Қазақ тарихын көркем тілмен сөйлеткен

Ілияс Есенберлин-110

Ілияс Есенберлиннің шығармашылық жолы оңай болмады. Оның өмірлік тәжірибесі мен көрген қиындықтары шығармаларына шынайылық пен рухани тереңдік дарытты. Кеңестік кезеңнің идеологиялық қысымына қарамастан, жазушы қазақ халқының күрделі де қайшылықты тарихын шынайы сипаттай білді. Бұл – нағыз ерлікке пара-пар әдеби еңбек.

Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпты көркем прозада кең көлемде қазған, ұлт санасын оятқан, ел тарихын көркем тілмен өрнектеген қаламгерлердің бірі – Ілияс Есенберлин. Ол әдебиетке тарихи романдар легін әкеліп, қазақтың шынайы тарихын көркем шығармалар арқылы танытқан бірегей жазушы. Оның шығармашылығы ұлттың өткенін тануға, ұлттық рухты жандандыруға бағытталған терең де тағылымды әлем.

Қазақ тарихи романын байытқан, шын мәніндегі алғашқы шығармалардың қатарында жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» және «Көшпенділер» трилогиясын атауға болады. Бұл трилогияларда жазушы қазақ халқының мың жылға жуық ерлік тарихын, оның мемлекеттілігінің түп бастауларын көркем бейнелейді.

«Көшпенділерде» қазақ хандығының тарихы кең панорамалық сипатта көрініс тапса, «Алтын Ордада» қазақ хандығының түп негізі, протоқазақ мемлекеті Алтын Орда хандары Өзбек, Жәнібек, Бердібек, қазақ хандары Керей, Жәнібек, Абылай, Кенесарылардың айшықты бейнелері сомдалған. Білікті ғалым, зерделі сыншы Р.Бердібаев:

«Ең алдымен тарихи зерттеу әдебиетте толық талдауын тауып болмаған, кей тараптан әлі күнге дейін пікір таласын тудырып келген оқиғалар мен адамдар туралы көркем шығарма жазудың өзі І.Есенберлиннің азаматтық тұрғысының беріктігі деп бағалау керек» –деп жазды. (Бердібаев Р. «Алпыстың асуында»// Қазақ әдебиеті» 17.01.1967).

Ал ғалым, сыншы Хасен Әдібаев сол тұста: «Жазушы Ілияс Есенберлин бүгінгі таңда ел-жұртына мейлінше қажет, мың сан оқушысын тапқан, туған әдебиеттің тақырыптық шеңберін кеңейткен күрделі романдар циклын біріктірді. Трилогиядағы сансыз оқиға мен тарихи тұлғалар ел, жер молдығы риза етпей қоймайды, бір елдің бес ғасырлық өмірі бейнеленген шығарманы басқа әдебиеттерден өз басым әлі оқыған жоқпын.» деп таңдана да, сүйсіне де жазды. (Әдібаев Х. «Халықтың көркем тарихы», «Қазақ әдебиеті», 12.04.1974).

Аталмыш трилогияларды жазу барысында жазушы көз майын тауысып, қаншама шаң басқан мұрағаттардағы құжаттарды ақтарыстырды, көне қолжазбаларды қағып-сілкіледі, тарихи фактілерді елеп-екшеді.

«Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жерде жүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіп артылар шаруа» – деп баға береді академик Р.Нұрғали.

Кеңестік қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерде де «Көшпенділер» романына қатысты толымды баға, ой-пікірлер білдіріліпті: «Көшпенділер» романында толымды шыққан образдардан аттас екі ханның (Әбілқайыр ХVғ., Әбілқайыр – XVIII) бейнесін атауға болады. Сонымен қатар, Керей мен Жәнібек бейнелері де бедерлі. Жазушы алғашқы екі кейіпкердің хандықтың ішкі-сыртқы саясатындағы ой-толғамдары, пікірлері арқылы олардың ішкі әлемін танытуға көңіл бөледі. Кейінгі Керей мен Жәнібек хандар романда халық қамын ойлаған, халық қамқоры ретінде көзге түседі. (Дәдебаев Ж. «Өмір шындығы және көркемдік.» А.1991,45б)

І.Есенберлин романдарын тарихи жылнамалардағы оқиғаларға  негіздегенімен, басты оқиғалардың мазмұнымен соншалықты алшақ болғанымен, шығармаларда қосалқы сюжеттік желілер мол. Тарихи белгілі оқиғаларды көркем шығармада суреттеп, баяндап көрсету үшін пішіндік (фабулалық, композициялық, стильдік) өзгешелік сипатын ескеру қажет. Бұл тұрғыда шығармалардағы көркем образдар құрылымындағы үйлесімдерге, ішкі даму қисынына (логика) аса көңіл аударуға тура келетіндігін айтқанымыз жөн.

«Жазушының қаламгерлік лабораториясында бірге қайнасып, өріліп, біртұтас құбылыс туғанымен, тарихи роман қос бұлақтың көзінен тамыр тартады. Тарихи мазмұны оны тарих ғылымына жақындатады да, көркемдік формасы сөз өнері туындыларының бәрімен бауырластырады. Тарихи романның өзіндік сипаты, басты шарты осы тарихи шындық пен көркемдік қасиетінің жігі ажырамас бірегейлік бітімінде жатыр. Мұның мәнісі – өнер туындысына негіз болған тақырыптың тарихи кезең, тарихи оқиғаның нақтылығында, деректілігінде. Бұл тарихи шығарманың характері, мінезі, жалпы сәулеті. (Серікқалиев З. «Ақ жол». А.,1990,157 б).

Жазушы І.Есенберлин құжаттар мен тарихи деректерді сұрыптауға әлемдік әдебиеттің дәстүрін негізге ала отырып, ежелгі аңыздарды, ауызекі әңгімелерді, халықтық мифологияны көркем шығармада шығармашылықпен игеру барысында көп жаңалықтар, өрістер ашты. Нәтижесінде тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық-роман шежіре, не болмаса роман – хроника үлгісін тудырды. І.Есенберлиннің тарихи романдары тарихи танымды қалыптастырудағы кеңестік қазақ тарихнамасындағы олқылықтардың орнын толтырып, қазақ оқырмандарының тарихи пайым-түсініктерін, тарихи зердесін қалыптастырып, тарихи санасын тәрбиелеуде өлшеусіз зор үлес қосты.

І.Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихи романдар жанрындағы көшбасшы ғана емес, сонымен қатар, терең психологиялық және әлеуметтік прозалар жазған көрнекті қаламгер.

Оның «Айқас» (1996), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Алтын құс» (1972), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974), «Маңғыстау майданы», «Аманат» (1978), «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар» (1983), «Аққу құстың қуанышы» (1984) романдары шын мәнінде қазақ прозасының көркемдік көкжиегін кеңейткен туындылар деп есептейміз.

«Қатерлі өткел» – қазақ зиялыларының ұлт үшін жанкешті күресін, рухани таңдауын, ішкі трагедиясын бейнелеген шығарма. Ілияс Есенберлин кеңестік цензураны айналып өтіп, кейіпкерлер арқылы ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін көркем тұрғыда ашуға тырысқан.

Романдағы Ақан образы – Алаш қайраткерлерінің жиынтық бейнесі. Ақан – ұлт үшін күрескен, отарлыққа қарсы тұрған, саяси күресті мәдени- ағартушылықпен үйлестірген қайраткер. Бұл образда Әлихан Бөкейханның саяси салмақтылығы, ұлттық автономия идеясы, Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі мен рухани күресі көрініс табады.

Романдағы Бүркіт бейнесі – ұлттың рухын көтерген, сөзбен майдан ашқан зиялы, қаламгер, Ақанның шәкірті. Мағжанның қуғындалуы мен Мұхтардың саяси қыспақтардағы тағдыры Бүркіт бойынан көрініс табады.

Осы романдағы Хасен деген ақын  – кеңестік билікке адал, ұлттық мүдде мен партиялық міндет арасында қалған қайраткер бейнесі. Хасен образының прототипі ретінде Сәбит Мұқанов бейнесі көрініс табады. Хасен бейнесінен Сәбит Мұқановтың шығармашылық және саяси жолымен үндес бейнені көреміз.

Жазушыға 1968 жылы «Айқап» романы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Жазушы алғаш рет ақын ретінде танылып, 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары, «Адамгершілік туралы әмір» өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэмасы» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) дастандары жарияланды.

І.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазған қаламгер. Ол К.Д.Ушинскийдің «Әңгімелер мен ертегілерін» (1945), М. Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» (1956) романын қазақ тіліне аударды. Қаламгер Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

Қорыта келгенде, оның қаламгерлік жолы қазақ тарихи романының дамуына зор үлес қосты. Есенберлиннің шығармалары ұлт тарихын терең қамтып, елдік пен ерлік рухын дәріптейді. Жазушының әдеби мұрасы ұлттық сананы оятуға, жас ұрпаққа ел тарихын танытуға зор ықпал етті. Ілияс Есенберлин – қазақ тарихын көркем тілмен сөйлеткен дара жазушы. Оның қаламгерлік жолы – адал еңбек пен шығармашылық табандылықтың үлгісі.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар