Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали ауданның ағымдағы жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісті.
Целиноград ауданы Ақмола облысындағы халық тығыз қоныстанған әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Үйлесімді жұмыспен қамтамасыз етілгеннің нәтижесінде, барлық салаларда да аудан экономикасының тұрақты өсімі байқалып отыр. Мәселен, жыл басынан бері ғана аудан экономикасына 34 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға артық.
–Өнеркәсіп секторы қарқынды дамуда. Тау-кен өндірісі саласындағы нақты көлем индексі 25 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 138 пайызды құрап отыр. Жалпы өндірістік өнеркәсіп көлемі 26,7 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайыздық өсім көрсетті. Бүгінде ауданда 2025-2028 жылдарға арналған 58 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «Biolife proprevit» эко-сүт өнімдері және «Агрофирма «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің роботтандырылған сүт фермасы секілді бірегей жобалары бар,–деді аудан басшысы өз баяндамасында.
Ауыл шаруашылығы бұл өңірдің де стратегиялық бағыттарының бірі екені сөзсіз. Ауданда бұл саладағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 17 миллиард теңгеге жеткен. Егіс көлемі 261 мың гектарға дейін ұлғайып, майлы дақылдар алқабы 30,5 мың гектар аумаққа себіліпті. Минералды тыңайтқыштар көлемі 4 мың тоннаға жетіп, аграршылар 2 миллиард теңгеден астам қаражатқа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Сонымен қатар, өңірде жыл басынан бері 47 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 14,4 миллиард теңгені құраған. Ақмол ауылында 45 пәтерлі тұрғын үй тапсырылып, тағы 10 үйдің құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, аудан басшысы өңірдегі жол мен жарық мәселелеріне де тиісінше назар аударылып жатқанын жеткізді. Мәселен, бұл мақсатқа 19,5 миллиард теңге бөлініп, бүгінде ауданның шалғай елді мекендерінде 25 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ, өңірде 698 миллион теңгеге көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Тоғыз ауылда ауыз су желілері жаңартылуда. Бүгінде тұрғындарды сумен жабдықтау деңгейі 56 пайызды құрайды. Газдандыру жұмыстары аясында Нұрлы мен Шұбар ауылдары газға қосылды. Жыл соңына дейін тағы төрт елді мекен Қоянды, Аққайың, Талапкер және Ыбырай Алтынсарин ауылдары газбен қамтамасыз етіледі, – деді әкім өз баяндамасында.
Оның айтуынша, өңірдің Қараөткел, Қажымұқан ауылдарындағы электр желілерінің құрылысы жалғасуда. Жыл басынан бері 577 адам жұмыспен қамтылып, 44 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл да бұл мақсатқа 8,3 миллион теңге бөлініп, халықтың осал топтарына әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Сондай-ақ, өңірде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жеті жаңа мектеп салынып, мектеп тапшылығы 8 есеге қысқарған. Бүгінде 3 мектепке ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 24 мәдениет үйі, 14 кітапхана, 233 үйірме жұмыс істейді. Жуырда «Әлия» спектаклі сахналанып, халық жоғары бағасын берді. Алдағы уақытта жаңадан 8 мәдениет үйінің құрылысы жоспарланған.
–Бүгінде ауданда бұқаралық спортқа басымдық берілуде. Қазіргі уақытта өңірде 99 спорт нысаны үздіксіз жұмыс істеп тұр. Соның арқасында ауданның 38 мыңнан астам тұрғыны жүйелі түрде спортпен айналысады. «Жастар» спорт мектебінде 1208 бала жаттығады. Ауданда 44 денсаулық сақтау нысаны бар. Алдағы уақытта тағы қосымша 16 жаңа медициналық мекеме салынады, – деді әкім.
Брифинг қорытындысында біз аудан экономикасының барлық бағытында тұрақты даму көрсеткіштері орын алып отырғанын байқадық. Ылайым осылай болғай.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

