Шырағын исламның өшірмеген

КӨРНЕКТІ ДІН ҚАЙРАТКЕРІ СӘДУАҚАС (СӘКЕН) ҒЫЛМАНИДЫҢ ТУҒАНЫНА – 135 ЖЫЛ

Жиырмасыншы ғасырда жасап өткен ұлт зиялыларының ішінде өзінің лайықты бағасын алып, халыққа бар бітім-болмысымен таныла алмай келе жатқан тұлғалардың бірі – Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани. Аз сөзбен түйіндеп айтар болсақ, Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани Қазақстан мұсылмандары Қазиатының 1952-1972 жылдар аралығындағы қазиы болды.

Ол уақытта Діни басқарма Өзбекстанда болған-ды. Ғұлама дінтанушы, қоғам қайраткері, ақын, ағартушы-күрескер, аудармашы, фольклоршы, Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған  Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани  атеизмнің дәуірлеп тұрған шағында «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітапша жазып, Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін даярлап, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздар әзірлеген-ді. Әйгілі шығыс дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазақшаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға атсалысқан. Ел аузынан ескілікті би-шешендер сөздерін жинап даярлаған. Бөгенбай ұрпағы Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. Ең бастысы, алғашқы болып 110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша түсіндірме сөздік құраған.

Міне, Сәкен халфе сол уақытта осындай ұшан-теңіз жұмыс атқарған еді. Өкінішке орай, бұл кісіні өзінің жерлестері мен жақын танитын қайсыбір адамдар және дінге қатысты орта болмаса, былайғы жұрт біле бермейді.

Оның себебі, шығармалары кеңес уағында әдеби айналымға түсіп, ақын ретінде танылған кісі емес. Өлеңдерінен басқа, діни тақырыпқа жазған тәрбиелік-танымдық еңбектері, аудармалары мен арабша-қазақша сөздігінің өзін жарыққа шығара алмаған. Екіншіден, ол уақытта мешіт төңірегіндегі адамдарға біз тек діни уағыздаған молла деп қана қарағанымыз тағы бар. Осының барлығы Ғылманидың халыққа танылуына кедергі болғаны анық.

Сәкен Ғылмани жоғарыда айтқанымыздай, тек ислам ілімі мен сара сөздің ғана көрнекті өкілі емес, сондай-ақ, «замана күйісінен жаңылған» аласапыранды уақыттағы топас саясаттың тоқпағын жеп, небір ауыртпалығын басынан кешіріп, «соқтықпалы соқпақтан» өткен тұлға.

Осы арада бірер ауыз сөзбен Сәкен халфенің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек. Ол кісі 1900 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы Малтабар деп аталатын ауылдың төңірегінде туған. Бұл ара Бапан, Саққұлақ билер заманында «Кіші отау» деп аталған (мұрағаттық құжаттарда солай көрсетіледі). Себебі, бұл төңірек ежелден Бөгенбай ұрпақтарының қонысы, батырдың көп ұлдарының бірінен тараған балаларының отау тіккен қонысы болса керек. Осы Малтабардан солтүстік шығысқа қарай «Естек ауылы» деген жұрттың орны жатыр. Сәкен халфе сол жерде дүниеге келуі мүмкін.

Енді Сәдуақас халфенің шыққан тегіне келер болсақ, арғы аталары башқұрт елінен Арқа жеріне келген діндарлар, кейін Ереймен жеріндегі Қанжығалы ішінде «естек» деген бір ата боп біржола сіңісіп кеткен. Бұл жөнінде халфе өзі:

«Бабамыз башқұрт ұру, түрік заты,
Еуропалық Бұлғаның дәмін татты.
Гүберне Самар деген зор бір шаһар,
Үйезге қарайтұғын Бүгілме атты.

Ауылды Деніс деген мекен етіп,
Тағдырдың басқа жазған бәрін күтіп.
Ғази атты атадан тарап өскен,
Сегіз туыс қатардан бәрі ержетіп.

Сол сегіздің біреуі біздің баба,
Шашқан ырызық тергізіп Хақ тағала.
Сарыарқаға дәм айдап кеткен шығар,
Тағдырдың айдауына бар ма шара?

Башқұрт, ноғай, түрік пен қазақ туыс,
Тарих жүзін көргенге бәрі әшкәрә.
Бәрі ағайын, бірінде бөтендік жоқ,
Жаралған бір зат емес жеке дара», –

деп өзінің арғы түбі Бұлға (Волга) бойынан, Самара шаһары жағынан екенін білдіреді. Ғази деп отырған арғы бір аталары Уфада мүфти болған екен дейді кейбір жазбаларда.

2010 жылы шыққан «Сәдуақас Ғылмани» атты кітаптың алғы сөзінде халфенің өзі жазған өмірбаянына сүйеніп былай дейді: «С.Ғылманидың таратуы бойынша, Бұлға (Волга) бойындағы Бүгілмедегі (Бугульма) Ғази атты бабасынан Мұхтар, одан Мұхамедияр туады. Мұхамедиярдың ұстазы Болгарияда діни білім алған Ғабдурахим атты ғұлама екен. Мұхамедияр сол ұстазынан Бұхараға барып діни білім алуға рұхсат сұрап, бір досын ертіп Орталық Азияға аттанады. Бірақ, жолшыбай қарақшыларға кездесіп, тонауға түсіп, қолда барынан айырылып қалады. Осылай жүргенде, Баянауыл-Қызылтау жерінің керуен тартқан адамдары (айдаболдар) кездесіп, соларға ілесіп қазақ жеріне жетеді. Керуеншілер Ереймен жерінен өткенде Қанжығалы елінің Құдайберді – Киікбай табынан шыққан Бозай баласы Қожаберген деген кісіге кездесіп, Мұхамедиярды сол адамға тапсырыпты. Діни білімі бар Мұхамедияр осы Қожабергеннің молласы болып қала береді. Ел іші жас жігітке «Сарымолла» деген жанама атау береді. Дегенмен, екі жігіт қазақ ішінде біраз болып, қаражат жинап, әрі қарай қайтадан Бұхараға аттанбақ болып жоспарлайды. Бірақ келесі жылы жұт болары сезіледі де, ел адамдары Мұхамедирға «жинаған малың текке қырылады, одан да үйленіп, осы жақта біржола қал» деген кеңес береді. Сөйтіп, Мұхамедияр Ереймен ішін жайлап жүрген бір Айдабол байының Ырыс деген қызын алып, біржола тұрақтап қалады.

Мұхамедиярды өз баласындай етіп отау түсірген Қожаберген: «Енді менің бес балам бар. Үлкендері – Жандар, Байсерке, ортаншысы Сарымолла (Мұхамедияр), кішілері – Азынабек, Жұмабек», – депті.

Тағдырдың айдауымен Ереймен жеріне келген Мұхамедияр осылай Сарымолла атанып, үйлі-баранды болып қала береді. Кейіннен Ерейментау өңірінің «указной молласы» атанып, халықтың бір сыйлы адамына айналады. Сарымолладан – Ахмет, Сәлмен, Рүстем атты үш ұл дүниеге келіп, оның Сәлменінен – Ғылман, Шапақ, Рахметолла атты үш бала тағы туады. Осы Ғылман – Сәдуақас (Сәкен) халфенің әкесі.

Алматыдағы Орталық мұрағатта «Дело о допуске казахов к исполнению должности мулл по волостям» деген істе (345 қор, 1 тізбе, 1772 іс) әр болыста «указной» молла болған Ысқақ Юсупов, Қожахмет Хамзин, Меңке Меңгелов, Мешітбай Бердіғожин Мұхамедияр Мұхтаров деген адамдардың аттары аталады. Осы Мұхамедияр Ғылманидың арғы бабасы.

Бір айта кетерлігі, бұл кісінің есімі қазір «Сәдуақас» деп жазылып жүргенімен, Омбыдан бері қарайғы ел іші оны «Сәкен халфе» деп біледі. Өзінің есімі жайлы халфе 1970 жылдары бір фотосуреттің сыртына мынадай өлең жолдарын жазған екен:

«Мен қария, сексен асқан ақын Сәкен,
Еркелетіп атапты солай әкем.
Шын атым азан айтқан – Сағирақадыр,
Мекенім Ерейментау өсіп-жеткен», –

дейді. Осыған қарап бұл кісінің шын есімі Сағирақадыр болып, ата-анасы, ел іші еркелетіп Сәкен деп кеткен бе дедік. Дегенмен, бір жазбасында өзі «азан шақырып қойған есімім – Сәдуақас» дейді.

Бір таңқаларлығы, Сәкен Ғылманұлы әрідегі Троицк пен Уфаға, тіпті іргедегі Қызылжарға немесе мына жақтағы Бұқарай-Шәріпке барып, үлкен діни білім алған кісі емес. Бар болғаны, Ерейментаудың Түйтеш-Тойғанкөл деген жерінде Ақтамақ халфе Ғосманұлы деген адам ашқан діни медреседе 6-7 жыл ғана оқыған. Бірақ, туа-бітті табиғи дарын иесі, зердесі зерек бұл адам көзі жұмылғанша бір академияның жасайтын жұмысына пара-пар іс атқарып кеткен. Қарап отырып, оның ғұламалығы мен қажыр-қайратына таңдай қақпасқа амалың жоқ. Бұл жөнінде Ерейментаудың тумасы, Ғылманидың өз замандасы Ақтан халфе Жақияұлы деген кісінің: «Біз ғылымның есігін қос қолымызбен итеріп ашсақ, ол есік Сәкеннің алдынан өзі ашылатын», — деген сөзінен Ғылманидың ғылым-білімге ерекше жақын, туа-бітті зейінді адам екенін байқауға болады.

Медреседен соң ел ішінде моллалық құрып, бала оқытып жүрген жас Сәкеннің тірлігі 1916 жылғы Ерейментаудағы ұлт-азаттық көтеріліске килігеді. Жазалаушы әскердің ел-жұртты қалай қан-жоса еткенінің куәсі болады. Бұдан соң іле-шала төңкеріс келіп, дала төсінде алмағайып заман орнап, ақ қашып, қызыл қуған күндер орнайды. Тағы да жазықсыз төгілген қан, тағы да шулаған ел, даланы шаңдатқан қарулы әскер. Қырғынға ұшыраған қалың елдің ішінде патша солдаттары атып өлтірген Сәкеннің өз ағасы Мұқан да бар еді.

Бұл кезде оның ұстазы, әрі ақылшысы Ақтамақ халфе Ғосманұлына да ел ішіндегі есерлердің қолы тиіп, біржола Ақмолаға қоныс аударып кетеді. Осы аласапыранның аяғы 1928 жылғы кәмпескеге ұласып, оның соңы ел ішіндегі қожа-молла атанған адамдарды аяусыз қуғындауға жалғасады. Аранын ашып ашаршылық жетеді. Бұл зауалдан Сәкен де сау қалмайды. Амалсыздан бас сауғалап елден кетуге тура келіпті.

Осы бір қасіретті күндер жайлы Сәкен Ғылманидың қызы, жасы тоқсаннан асып қайтыс болған Мүмина-Үкіжан апа былай деп еске алады: «…Қысым күшейген соң, Төренің ауылындағы мешіт-медресенің есігін жіппен байлап, үйімізден түк зат алмай, 1931 жылы 9 адам болып екі атпен ғана шыққанбыз. Ақмола қаласына келген күні екінті намазында әкемді ұстап алып кетті. Тамағымызға дейін тартып алды. Сол жерде бес адамымыз аштан өлді. Анам да ісіп-кеуіп қайтты. Әкем 57 күн түрмеге қамалып қалды. Анам марқұмды орыс зиратының жанына көмдік. «Ең болмаса балалары аман қалсын» деп бізді Жаңаарқа жағындағы туыстарымыз алып кетті. Әкем түрмеге түскенде, қасында Мусимов Әбдікерім деген азамат болыпты. Сол қайтыс болғанда, әкемнің бес уақыт намаз оқитынын біліп, Алланың әмірімен иманы оянған түрме күзетшілері оған қайтыс болған кісінің құжатын беріп, босатып жібереді. Әкем сол кісінің аты-жөнімен елден қиырда жасырынып тірлік кешті. Мен ұзақ уақыт Әбдікерімқызы Мусимова болып жүрдім», – дейді.

Омбы жағына барып, бөтен біреудің есімімен бой тасалап жүрген Сәкен бірер жылдан соң ел іші тынышталды-ау деген кезде Ерейментауға қайта оралып, Еңбек деген ауылда ұсталық етіп жүрсе керек. Бірақ бұл тірлігі де ұзаққа бармайды. Бір түні жанашыр біреу келіп: «Шамаң келсе қазір кет, әйтпесе құрисың», – деген суық хабар жеткізеді. Тағы да түнделете жаяулап Омбыға тартады. Осындай аласапыранды тірлік 1946 жылға дейін созылған екен.

Кеңес өкіметі 1943 жылы исламға қабағы сәл жібіп, Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасын ашуға рұхсат бергенін білеміз. Сәкен де 1946 жылы ел жақтан жылы хабар жеткесін Омбыдан қайта оралып, Ақмола мешітінің имамы болып тағайындалады. (Бұл қазіргі Астанадағы өзінің атындағы мешіт). 1952 жылы Қазақстан мұсылмандарының Бас қазиы, яғни, Ташкенттегі діни басқарманың біздің республикадағы өкілі болып тағайындалып, Алматыға қоныс аударады.

Заманның қиын-қыстау шағында соңына шам алып түскен тыңшылардан бой тасалай жүріп, қағазы мен қаламын қолынан тастамаған Сәкен Ғылманұлы қандай қасіретті кезеңде де мойымай, кез келген сәтті өлең етіп қағаз бетіне түсіріп отырған. Бүгінде ол кісінің өлеңдерін оқи отырып, өзінің өмір жолынан ғана емес, жалпы сол уақыттағы қоғамның тыныс-тірлігінен де талай мағлұматтар алуға болады.

Естуімізше Ғылмани аударған «Кәлилә мен Димна» дастанын арабтанушы Мұхит Салқынбай Ғылым академиясының қорынан тапқан көрінеді. Бұдан басқа Сәкен халфе ислам дініне қатысты 42 кітапша дайындап, өзге еңбектерімен бірге Ғылым академиясына тапсырған екен. Басқа да дүниелері өзінің іздеушісін күтіп жатқаны белгілі. Бұлардың барлығы алдағы күндерде Алла сәтін салса, елдің қолына тиер деп сенейік.

Ғылманидың ірі еңбегі – 110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша сөздігі. Кезінде сан босағаны тоздырып, жарыққа шығара алмаған осы мұрасының бір парасы 2005 жылы бір том болып басылып шықты дедік. Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Самал Төлеубаеваның айтуынша, баға жетпес бұл еңбек толықтай оқырмандар қолына тиюі керек. Сәкен араб сөздерін тек аударып қана қоймай, оның қалай оқылып, қалай пайдалану тәсілдерін көрсетіп, әдістемесіне дейін жазып кетіпті. Бұл оның араб грамматикасын жетік білгендігінің айғағы. Осы жөнінде халфенің тағы бір қызы Әминә апайымыз: «Әкем 1946-1966 жылдары бірыңғай сөздік жасауға отырды. Бұл инемен құдық қазғандай еді. Қайтқанша соны түзетумен болды, тіпті каракасын қойып отырғанда дүниеден озды», – дейді.

2005 жылы арабтанушы Мұхит Салқынбайдың жетекшілігімен Ғылманидың арабша-қазақша сөздігінің бір томы кітап болып жарық көрді деген ақпаратты оқыдық дедік. Одан соң белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзебекұлы Ғылманидың соңында қалған поэзиялық мұрасын жиыстырып, алғы сөз жазып, кітап етіп шығарды.

Осы кітаптың алғы сөзінде Д. Қамзебекұлы былай депті: «Дерек көздерінде «С.Ғылманидың «Діни педагогика» атты оқулық жазып, Махмұт Шалтуттың «Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ, «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние әзірлегенін айтылады. Әлбетте, жүйесімен іздестірілсе, ағартушының басқа да жазғандары табылуға тиіс».

Бұдан кейін, 2015 жылы авторлар тобының дайындауымен Сәкен халфенің «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихы» атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбекте әр жылдары Ғылмани өзі жинаған ауыз әдебиетінің үлгілері және Омбы, Көкшетау, Ереймен жерінен шыққан дін қайраткерлері жайлы деректер берілген.

Белгілі ғалым Ақжан Машани кезінде әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққан ғұлама екенін дәлелдемекке кіріскенде, бүкіл Қазақстанда арабшадан аударатын адам табылмай, Сәкен халфеге жүгініп, ол «Екінші ұстаздың» қажет болған еңбектерін қазақшалап, өлшеусіз еңбек сіңіргенін көп адам біле бермейді. Осыдан соң Машани Ғылманиды «ғылыми жетекшім» деп атаған екен.

Сәкен халфе сонымен қатар ислам дінінің үлкен теоретигі болғанын айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, ол сол заманда-ақ уахабизм, салафизм секілді біздің дәстүрлі исламға жат ағымдардың жақсылық әкелмейтінін айтқан тұңғыш адамдардың бірі. Сол уақытта Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасындағы кейбір адамдар жат ағымдағы діндерді Орталық Азия мен Қазақстанға кіргізуге әрекет еткені жазылады. Міне, осы кезде сол басқарманың Қазақстандағы өкілі және алқа мүшесі бола тұра, Сәкен Ғылмани бұған барынша қарсы болып, уахабшылар идеясын теріске шығаратын Мухаммад Махлуф деген кісінің «Құран сөздерінің мағыналарына жасалған анықтама» атты еңбегін аударып, салафизмнің негізін салушы Ахмад ибн Таимия бағытының қате екенін көрсететін 21 түрлі дәлел келтіріпті.

Сәкен халфе секілді адамдар қоғамның бет-бейнесі өзгеріп, дәуірлер алмасып жатқан өлара кезеңде қасиетті Ислам діні үшін алтын көпір болып, бүгінгі заманға жалғап кеткен.

Түйіндеп айтсақ, есімі жалпы жамағатқа кейінгі жылдары ғана белгілі болып жатқан Сәдуақас (Сәкен) Ғылмани сынды тұлғаға бағыштап айтылатын пікірлер де, берілетін баға да және мол мұрасының халық игілігіне айналар күні де алда демекпіз.

Сайлау БАЙБОСЫН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар