Ел тарихында орны бөлек ұлт ұстазы

Алаш арыстары

Қазақ тарихында елінің бірлігі, жерінің тұтастығы мен халықтың болашағы үшін өмірін аттың жалында, түйенің қомында өткізіп, ата-бабадан мұра етілген ұлан-ғайыр аумақты ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғап қалған небір ерлер өткен, жыраулар, ақындар өткен. Бұл қатарда  халқы үшін жанпидалықпен өмір кешкен Алаштың арыстары да бар. Солардың ішінде бірі де бірегейі де Ахмет Байтұрсынұлы еді.

Болашақтың тек күшпен ғана шешілмейтінін болжап, елді білім-ғылымға, мәдениетке, өркенитке шақырған, сол үшін басын қатерге тіккен Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен орынды, бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен суарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр шуақ себумен өткен ағартушы.

Қалың ұйқыдағы халқының қамын жеген үлкен ақын, түн ұйқысын төрт бөлген талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес елдер тұлға тұтқан, қоғам ісіне араласқан қоғам қайраткері.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың қыркүйегінде бұрынғы Торғай уезі, Тосын болысының Ақкөліндегі Сартүбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында дүниеге келген. Текті тұқым мен жақсы тәрбиеден, құнарлы топыраққа түскен дән тәрізді Ахмет те тумасынан зейінді де зерек бала болып өседі.

Оқуды арман еткен зерделі жас алдымен, Торғайдағы екі сыныптық  орыс-қазақ училищесін бітіріп, содан соң Орынбор қаласындағы мұғалімдер дайындайтын қазақ мектебін 1895 жылы тәмамдайды. Ахаңның ресми алған жүйелі білімі осымен шектеледі. Алайда, Ахаң көтерілген биіктен оның тағылымы мол тамаша өміріне көз жүгіртіп байқасаң, білімдар ұстаз, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, тағы сол сияқты болу үшін институт бітіріп, атақ-лауазымды болу тіпті қажет емес сияқты. Табиғат сыйлаған дарынның арқасында Ахаң онсыз да бір адамның қолынан келмес кереметтей істер тындырды. Ол істері сан-салалы, сан алуан, ағартушылық, оқу-білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, тарих, тағылым, тағы сол сияқты.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Оған дейін де қазақ даласында Әл-Фараби, Абай, Шоқан, Ыбырай Алтынсарин сынды марқасқалар өтті. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлының оларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да тұстары бар. Ахмет Байтұрсынұлы Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне бұлардың ешқайсысын да танып, олардың еңбектерін оқып, солармен сусындады деуге болмайды. Сондықтан да, олардың өткен жолдарын өздігімен жүріп өткен білімдар. Білімдарлығының арқасында бұрынғыдай қиқулап атқа мініп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен көп мән шықпайтынын толықтай түсінген тұлға.

Ахмет Байтұрсынұлы бірінші кезекте халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі, ұлттың мемлекеттігі жолында жан аямаған күрескер.

Ақысын жібермейтін дәрежеге жеткенше қазаққа қай жағынан болса да теңдік жоқ. Бұл заманда қолы жетпегенді теңдікке жеткізетін өнер-білім. Сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үлгерсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяғының астында жаншылмас едік. Біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік. Осыларды істей алып отырған жұрттың бәрі де басында бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқу талаптана келе осыған жеткен.

Ұлттық сананы заманға лайықтап қайта қалыптастыруға жұрт болып жұмылмақ шарт. Жаңару жаппай жұмылмаса жүзеге аспайды. Жиғанды тойға, білгенді дауға шашып, ауыз бірікпейді. Ұлт мүддесі – үлкен міндет. Үлкен іске көп кісі керек. Көпті күшті билік жияды.

А.Байтұрсынұлы жан-жақты, әдеби-ғылыми шығармашылығы мен ұстаздық, қоғамдық қызметінде қандастарына осыны терең ұғындыруға ұмтылды. Бұл қасиеттер оның ұлттық мемлекет, билік жолындағы жүйелі күресіне керекті білім, тәжірибе, бедел жиып бере алды. Ол ұлт тәуелсіздігі жолындағы «Алаш» қозғалысының орталық тұлғасына айналды. Тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасақтасты.

«Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі болғандықтан, ұлттық автономия мәселесін бірінші болып талқыға салуға мұрындық болған Ахмет Байтұрсынұлы еді. 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен жалпы-қазақтық бірінші құрылтайда  Міржақып Дулатұлымен бірігіп, «Автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін» құруды ұсынды. Бірақ, құрылтай Әлихан Бөкейханов ұсынған «демократиялық федеративтік және парламенттік, Ресей құрамындағы қазақтың ұлттық территориялық автономиясы» идеясын қолдады.

Осы жерде айта кететін жайт, ел бірлігі үшін Әлихан Бөкейхановпен бірігіп, Ресей құрамындағы Қазақ Автономиялық Республикасының территориясын бекіту үшін Әлихан Ермековты дайындап, В.И. Ленинмен қиын да ұзақ келіссөз жүргізіп, қазіргіден әлдеқайда үлкен территорияны бекітіп алғаны белгілі.

Ахмет Байтұрсынұлының ағарту ісіндегі, әдебиет пен ғылымдағы, әлеуметтік қызметтегі табандылығы, білімдарлығы түрікшілердің де, орысшылардың да, қазақшылдардың алдында үлкен беделінің арқасында қазақтарға көпұлтты Ресей құрамында таптық негіздегі автономия берілді. Қалған Орта Азия халықтарына Түркістан құрамында автономия берілді. Кейін Қазақ автономиясы дербес республика болып жарияланды, Түркістан Республикасының құрамындағы жерлер қайтып берілді. Қазақ халқының дербес мемлекеттікке хақылы екендігі заң жүзінде мойындалды. Бұның бәріне Ахмет Байтұрсынұлының тікелей еңбегі сіңді.

Елінің ертеңі үшін жанқиярлықпен еткен еңбегі, ұлтжандылығы, биліктегілерді бейжай қалдырмасы белгілі. Қарқаралыда ағартушылық жұмыспен айналысып жүрген Ахаң, жолдасымен 1907 жылы тұтқындалып, абақтыға жабылды. Семейде сегіз айдан бері ешқандай тергеусіз, сотсыз, тас қамауда жатқан Ахаң ақыры, қазақ өлкесінен бір жарым жыл мерзімге  Орынборға жер аударылды. Ол сонда 1917 жылдың соңына дейін тұрады. Бұл сапары оның өміріндегі ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдары. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы баспасөз бетінде ойларын айтып, бастауыш мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады.

Қазан төңкерісін үмітпен күткен, қуанышпен қарсы алған Ахаң жаңа Үкімет мүшесі, Оқу-ағарту халық комиссары, Бүкілресейлік ВЦиК мүшесі, тағы сол сияқты маңызды қызметтер атқарды. Бірақ, Ахаңның ақ ниетінен арамдық іздеген қара  ниеттілер оған аттап қадам бастырмады. Ол бұрын патша чиновниктерінен, болыс, жандарм, тілмаштардан қоңқы жесе, енді бостандық туының астында бірге жүрген жерлестерінен, қызыл жағалылардан көресінді көрді.

Қазақстанға Ф.И. Голощекиннің келуімен «Кіші Октябрь» халықты ашаршылық пен босқындыққа ұшырататынын алдын ала білген Ахаңдар дабыл қаға бастаған. Оның сөзіне құлақ асудың орнына «төңкеріске кері  әсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл Алаш партиясының бұрынғы көсемінің бірі» деп 1929 жылы 4 маусымда қамауға алынды. 1929 жылдың шілдесінен 1931 жылдың қаңтарына дейін Мәскеудің «Бутыркасында» отырып, Архангельск облысының түкпіріне жер аударылады. Бұдан М.Горькийдің зайыбы Е.П. Пешкованың араласуымен мерзімінен бұрын босатылып, 1934 жылы елге оралады.  Бірақ, бұл бостандық ұзаққа созылмады. Небары үш жылда, 1937 жылы  11 тамызда қайтадан қамауға алынып, ақыры, атылды.

Осы жерде айта кететін бір адами қасиет, қазақ зиялыларының көбісі басқа ұлттан әйел алғандығы. Ахаң да солардың қатарында болды, бірақ, бір ерекшелігі, алған әйелі орыс ұлтынан болғанымен, мұсылман дінін қабылдап, атын қазақшалап, мұсылманша некелескен жары өле-өлгенше Ахаңды сыйлаумен өтті. Қаншама азапта, қуғын-сүргінде жүрген Ахаңның еліне, халқына деген сүйіспеншілігін өте көп әдеби мұрасының ішінен бір шумақ өлеңінен білуге болады.

– Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, 

Қазіргі кезде Ахаңның артындағы мұралары жинақталып, 12 томдық жинағы шығып, елдің оқуына, танысуына ұсынылған. 2022 жылы туғанына 150 жыл толуы атап өтілді, дегенмен, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін насихаттау тек мерейтойларында емес, күнделікті өмірде тоқтамай жүргізілуі керек.

Осыған байланысты республикалық  «Егемен Қазақстан» газетінде 2024 жылғы 2 шілдеде шыққан мақаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов Ахаңның ғылыми мектебі жайлы жақсы талдау жасап, жүйелі пікір келтірген екен. Содан үзінді келтіре кетейін:

« — Ғылыми мектепке тән ерекшеліктері:

— ортақ идея, тақырып, көзқарас жүйесін ұстанатын қауымдастық және көшбасшысы болуы;

— ортақ әдіснамадан  өрістейтін ғылыми принциптері мен критерийлері;

— негізгі мақсаттан өрістеген ортақ зерттеу құндылықтары;

— ортақ ғылыми проблематиканы шешуге өте белсенділік, аса ынталылық;

— әлеуеті өте жоғары және адами қасиеттерге бай тұлғаның төңірегіне топтасуы».

Ахмет Байтұрсынұлының және оның ізбасарларында жоғарыдағы сипаттардың барлығы дерлік болды. Ахаң өз ізбасарлары үшін ғылыми көшбасшы ғана емес адамгершілігі мол тұлға еді. Осындай ғылыми мектепке тән негізгі қасиеттерінің барлығы өзіне тән болғандықтан, Ахаңды ғылыми мектептің негізін қалаушы тұлға ретінде бағалаймыз. «Ұлт ұстазы»  деудің мәні осы мәселелермен орайлас деуге болар. Ахаңның әліпбиді жазуы, тіл және оқу құралдарын жазуға, тұтас ұлттың сауаттануына жол ашуы, оны ұлттың алғашқы ұстазы деңгейіне көтереді.  М.Әуезов айтқанындай «Ахаң ашқан қазақ мектебі Ахмет Байтұрсынұлының «қазақ  ғылымының үш саласының басында тұрады: тіл мектебі, әдебиеттану және әдістеме салалары.»

Алаш көсемі, ұлт ұстазы, тәлімгер оқымысты ретіндегі  адами қасиеттері Ахаңның есімін қазақ халқының тарихына атын алтын әріппен жазғызды.  Кезінде Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, сөз зергері Әбіш Кекілбаев Ахаңды «Кемеңгер» деп бағалаған екен, мен де осы мақаламда сол бағытты ұстандым.

Ерғали ДІЛДӘБЕК,
Қосшы қалалық мәслихатының депутаты.

сурет: upload.wikimedia.org

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар