Адал қызметі үшін алғыс

Сот жүйесі

Ризабек Құдиярұлы Қонысбаев сот жүйесінде 25 жылдан астам уақыт бойы облыстық соттың аға сот приставы болып жұмыс істеді. Осы көктемде ол 63 жасқа толды.

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ұжымы Ризабек Құдиярұлын туған күнімен және құрметті демалысқа шығуымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін аянбады. Оған себеп те көп. Әркімнен үлкен моральдық және кәсіптік міндеттерді талап ететін пристав лауазымында Ризабек аға күн сайын жоғары кәсіби және адамгершілік қасиеттерімен көзге түсіп, жас әріптестеріне үлгі бола білді.

Жұмысында ұстамдылығымен, кәсіби адалдығымен, шыдамдылығымен және мұқияттылығымен ерекшеленді. Ризабек аға нағыз еңбек адамы. Себебі, еңбек жолын 17 жасынан совхозда қарапайым жұмысшы болып бастап, училище, техникумда білім алып, әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын атқарғаннан кейін тракторшы, бригадир болды, шаруа қожалығымен айналысты.

Ал, 1999 жылдан бері облыстық сотқа көлік жүргізуші болып қызметке орналасып, одан әрі сырттай университетте оқып, жоғары заң білімін алды. Кейін осы мамандығы бойынша облыстық соттың маманы және аға сот приставы болды.

Сот приставы өзіне жүктелген міндеттерге сай, сот отырысы залдарындағы, сондай-ақ, соттың бүкiл ғимаратындағы тәртiптi қадағалайды, қауiптiлiк белгiлерiн дер кезiнде танып, барлық оқиғаларға және сотқа келушiлерге тиісті назар аудара біледі.

Ризабек Құдиярұлы құқықтық әдебиетті көп оқып, өз қызметінде тек заң аясында әрекет етуге шебер машықтанған жан. Ұзақ жылдар бойы жұмысын адал атқарып, еңбекте танытқан қажыр-қайратының арқасында небір абырой биігінен көрінді. Оны көптеген Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталғанынан анық аңғаруға болады. Міне өмірге құштарлығы мен табандылығының арқасында қатардағы жұмысшыдан осындай жауапты қызметке көтерілген Ризабек Құдиярұлы да өзінің бұл дүниеге бір кірпіш болып қаланғанын сеніммен айта алады.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар