Ашиды жаның!..
Өкінішке орай, қазіргі заманда ауыр есірткі түрлерімен қатар, кәдімгі дәріханалар арқылы таралатын құрамында улы заттары бар дәрі-дәрмектер де аса үлкен мәселеге айналды.
Қолға оңай түсетіндіктен, жастар арасында мұндай дәрілерді еш қиындықсыз сатып алып, есірткіге әуестенушіліктің арты нашақорлық дертіне әкеліп соғып жатқаны да шындыққа айналып отыр. Қоғам өміріне бұл тек медициналық қауіп қана емес, жыл сайын көптеген адамды нашақорлықтың құзына қарай итермелейтін аса үлкен қатер болғандықтан, қоғам тарапынан үлкен алаңдаушылық бар. Есірткіге тәуелділіктің адамның жасына, әлеуметтік жағдайы мен біліміне де қарамайтындығын ескерсек, мәселенің тым өзекті екені айдан анық көрінеді.
Мамандар мұндай қауіпті дәрі-дәрмектердің тек дәріханалар мен емдеу мекемелерінде ғана емес, кәдімгі үйлердің подъездерінде, мектептерде тіпті, қарапайым отбасыларында да кеңінен таралып дамып жатқанын айтып дабыл қағуда.
Түйткілді мәселе елордалық облыс мәртебесіне ие Ақмола өңірінде де аса өзекті болып тұр. Бұған замана індеті нашақорлық дертіне шалдыққан адамдардың бұрынғы жылдармен салыстырғанда еселеп артуы айқын дәлел болып отыр. Тек жыл басынан бері ғана облыс аумағында дәріханалардан заңсыз түрде алынған рецептуралы психотропты препараттарды сатып алған 53 адам қолға түскені мәлім болды.
Бұл аса ауыр есірткі түрлерімен қатар, дәріхана арқылы таралатын нашақорлықтың да іс жүзінде аса үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын айғақтап береді. Ерекшелігі сол, ауыр есірткі түрлері қолға оңай жолмен түспейтіндігімен әрі бағасының қымбаттығымен қолжетімсіз болса, дәріхана арқылы таралатын есірткі жасөспірім балалар мен жастардың да оңай жолмен алуға болатындығымен аса зор қауіп тудырады. Өйткені, дәріханалық препараттарға тәуелділікке ұшыраудың арты көп жағдайда аса ауыр есірткі түрлерін тұтына бастайтын алғашқы қадамға айналатыны мәлім болып отыр. Бұл өз кезегінде одан әрі нашақорлыққа тәуелділікке жеткізетіні белгілі болып отыр.
Облыстық прокуратура қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының мамандары дәріханалар арқылы ашық саудаға түсіп, есірткіге еліткендердің «оңай олжасына» айналатын, есірткілі препараттар жастардың болашағына аса зор қауіп төндіріп жатқанын ашық айтып отыр.
–Өкінішке орай, бәрі кәдімгі қарапайым дәріханаларда емін-еркін түрде сатылып жатқан дәрі-дәрмектер арқылы кеңінен таралып жатқанын атап өтпеске болмайды. Мәселен, дәріханаларда самсап тұрған трамадол таблеткаларының өзінің құрамында кодеин шәрбатының аса мол болатыны анықталып отыр. Мұндай дәрі-дәрмектер дәріханалар арқылы тіпті балаларға дейін қолжетімді. Есірткіге еліткендер мұндай дәрі-дәрмектерді заңды өрескел түрде бұза отырып, дәріханалардан-ақ сатып ала алады. Сонымен қатар, «Бармақ басты, көз қысты» жолмен де қажет адамды тұтынушы еш қиындықсыз тауып, құрамында есірткісі бар дәрілерді қолға түсіре алады, – дейді Ақмола облысы прокуратурасының ресми өкілі Меруерт Байболова.
Мамандар мен құқық қорғау саласының өкілдерінің айтуынша, құрамында есірткі түрлері бар дәрі-дәрмектердің осылайша таралуы, әсіресе, жастар арасында оның қолжетімді әрі қауіпсіз жолмен алуға болады екен деген жалған сезім тудырады. Заң алдындағы жауапкершілік пен өзінің алдағы өмірі мен болашағына аса зор қатер төндіретінін ескермегендіктен, бұл есірткіге еліткендердің көбеюіне себеп болған.
Сала мамандарының пікірінше, дәріханалар арқылы таралатын құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмектерді тұтынудың алғашқы кезеңінде адамның бар тәні босаңсығандай сезініп, рахаттана бастайды. Одан әрі тұтыну мөлшері де көбейе береді. Одан әрі ағзаның өзі мұндай дәрі-дәрмектерге әбден еті үйреніп, әдеттегідей қалыпты жағдайға айналады. Тіпті, есірткі құрамды дәрілерді тұтыну ешқандай да әсер етпегендей күй кешеді. Сондықтан да, дәл осындай сәттерде есірткіге тәуелділікке ұшыраған адамдардың көпшілігі дәріханалық жолмен таралатын дәрі-дәрмектерді қойып, айтарлықтай күші жоғары тіпті заңмен тыйым салынған есірткі заттарын да іздей бастайтыны мәлім болды.
Осылайша, бүгінде емін-еркін таралып жатқан дәріханалық нашақорлық түптің-түбінде шынымен де нашақорлықтың аса ауыр түрлеріне тәуелділікке әкелетін «қақпаға» айналған. Яғни, бір қарағанда, зәредей де зияны жоқ болып көрінгенімен, есірткі құрамды дәрі таблеткалары адам тағдырының тас-талқанын шығаратын тозақ билетіне айналып шыға келеді.
Көп жағдайда мұндай мәселелер дәріханаларда тек рецептілік жолмен ғана берілетін дәрі-дәрмектердің тамыр-таныстық арқылы тіпті, кейде ештеңе сұрамастан-ақ босатылып, бақылаусыз түрде сатылатыны аса үлкен қиындық тудырады. Бұл өз кезегінде заңның өрескел түрде бұзылғанымен қоймай, қоғамның қауіпсіздігіне аса зор қатер төндіре бастайды. Әсіресе, дәрі-дәрмектің мұндай түрлері бесіктен белі енді ғана шыққан жасөспірімдер мен қоғамның әлжуаз топтарынан шыққан жастардың қолына түскен жағдайда оның өмірі мен денсаулығының талқанын шығаруы әбден мүмкін екені айтпаса да түсінікті.
Елімізде адам ағзасына аса қатты әсер ететін психотропты немесе басқа да есірткінің аса ауыр түрлерінің сатылымы да замана көшімен ерекше қатты қарқынмен таралып әрі дамып жатқанын ескерсек, оның ең алғашқы сатылары, яғни, дәріханалық жолмен таралатын нашақорлықтың тамырына балта шабу қажеттігі айқын сезіледі. Бұл орайда, аса күшті әсер ететін психотропты және есірткі заттарының заңсыз сатылуына айыппұл түрінде, ал, фармацевтикалық саланың қызметкерлері үшін лицензия әрекетін мүлде тоқтатуға дейінгі жауапкершіліктің қарастырылғанын атап өткен жөн.
Мұндай жаза өз кезегінде есірткі заттары мен дәрі-дәрмектерін сатпастан бұрын дәріхана фармацевтерінің артын ойлауына ықпал етеді. Ал, егер дәріханадағы құрамында есірткі заттары бар дәрі-дәрмектердің кәмелет жасына толмаған балаларға немесе аса ірі көлемде сатылған жағдайда жазаның одан сайын қатаңдатылатынын атап өткен жөн.
Сондықтан, дәріханалық нашақорлық – ол тек жай ғана медициналық диагноз емес, оның бүгінгі қоғам үшін аса үлкен әлеуметтік қасіретке әкеліп соғатын қатер екенін де естен шығармау қажет. Есірткінің емін-еркін түрде кәдімгі дәріханалар арқылы таралуына немқұрайдылықпен қараудың арты біртіндеп жақсылыққа апармайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр.
Облыс прокуратурасы дәріханалық нашақорлықтың таралуының алдын алу және жою тек құқық қорғау органдарын ғана алаңдатып қоймай, әрбір қоғам мүшесінің оған бейжай қарамау қажеттігіне назар аударып отыр.
–Бұл орайда есірткіге тәуелділікке ұшырататын емдік препараттардың рецептісіз сатылу фактілерін байқаған жағдайда дереу хабарлаудың аса маңызды екенін естен шығармаған жөн. Ертерек дабыл қағылған жағдайда адам тағдырын арашалауға неғұрлым мүмкіндік те болмақ, – дейді Меруерт Бекетқызы.
Расында да нашақорлық дертінің алдын алуда оның дәріханалық жолмен таралуына тосқауыл қою аса маңызды болып отыр. Бұл орайда, заң қағидаларының қатаңдатылуы мен солқылдақ тұстарының түзетілгені жөн. Тек сонда ғана балалар мен жасөспірімдер арасында емін-еркін өріс алып жатқан дәріханалық нашақорлықтың тамырына балта шабыла ма деген үміттеміз…
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет: matritca.kz
![]()

