Қазақ халқының дүниетанымы мен өмір салты ғасырлар бойы ислам дінімен тығыз байланыста өрбіген. Ислам діні мен қазақ мәдениеті өзара сабақтас, біте қайнасқан рухани жүйелер ретінде көрініс береді. Көшпелі өмір салты қазақ халқының табиғатпен етене араласуына, оны түсінуге және құрметтеуге үйретсе, ислам діні адам мен әлем арасындағы рухани байланысты тереңдетті. Қазақтың дәстүрлі қоғамында ең басты құндылық – адамды сыйлау мен құрметтеу болды. Бұл ұстаным исламның негізгі қағидаларымен толық үйлеседі: мейірім, әділет, адалдық, сабыр, білімге ұмтылу секілді құндылықтар қазақы таныммен де, шариғат талаптарымен де үндес. Халықтың мәдени болмысын шыңдайтын да, оны рухани биікке жетелейтін де – дін. Қазақ қоғамында діни сенім тек құлшылық пен рәсіммен шектелмей, тәрбиенің өзегіне айналды. Жыраулар мен ақындар, Абай мен Шәкәрім, Алаш зиялылары ислам құндылықтарын терең түсіндіріп, оны халық санасына қазақы таныммен жеткізді. Шәкәрімнің «Таза ақыл», Абайдың «Толық адам» концепциясы, Әлихан Бөкейханның «Мәдениет – құдірет әмірі» деген тұжырымдары – дін мен ұлттық рухтың бірлігін көрсететін айшықты мысалдар.
Ислам діні қазақ халқының ұлттық рухын қалыптастыруда да шешуші рөл атқарды. «Отанды сүю – иманнан» деген қағида қазақ өмір философиясының мәнін айқындайды. Дін – тек Құдай алдындағы жауапкершілік қана емес, қоғам мен Отан алдындағы азаматтық парызды да жүктейді. Пайғамбар хадистерінде ер азаматтың отбасына, әйел адамның шаңырағына жауапты екендігі айтылады. Бұл исламдағы жауапкершілік ұғымының қоғамдық өлшемі ретінде қазақ мәдениетінде де берік орын алған.
Мәдениеттілік пен діни танымның бірлігі – қазақ қоғамының басты тіректерінің бірі. Ұлттың өзіндік болмысы мен тұтастығын сақтап қалуы үшін дін мен дәстүрдің, тарих пен руханияттың бірлігін сақтау – ұрпақ алдындағы аманат. Тарихи кезеңдерде дінді бұрмалап, бөтен мақсатқа пайдалануға тырысқан ағымдардың тамыр жаюы да осы бірліктің әлсіреуінен болғаны белгілі. Сондықтан, дәстүрлі ислам мен ұлттық құндылықтар негізінде рухани тәрбие беру – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды міндет. Қазақ мәдениетінде дін – тек сенім жүйесі емес, ұлттың ішкі жан-дүниесінің, өмір салты мен әдет-ғұрпының бір бөлігі. Абай, Шәкәрім секілді ойшылдардың шығармаларынан діннің тәрбиелік, әлеуметтік, дүниетанымдық маңызын көреміз. Олардың көзқарасы – дінді ақылмен түсініп, жүрекпен сезінуге үндейтін бағыт. Шәкәрімнің «ақ жүрек, таза ақыл, адал еңбек» триадасы мен Абайдың «кемел адам» идеясы – дін мен мәдениеттің үндесуінің айқын көрінісі.
Дін мен мәдениеттің сабақтастығы отбасы құндылықтарында да ерекше байқалады. Әйелге, анаға, ата-анаға құрмет көрсету – Құран мен хадистерде ерекше мәнге ие. Қазақтың «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызыңнан құтылмайсың» деген сөзі де осы шариғи ұстанымның ұлттық формада көрініс табуы. Дін мен дәстүрдің осы бірлігін сақтай отырып, қазақ халқы ұрпағын ұлтқа, елге, Отанға қызмет етуге баулыған.
Қазақ қоғамында дін адамды рухани жетілдірудің, мәдениеттілікті арттырудың, ұлттың рухын биіктетудің құралы болды. Құран мен хадистердің тағылымы мақал-мәтел, жыр, өсиет, шешендік сөздер арқылы халық санасына сіңді. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениет пен діни танымның өзегін сақтап қалу – ел болашағы үшін ауадай қажет. Ұлттың иммунитеті – руханиятта. Руханияттың тірегі – дін мен дәстүр. Осы тұтастық қана ұрпақты жат ағымнан сақтап, өз болмысын ұмытпауға жетелейді. Шынайы ислам діні – адамзатты ізгілікке, мейірім мен әділетке жетелейтін рухани тірек. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы, отансүйгіштік, отбасыны қадірлеу, үлкенге құрмет, балаға мейірім секілді құндылықтары Құран мен хадистерге сай өрбіген. Дінді дұрыс түсінбеу – адасушылыққа әкелсе, ал, ақылмен ұғыну ұлттың рухани биіктеуіне жол ашады. Сондықтан да, дін мен дәстүр үндестігін сақтау – ұлттық бірегейлікті нығайтудың кепілі.
Диас БАЙЖІГІТОВ,
Дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог
![]()

