Жаңа қоныс қуанышы, қаланы көркейтетін «Көкшалғын» жобасы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ақмолалық паралимпиада спортшыларына жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етіп, чемпиондарды қоныс тойымен құттықтады. Содан соң, аймақ басшысы облыс орталығының орталық алаңдарының бірінде бастау алған «Көкшалғын» аллеясының құрылысының жүру барысымен танысып, мердігерлермен кездесті.

Көкшетаудағы апатты үйдің орнына жаңадан екі бірдей  45 пәтерлік  тұрғын үй бой көтерді. Бұл жоба тұрғын үй қорын жаңарту жөніндегі өңірлік бағдарлама аясында жүзеге асырылып, қала халқының өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Осы үйдегі жаңа пәтерге паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев пен былтырғы ойындардың күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов ие болды. Аймақ басшысы спортшыларды құттықтай келген жергілікті атқару органдарының өкілдері мен қоғам белсенділері және аймақтың үздік спортшылары алдында құттықтау сөз сөйлеп, олардың өз жетістіктері арқылы ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан спортшыларды әлеуметтік қолдаумен, әсіресе, инклюзивті спортты дамытуға жыл санап көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталып өтті.

–Бүгін біз паралимпиадада ел абыройын асқақтатқан саңлақтарымызға жаңа пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Бұл жай ғана жайлы баспана емес, бұл Ақмола өңірінің спротшыларға деген ерік-жігері мен Отанға деген адалдығы үшін білдірген алғысы. Ізгіліктің мұндай үлгісі жастарға шабыт береді, олардың рухын көтереді және инклюзивті спорттың дамуына жол ашады. Спортшыларды қолдау – біздің мемлекеттік және әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі, – деді Марат Ахметжанов.

Давид Дегтярев Францияда өткен XVII жазғы паралимпиада ойындарында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пара пауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алған болатын. Сөйтіп ақмолалық жерлесіміз өз мансабында екінші рет Паралимпиада ойындарында жеңіске жетті. Бұған дейін ол Токиодағы пара ойындарда топ жарған еді.

– Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Спортшыларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау оларға жігер береді әрі сенім ұялатады. Қазір алда болатын лицензиялық әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Бұл жарыс келесі Паралимпиадаға жолдама беруі мүмкін, – деді Давид Дегтярев журналистерге берген сұхбатында.

Ал, Париж паралимпиадасының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов болса, нысана көздеуден тәуелсіз еліміз тарихында тұңғыш медаль алған пара спортшы. Ерекше толқынысты сәтінде бұл спортшының да бізбен қуанышын бөлісуін сұрап, бір-екі ауыз лебізін жазып алдық.

– Мен отбасым, үш балам бар. Бұл баспана біз үшін зор қолдау. Алдағы уақыттарда әлем чемпионаты мен Азия параойындары өтеді. Қазір мен оған барымды салып дайындалып жатырмын. Облыс басшылығына спортшыларға көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдіремін, – деді Еркін Ғаббасов.

Көкшетау қаласында абаттандырудың ауқымды жобасы «Көкшалғын» жаңа аллеясының құрылысы бастау алды. Жоба аясында Сағдиев көшесі, «Тәуелсіздік» алаңы, Даңқ аллеясы және «Жеңіс» саябағы жаңартылады. Облыс әкімі құрылыс алаңдарындағы қыза түскен жұмыстарды өзі тексеріп, мердігерлерге жұмыстарды сапалы әрі уақытында тапсыруды міндеттеді.

Жобаны жүзеге асырумен халықаралық білімі мен тәжірибесі бар архитектор Роман Шнайдерман жетекшілік ететін «Envicon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Ол аймақ басшысына жобаның жай-жапсарын айта келіп, абаттандырылатын аумақтың ұзындығы екі шақырымды, ал жалпы аумағы шамамен 7 гектарды құрайтынын атап өтті.

Барлық қоғамдық кеңістіктер қала орталығынан жаңа жағалауға  дейін біртұтас жаяу жүргіншілер жолы арқылы біріктірілетін болады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, әр нысан өз қызметтік маңызын сақтай отырып, жаңа мазмұнмен толығады және олардың сәулеттік, тарихи ерекшеліктеріне ешбір зиян тимейді.

– Жеңіс» саябағы мемориалдық мәртебесін сақтайды. Мұнда құрғақ субұрқақ орнатылып, орталық бөлігі гүлзарлармен көмкеріледі. Жобада саябақтың қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан екі шеткі аумағын жандандыру қарастырылған. Ал, «Тәуелсіздік» алаңы жан-жақты абаттандырылып, үш жаңа субұрқақ, заманауи суару және жарықтандыру жүйелері, сондай-ақ, балалар мен воркаут алаңдары орнатылады. Алаң барша тұрғындарға қолайлы әрі ашық демалыс орнына айналады», – деді Роман Шнайдерман өз сөзінде.

Абаттандыру жұмыстары аясында шамамен 300 түп ағаш отырғызылады. Бұл жасыл желек қоғамдық орындарды бір композициялық арнаға біріктіріп қана қоймай, қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреті сетте: параолимпиада.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар