Тарифтік саясатты реттеу бағыты ұсталуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Андрей Шевченконың брифингі болып өтті.

Ол ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстағы монополия субъектілерінің қызметіне бақылау күшейтілгенін мәлімдеді.  Сондай-ақ, табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы брифинг барысында тарифтік саясатты реттеу мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын қадағалау бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтып берді. Қазіргі таңда облыста 65 табиғи монополия субъектісі бар, олар 151 түрлі қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы аталған субъектілерден 146 есеп қабылданып, оларды талдау нәтижесінде жалпы сомасы 1,86 миллиард теңгеге жуық инвестициялық және тарифтік міндеттемелердің орындалмағаны анықталған.

2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы кезінде жеткіліксіз жылу берілгені үшін тұтынушыларға 44,2 миллион теңге көлемінде қайта есептеу жүргізіліп, артық төленген қаражат кері қайтарылды.

2025 жылға жалпы құны 22,7 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламалар жоспарланған. Бұл қаражат 2683 шақырым инженерлік желілер мен 1807 дана жабдықты жөндеуге және жаңартуға бағытталмақшы, – деді Андрей Олегович.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың 11 ақпанынан бастап тұрғын үй алаңы мен тұтыну көлеміне қарай сараланған әлеуметтік тұтыну нормалары енгізілді. Жаңа жүйе тұрғындарды энергия мен ресурсты үнемдеуге ынталандыруға бағытталған. Бүгінде бұл норма алты табиғи монополия субъектісі арқылы жеті түрлі қызметке енгізілген.

Алғашқы жарты жылдың ішінде департамент тарапынан монополия субьектілеріне 11 әкімшілік іс қозғалып, 14,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар, 3 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 3 ұйғарым шығарылған. Оның біреуі орындалып, қалған екеуі әлі іске асырылу сатысында тұр.

–Біздің басты міндетіміз – тарифтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың құқықтарын қорғау. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі тұрақты түрде жалғаса береді, – деді Андрей Шевченко өз сөзінің соңында.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар