Өнер өрісі
Өңірдегі татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мен «Ғалиябану» вокалдық ансамблі 35 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуде. Осы бір айтулы датаға орай, мерекелік концерт дайындап, тыңдарман қауымның назарына ұсынды.
Этномәдени бірлестік өңірдегі жастар ұжымдары мен жүздеген тұрғындардың басын біріктіріп, төл тарихын насихаттап, өміршең өнерлерімен замандастарының рухани кеңістігін нұрландыруға ат салысып жүр. Мерекелік шара барысында би және вокалдық топтар өз өнерлерін көрсетті. Мың бұралған әсем би мен әуелеген ән шынайы өнерді шын бағалай білетін тыңдарман қауымға айрықша шаттық сыйлады.
–Әсіресе, жас балалардың өнерге деген ықыласы көңіл қуантады, – дейді облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаиль Зұлқарнаев, – дәстүр жалғасып, өнер сабақтасып жатса ғанибет емес пе? Біз қазақ халқының әдемі де әсерлі тілі мен мәнді мәдениетін айрықша қадірлейміз.
Бүгінде «Ғалиябану» ансамблінің құрамында 12 өнерпаз бар. Олар республикалық, халықаралық байқауларға үзбей қатысып, өнерлерін көрсетіп келеді.
–Біздің ансамбльдің құрамында егде адамдар да аз емес. Жасымыз жер ортасынан асса да би билеп, ән айтқанды ұнатамыз. Былтыр Ресейдің Омбы қаласында болдық. Оған дейін Орал, Алматы, Өскемен қалаларында өнер көрсеттік. Толық құраммен бара алмасақ та, шағын топпен шығып жүрміз. Қазір аптасына екі рет дайындық жұмыстарын жүргіземіз.
Өңірде 17 мыңнан астам татар мен башқұрт тұрады. Олардың барлығы туып-өскен жеріне, еліне адал қызмет етуде.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау.
![]()

