Дін мұратымен өмір сүрген руханият шырақшысы

КӨРНЕКТІ ДІН ҚАЙРАТКЕРІ СӘДУАҚАС (СӘКЕН) ҒЫЛМАНИДЫҢ ТУҒАНЫНА – 135 ЖЫЛ

Ертеректе елорданың Л.М.Гумилев атындағы университетінің «Отырар»  кітапханасында белгілі шығыстанушы ғалым, Ақмола өңіріне қарасты Ерейментау елінің тумасы Сәдуақас Ғылманидың «Заманында болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты жаңа жинағын талқылау бойынша республикаға белгілі ғалымдардың арнайы басқосуына қатысқан едік.

Бұл еңбек республикамыздың Шығыстану институты Ғалымдары кеңесінің шешімі бойынша қазақ-ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Жауапты шығарушылары: Ә.Қ.Муминов пен А.Дж.Франк.

Жиында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы ел арасында Сәкен халфе атанған – Сәдуақас Ғылманидың білімі, қиындыққа мойымаған өр мінезі, дін жолындағы ұшан-теңіз еңбегі жайлы түсініктеме айтумен қатар, оның халқымыздың игілігіне өте қажет мол мұрасы жөнінен де мағлұмат берген-ді.

Белгілі тарихшылар мен әдебиетшілер арасынан суырылып сөз сөйлегендер ішінде танымы терең кітапты шығаруға бар күш-жігерін салған Әшірбек Муминов та болды.

Алматының Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында көп жылдар бойы еңбек еткен, Сәдуақас Ғылмани шығармалары бойынша 1970 жылы диссертация қорғаған ғалым Болат Ешмұхамедұлы Көмеков те тарихи тұлға өмірінің бүгінгі жұртқа белгісіздеу тұстарын ашып айтты.

«Біле білсеңіздер, Сәдуақас атамыз Өзбек елінің Бұхара шаһарындағы айтулы медреседе дәріс берген жан. Кеңес дәуірінде сол ағайын ел мүфтиятының басшысы Зиядин Бабаханов сол кісіден оқығанын аса мақтаныш тұтып, өз жерінде өткен барлық алқалы-кеңестерге шақыртып отырғанын біз ұмытпауға тиістіміз. Оның білімі мұхит тәріздес, сондықтан, біз тұңғиыққа әлі де толық бойлай алмай жатырмыз» деген сөзі жұрттың жадында.

Ислам дінінің қазақ елінде өркендеуіне жол ашумен қатар, ол кісі оны бөгемек болған қара дүрсін білімсіз атеистерді де дәлелді сөздерімен мінеген кісі. Мысалы, белгілі жазушы М.Тоқжігітовтың «Құран туралы ақиқаттар» кітабындағы келеңсіздіктерді ол өзінің 149 бет болатын («Клевета и нападки на Коран») монографиясымен кезінде қаймықпастан жоққа шығарды.

Сәдуақас Ғылманидың ғылым жолындағы тағы бір айтулы еңбегі «Қазақ-араб сөздігі» дер едік. Егер Ресей академигі В.Барановтың осы тектес «Орыс-араб» кітабы бар болғаны 40 мыңның маңында болса, Ғылманидікі 110 мың сөзді қамтыған екен. Бұл деректерді біз сонда профессор Дихан Қамзабекұлынан естідік.

– Сәдуақас қажы әлемдік деңгейдегі тұлға. Сөре-сөре боп жатқан қолжазбаларын мұқият зерделеу үшін әлі бірнеше буынның күш-қуаты қажет, – деді сол жолы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы. – Бірақ бұлар түбі бір-бірлеп шығатынына біз үлкен сеніммен қараймыз.

«Отырар» кітапханасында болған осы мәдени шарада заманымыздың оқымысты қауымының бірқатар өкілдері бетке ұстарлары Сейіт Қасқабасов, Серік Негимов, Ғарифолла Есім, Амалбек Мұқышев, Қайырбек Кемеңгерұлы, Жамбыл Артықбаев, Талғат Жанайдарұлы және С.Ғылманидың жасы 93-ке келген қызы Үкіжан апай да өз пікірлерімен бөліскен еді.

Жанартаудай жігері қызу, ойы нұрлы жанның өмір жолына келсек, ол ес білгеннен туған халқына қызмет етуді өзіне басты мақсат қылған. Бұралаңы көп, байламы жоқ аумалы-төкпелі кезеңдер жігерлі жанға аз сынақ жасаған жоқ.

Сәдуақас Ғылмани қажы жас кезінде Ереймен-Сілеті еліндегі көптеген мешіт-медреселердің жұмысын жандандырған. Ғалымдар келтірген деректерге қарасақ, бұл елде жыл сайын 100-150 шәкірт білім нәрін алып отырыпты.

Ғалым ата осы қолжазбаларында өзін білім жолына түсірген Ақтамақ халфе, оның туған жері Ерейментау, оқыған шаһарлары Троицк, Қызылжар, Уфа туралы бірсыпыра қызықты мәліметтер келтіреді.

Ереймен өңірінде ашылған медреселерде оқуға бүгінгі Павлодар, Омбы, Баянауыл, Көкше мен Қарағандының, соған жақын жатқан ауылдарынан арнайы көп шәкірттер келген. Бірақ, білімділердің бастауымен халыққа қызмет етіп тұрған осы мешіт-медреселердің бәрін дерлік 1916 жылғы көтерілісте ақ патшаның жазалаушы әскерлері қасақана өртеп жіберген.

Ғалым бабамыз елмен бірге болып, күші тең келмейтін қиян-кескі ұрысқа қатысады. Бұл шайқас ғалымның ет жақындарына да оңай болған жоқ. Соның кесірінен олар Омбыға дейін қоныс аударуға мәжбүр болды.

Халық арасында кең тарап кеткен «Самалтау» әні Сәдуақас Ғылманидың туындысы екенін біреу білер, енді бірі білмес. Ертеректе  Ереймендегі әншілер бұл әнді жиі орындайтын. Қазіргі кезде Димаш Құдайбергеновтің өңдеуімен бұл шығарма бүкіл жұртшылықтың сүйікті әніне айналды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ даласындағы Ислам діні туралы жазған тың еңбегінде діннің ерекше дамыған өңірі Арқа жері, қазақтың теріскейде жатқан аймақтары деуі бекерден-бекер емес. Ол әсіресе, Ереймен-Сілеті өңіріне, одан шыққан ойшылдарға көп тоқталған. Белгілі ғалым Серік Негимов мұны растап, С.Ғылманидың зерттеуінде көрсетілген қалың Қанжығалыдан тараған аталардың әрбір тарихи тұлғаларына тоқталып өтті.

Сәдуақас қажы аттары ел аузынан түспей келе жатқан, тағдыры даулы болған Науан Хазірет, Исабек ишан, Мәшһүр Жүсіп, Қожа Ахмет Хазірет, Көшмұхаммед молла, Сәлмен қажы сияқты тағы көптеген қыр қазақтарының маңдай алды мақтаныштары жайлы шынайы әңгімелер жазған.

Кеңестік дәуірде жазылған көркем шығармаларда оларға қара көлеңке аз түсірілмеген. Мысалы, Науан Хазірет туралы жаңсақ пікірді біз Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасынан жақсы білеміз.

Сол ғұламалардың ғұмырын зерделеген ғалым бабамыз олардың елге сіңірген еңбегін барынша айшықтап беруге көп ой толғағаны көрініп тұр. Науанның ислам діні жолындағы еңбегі айрықша. Еліміздің ішкі ынтымағы, бірлігі, ұлттық сыйластық, қасиеті мен тілі сол адамдардың орасан еңбегінің арқасында сақталып қалды. Соның негізінде қазақтың дәстүрлі діні, өмірлік қағидалары мен өлшемдері бүгінгі ұрпағына жетті. Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» қоғамдық кеңесінің ұйғарымымен екінші рет шығарылған бұл кітапта Сәдуақас қажы Сарыарқа жерінен суырылып шыққан, бірақ, елеусіз қалып қойған 59 дін қайраткерлері туралы барынша толымды мағлұмат беруге тырысқан. Зерделеп оқыған кісі оны айқын аңғарады. Ішінде өмірде өзі көргендері де аз емес. Солардың дуалы ауыздарынан шыққан сөздер оқырманын бей-жай қалдырмайды. Ерейменнен шыққан Тоқаң Хазіреттің: «Ғұламалардың мәжілісі – жұмақ», Мұқат молланың: «Қиындықпен түзеген тұрмыстың рахаты мол болады» деген қанатты сөздері қазақ халқының тәубешілдігін, сенімін аңғартады.

Ғалым қазақ елінің мұратымен өмір сүрген дарынды ақындар Олжабай Нұралыұлы, Ералы Саққұлақұлы, Үмбетей жырау шығармаларын жинақтап, ұрпақтарына оны мұра ретінде қалдырды. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жерін қорғаған айтулы батырдың ұрпақтары сол заманда қудалауға түскені өз алдына, одан да сорақысы, олар шет жаққа – Каспий мен Ертіс бойына қарай жер аударылып еді. Игі жақсылардың қасында болған, солардың шапағатын көрген Сәдуақас қажы да қара тізімге алдымен іліккен-ді.

Әділдік елімізге тек егемендікпен бірге ғана келді. Астана қаласына бір кездері басшылық жасаған Иманғали Тасмағамбетов пен Төлеген Мұхамеджанов Сәдуақас қажы ұзақ жылдар бойы имам болған орталық мешітке оның есімін бергізуге көп еңбек сіңірді. Ал, діндардың 1946 жылы өзі салған ескі мешітінің ғимараты бертін келе мұражайға айналды.

С.Ғылмани 20 жыл бойы Қазақстан Діни басқармасына жетекшілік жасаған. Көрнекті қоғам және дін қайраткерінің ақындығы мен аудармашылық қасиеттері ерекше-тін. Ол Қазақ Ғылым академиясының тапсырысымен әл-Фараби шығармаларын арабшадан қазақшаға тікелей аударды. Жалпы, Ислам діні туралы 45 кітап шығарған екен. Жасаған әдістемелік оқулықтары да аз емес.

Ерейменнің жоғарыда айтқан рухты батырларынан осы кейінгі айтулы дін қайраткерінің өмірде жасаған ерлігі бірде-бір кем емес деп ойлаймын. Дәлірек айтсам, олар шын мәнінде қазақ елінің, киелілігі мен ерекшелігін көрсеткен біртуар жақсылары мен жайсаңдары бола білді.

Кейуана Үкіжан Сәдуақасқызының сөзімен келтірсек: «Ғылмани – дін мен дәстүр қағидасын әуелден-ақ берік ұстанған. Сыйымы кең сыр сандыққа ұқсаған ақынжанды терең кісі болған».

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар