Зеренді ауылында заңсыз шетке шығарылған қаражаттың елге қайтарылуы есебінен заманауи спорт мектебі салынып, ашылу салтанаты өткізілді. Жаңа спорт мектебінің ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл іс мемлекеттік саясаттың басымдық берілген бағытының бірі екендігін атап айтып, соның арқасында жаңа жобалардың жүзеге асып жатқандығын мәлімдеді. Салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстан Республикасының бас прокуроры Берік Асылов елге қайтқан қаражаттың көптің игілігіне жаратылып жатқандығына баса тоқталды.
Бір кезде заңсыз шет ел асқан қыруар қаражат шымшымдап елге қайтарылып, игілікке жаратылуда. Бір жақсысы мұндай қаражат әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталуда.
Тұтастай алғанда өңірде спорт нысандары көптеп салынуда. 2024 жылы 17 жаңа спорт нысаны салынды. Бүгінгі күні 10 заманауи спорт ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Бір айта кетерлігі, жаңа спорт мектептері еліміздің атын шығарған спортшылар туып-өскен жерлерге салынуда. Ілкідегі «тұлпар аунаған жерде түк қалады» дегендей, ел мерейін өсірген майталман спортшылардың кіндік қаны тамған топырақта алдыңғы толқынның жолын қуатын жасөспірімдер де аз емес.
–Бүгін біз үзіліп түскен моншақтай сайын Сарыарқаның төсінде орын алып отырған ғажайып оқиғаның куәсі болып отырмыз. 2022 жылдан бастап елімізде шетке шығарылған активтер қайтарылуда. Заң қабылданды, арнайы орган құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, бұл қаражат ел игілігіне жаратылуы керек. 2024 жылы елімізде 707 миллиард теңге қайтарылған болса, 240 миллиард теңгеге 333 әлеуметтік және коммуналдық нысандар салынуда. Соның бірі осындай елге қайтарылған қаржыға салынып отырған алдарыңыздағы спорт мектебі, – деді Берік Асылов, – қомақты қаржының әр тиыны болашаққа жұмыс істеуі керек.
Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ақпаратына қарағанда, Зеренді ауылындағы спорт мектебінің құрылыс жұмыстары ширақ жүргізіліп, қысқа мерзімде жүзеге асырылған екен. 2025 жылдың қаңтар айында құрылыс жұмысын бір жылдан аяқтау туралы келісім-шартқа қол қойылған. Енді міне, небары бес айда мектеп алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдауға тап-тұйнақтай дайын. Спорт мектебінде күрес, бокс, ауыр атлетика, жалпы дене тәрбиесі, сондай-ақ, шаңғы спортымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Жаттығу алаңдары жаңа заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медицина кабинеті жұмыс істейді.
Өңір тұрғындары еңсесі биік, әсем, жайлы спорт мектебіне жоғары баға беруде. Бір айта кетерлігі, бұл жалғыз зеренділіктердің ғана емес, тұтас өңірдің тұрғындарының игілігі үшін атқарылған шаруа. Бұл жерде облыстың барлық жас спортшылары жаттыға алады. Демек, буырқанған бұла күшпен, спортпен айналысуға деген ынта-ықыластың шымырлап қайнап, ширығатын орталығы. Ғимарат алты мың шаршы метр жерді алып жатыр. Бір мезгілде 90 адамды қабылдай алады. Өзге аудандардан келіп спорт мектебінде оқу-жаттығу жиындарын өткізетін жас спортшыларға арналған 48 адамдық жатын корпусы бар.
Спорт мектебінде 42 адам жұмыс істейді. Толық қуатына көшкен кезде 73 адам жұмыспен қамтылмақ. Жаңа спорт кешені өңірдегі спортты дамытудың қуатты тетігі болмақ.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
![]()

