны да елдің есінде болар. Алайда, «Көкше» телеарнасының тарихы одан да тереңде жатыр.Сонау жетпісінші жылдары бір ашылып, жабылып, одан тоқсаныншы жылдардың орта тұсына қарай Көкшетау облыстық телерадио компаниясы өз жұмысын бастап, облыс тарағанға дейін эфирге хабар таратып тұрғанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Бүгінде аймақ көрермендері үшін тәулігіне таратылатын хабардың 70 пайызы қазақ тілінде болса, қалған 30 пайызы орыс тілді көрермендер үшін әзірленеді. Өзіміздің төл туындымыз 50 пайызды құрайды. Телеарнаның алтын қорында 100 мың терабайт архив сақталған. Заманауи техниканың жетістіктерін пайдалану үшін телеарна мамандарына барынша жағдай жасалған. Әсіресе, аймақ айнасына айналған «Көкше ақпарат» редакциясының қызметін ерекше атап өткім келеді. Бүгінде онда қолына микрофоны мен қойын дәптерін қатар ұстаған кәсіби мамандар баршылық. Олар күнделікті жаңалықтың жаршысы болып жүр. Бұл орайда, аймақ журналистикасы, оның ішінде телевидение тек шынайы ақпаратты таратуға күш салып келеді.
– Кейде журналистиканың биліктің ықпалына қарай кетіп қалатыны айтылып жатады. Өзіңіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Иә, өкінішке қарай, ондай үрдістің бар екенін жоққа шығара алмаймын. Бұл тек біздің елге емес, әлемдік медиакеңістікке тән құбылыс. Ақпарат құралдары мемлекеттің, яғни, биліктің қолшоқпарына айналса, қоғамда сенім дағдарысы туындайды. Журналист халық пен биліктің арасындағы шынайы көпір болуы керек, ол шындықты айтып, тек әділдікті қорғауы тиіс. Егер ол тек мақтау мен жағымпаздыққа негізделсе, бұл кәсіби этикаға, журналистік миссияға қарсы дүние болмақ. Біз айтып отырған жағдай әр журналистің ар-намысына да байланысты. Жағымды сюжетке тапсырыс түссе де, сол тақырыптың екінші жағын яғни, шынайы картинаны толықтай көрсетуге тырысу керек. Кәсіби шеберлік шындықты өткір әрі сауатты жеткізе білумен өлшенеді. Бізде өкінішке орай, журналистерді қорғаудың тетіктері әлі де болса әлсіз. Десе де, шындықты айтудан қорықпау керек. Өйткені, қоғам қазір осыған ойысып отыр. Кез-келген мәселенің ой-шұңғылы айтылған жағдайда ғана ол атқарушы биліктің де назарын аудартып, өзінің дұрыс шешімін табады деген ойдамын.
– Ғаламтор арқылы сан түрлі әлеуметтік желілер, мысалы, блогерлер ақпарат айдынын жаулап алған осы тұста жаңа медианың дамуы дәстүрлі телевидениенің ықпалын азайтып отырған жоқ па? Қалай ойлайсыз?
– Расында да қазіргі уақытта ғаламтор арқылы медиа кеңістіктегі бәсекелестік аса қызған шақ. Дегенмен, дәстүрлі телевидение өзінің қоғам алдындағы жауапты миссиясынан ажыраған емес. Керісінше, телевизия өзін жаңа форматта қайта танытып жатыр. Қазір саннан сапаға көшу аса маңызды. Көрерменді ұстап тұратын дүние шынайылық, сапалы контент, терең сараптама екенін жақсы түсінеміз. Әлеуметтік желілер жылдамдық жағынан алда болуы мүмкін, бірақ, сенімділік тұрғысынан телевидение әлі де беделді. Осы беделді сақтап қалу да – біздің басты міндетіміз.
– Биылғы төл мерекеміз қарсаңында телеарнаңыздың редакторы Зарина Бекқалиева Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті грантының иегері атанды. Әріптесіңіздің жетістігі тұтас ұжымның қуанышы деп ойлаймыз.
– Жаңалықты алғаш жеткізіп, ел ішіндегі игі істерді насихаттап, қоғам өмірінің қайнаған ортасында жүретін журналистермен қатар, кадр сыртындағы мамандардың да еңбегі әрдайым бағалы әрі құрметті. Жалпы, рухани құндылықтарды дәріптеп, мәдениетті өрістетіп, ел ішіндегі оң өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу біздің мамандығымыздың айрықша миссиясы. Бұл жауапкершілігі зор, биік мәртебелі жұмыс. Бұл орайда, Мемлекет басшысының грантымен марапатталған Зарина Өмірғалиқызының өңірлік телерадио саласын дамытуға қосып келе жатқан үлесі зор. Бұл мәртебелі марапат телеарна тарихында тұңғыш рет орын алып отыр. Зарина Өмірғалиқызына берілген бұл грант аймақ телеарнасына деген, ондағы еңбек етіп жатқан жас мамандарға деген мемлекеттің оң көзқарасы деп білеміз.
– Әңгіме жас журналистеріміз туралы болып жатқандықтан, осы арада, оларға біржола қандай ақыл-кеңес бере кетер едіңіз?
– Ең алдымен, ар-намыс пен жауапкершілік жоғары тұруы керек дер едім. Журналист мамандығы күнде үйреніп, өзгеріп отыруы арқылы замана көшінен қалмауды қажет етеді. Жаңа технологияны да, қоғам психологиясын да зерттеп біліп, қолымызға түскен ақпараттардың бәрін саралай әрі жүйелей білуіміз қажет. Бірақ, қандай заман, өзі қызмет етіп отырған телеарна, мерзімдік басылым болсын, журналистің өз мамандығына деген адалдығы мен өзінің ішкі шындығы жоғалмауы керек. Бұл біле білсек, нағыз журналистің басты қасиеті. Осы орайда, облыстық телеарнаның бүгінгі жарқын келбеті үшін көп жыл тер төккен белгілі спорт журналисі Қалымбек Мұхаметжановтың, бүгінде телвизия саласының майталмандарына айналған Гүлнәр Бекенова, Мақпал Айбабиналардың қажырлы еңбегін атап өткім келеді. Олардың осы саладағы жеке тәжірибелері жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі, бұл қызметкерлер осы телернада көп жылдан бері еңбек етіп, әбден төселген кәсіби мамандар. Сондықтан, телеарнаға келген кез-келген жас маман олардың еңбек жолындағы іс-тәжірибесінен үйренуге талпынса, аға буынның айтқанына құлақ асып, оны тез сіңіріп алса, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.
– Ашық сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!
– Сізге де рақмет! Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтай отырып, еңбектеріне толайым табыс тілеймін. Халықтың үні бола берейік!
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Өмірдерек: Берік Қайдарұлы Әбділманов 1985 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Қарағаш ауылында дүниеге келген. Кәсіби тележурналист. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филиалында қатардағы редакторлықтан бастап аға редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бері осы филиалдың директоры. Ақпарат саласының үздігі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суреттерде: фото-оператор, Сабырбек Шериязданов; шеф-редактор Гүлнәр Бекенова және редактор Сәния Есімсейітова; техникалық қызметтің жетекші маманы Кремер Станислав және тәжірибеден өтуші жас маман.
![]()

