Сібір жарасының теріге шығатын түрі тіркелді

Суыт хабар

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы Атбасар ауданында Сібір жарасы ауруының тіркелу фактілерін растады.

Қазіргі таңда ауылдың бес тұрғыны облыс орталығы Көкшетауда қалалық инфекциялық бақылау орталығында ем алып жатыр. Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Атбасар ауданында Сібір жарасының бес жағдайы тіркелген.

–Зертханалық зерттеулер жасалып, эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тексеру жүргізілді. Ошақ аумағында дезинфекциялық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, ветеринариялық бақылау комитетінің қызметкерлері Шұқыркөл ауылдық округіне барып, мал соятын орын дайындады, – дейді департамент басшылығы.

Ведомствоның мәліметінше, 9 сынама алынып, оның ішінде 3 сынама оң нәтиже көрсеткен. Бүгінгі күні барлық науқастар ауруханаға жатқызылған, жағдайлары тұрақты.

–Індет шыққан орын механикалық тазартылып, дезинфекцияланып, қалдықтар толық жанғаннан кейін көмілген. Шұқыркөл ауылдық округінің аумағында жұқтырған малмен бірге 350-ге жуық бас мал жайылған көрінеді. Қазір сол малдың бәрі қораларда, жайылымға шығарылмады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Сібір жарасын жұқтырған бес адамның жағдайы жоғарыда атап өткеніміздей, тұрақты деп отыр.

–Қазір бес науқас Көкшетау қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Оларды санавиация көлігімен облыстың бас штаттан тыс инфекционисі барып қарап, ауданнан облыс орталығына жеткізді. Келген кезде науқастардың дене қызуы жоғары болды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақтанды. Жаралары жазылып келеді, – дейді басқарма мамандары.

Ауру ошағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, денсаулық сақтау органдары, ветеринарлық инспекция, полиция және жергілікті атқарушы органдар мамандарының қатысуымен эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Зертханалық зерттеулер ұйымдастырылып, эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тексерулер іске асырылды, ошақ маңында дезинфекциялық шаралар өткізілді.

Сібір жарасына қатысты тергеу жүріп жатыр.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар