Мен сені сағынып жүрмін, бауырым!..

Еске алу

Міне, менің өмірімдегі ең жақсы және сенімді досым болған үлкен ағам Амангелді Жүсіповтің (Жүсіп) қайтыс болғанына бір жыл өтті. Ол менен он бес жас үлкен еді. Біз оны ешқашан атымен атаған емеспіз, құрметпен Әтәй дедік.

Ол 1941 жылы ақпанда Шортанды аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ахмет Жүсіповтің және Мұхтарипа (Пүштан) Омарованың отбасында дүниеге келген. Біз әкем, анам, анамның анасы Айша, кейінірек әкемнің әпкесі Күлшат -Аптай, Қабдолла аға, Әтәй, Қайыргелді аға, әпкелерім Әлия, Мәрия, Торғай және мен әрқашан үлкен, тату отбасында өмір сүрдік. Әкем Еңбекшілдер, Көкшетау аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді,  үйде өте қарапайым еді, тіпті, бос уақытында біздің аяқ киімдерімізді жөндейтін. Анам бүкіл отбасына киім тігіп, барлығы бірге үй шаруашылығымен айналысты. Анам шығармашылық адамы еді, оның жасаған көрпеше, жастықтарын біз әлі күнге дейін қолданамыз. Ахмет пен Пүштанның барлық балалары жоғары білім алды. Қайыргелді КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Амангелді КСРО еңбек сіңірген өнертапқышы, Әлия жоғары санатты дәрігер акушер-инеколог болды. Олар біздің отбасымыздың мақтанышы және бәрімізге үлгі еді.

Бала кезімізден біз үлкен ағамыз Әтәйдің қамқорлығын сезіндік, ол демалысқа келгенде бізге тәттілер мен ойыншықтар әкелетін, менде әрқашан соңғы маркалы пистолет болды. Менің есімде, ол бір кездері  екі пластмассалық қылыш пен маска әкелген. Бала кезімде мен хоккеймен айналыстым, «Юность» балалар хоккей командасының қақпашысы болдым. Әтәй менің осы құмарлықтарымды біліп, маған нағыз қақпашы маскасын сыйлады, менің балалық қуанышымда шек болмады. Әтәй суретке түсіргенді жақсы көрді, соның арқасында біздің отбасылық мұрағатымыз қалды.

Әтәй институтта оқып, оған қоса, шахтада жұмыс істегеннен кейін Көкшетауға оралып, Көкшетау механикалық зауытына инженер-конструктор болып жұмысқа орналасты. Ол қарапайым инженерден Көкшетау аспап  жасау  зауытының директорлығына дейін көтеріліп, көптеген рационализаторлық ұсыныстар берді, оннан астам өнер табыстарды енгізді және КСРО Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалін және «КСРО еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын алды. Сол зауыттың еңбек мектебінен барлық жақын туыстарымыз өтті, ағам қамқорлық жасап, оларды жұмысқа алатын. Әтәй суретті керемет салды, оның пейзаждары мен портреттері біздің туыстарымызда ескерткішке қалды. Біз ағамыздың суретші екенін де мақтан тұттық.

Біздің әтәйдің сұлу тәтеміз Рима Сембинамен үйлену тойы  да есімде, отбасында үш жігіт Дәулет, Асан (қазіргі табысты кәсіпкерлер) және Талғат (қайтыс болды) өсті. Әтәй бала кезімде мені электроникаға қызықтырды, мен Қазақ политехникалық институтына автоматика және телемеханика факультетіне оқуға түсуге шешім қабылдадым, бірақ, тағдырдың жазуымен Ташкент электротехникалық байланыс институтында оқыдым. Мұнда мен өзімнің махаббатым Дафнимен кездесіп, отбасын құрдым, екеуміздің ұлдарымыз Арман мен Бекжан дүниеге келді. Сөйтіп, біз Өзбекстанда 25 жылдан астам тұрдық. Осы жылдары маған ағаларыммен қарым-қатынас жетіспеді. Мен ағайындарыммен бір қалада жиналамыз және олар менен әлдеқайда үлкен болса да, достығымызда шек болмайды деп армандадым. Шынында, бірақ жылдар өткен сайын жас айырмашылығы жоғалады екен. 2004 жылы жұбайым екеуміз ақыры, Қазақстанға оралдық. Менің Қайыргелді ағам балық аулауға және бильярдқа, ал, Әтәй аң аулауға құмар болды. Сондықтан, мен Қайыргелдімен балық аулауға, Әтәймен аңға шығып тұрдым, біз сондай-ақ, бірге преферанс ойнадық. Біздің әкеміз керемет бильярдшы және преферансшы болды, қазір оның барлық балалары ақылға құрылған осы ойындарды ойнайды.

Бірақ, бақытымыз ұзаққа созылмады 2010 жылы Қайыргелді ағам қайтыс болып, Әтәй екеуміз ғана қалдық. Біз аң, құс  аулауды жалғастыра бердік. Әтәй маған әкемнің 16 калибрлі мылтығын мұра етіп қалдырды, Мен оны Жүсіповтардың келесі ұрпағына қалдыруға уәде еттім. Әтәй мерген болды және жақсы жасырына білді. Біз аңшылықтан шаршап, олжамызға риза болып оралатынбыз. Қоскөл көліндегі лай, батпақ бойымен жүз метрден астам резеңке қайықты сүйреп апарғанымыз, сол көлде мұзбен тесілген қайықта суға батқанымыз, Жалтыр көліндегі боранда  адасып кеткеніміз, Жолдыбай көліндегі мұзды жарып, малмандай су болғанымыз, жұлдызды аспан астындағы кешкі асымыз, автокөліктегі преферанс, бәрі де  күні кешегідей есімде. Мен ағаммен оның соңғы күндеріне дейін кез келген төтенше жағдайдан аман шығатынымызға сенімді болдым.

Біз аптасына кемінде екі рет Әтәйдің ұлы Асанның «Европласт» зауытында біздің өтінішіміз бойынша салынған бильярд залында бильярд ойнайтынбыз. Бильярдтағы ең жоғары жетістігіміз ағамызбен бірге Көкшетау қаласының 63 жастан асқан бильярдшылар құрама командасының сапында Қазақстан чемпионатына қатысуымыз болды. Осыны көрсе,  біздің ұстазымыз әрі ағамыз Қайыргелді бізді мақтан тұтар еді! 2020 жылы Әтәй короновируспен қатты ауырды, 2024 жылы оған тағы бір сырқат қосылды, сөйтіп, 15 шілдеде дүниеден өтті. Мен сені қалай сағындым десеңші. Жатқан жерің жарық болсын, Әтәй!

Болат Жүсіпов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар